Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысын өткізді

0

Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесі мемлекет пен оның халықаралық серіктестері арасындағы стратегиялық ықпалдастықтың сенімді платформасы ретінде алдағы уақытта да қызмет көрсете беретінін атап өтті.

– Аталған форум жиырма жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда инвестицияға бағдарланған экожүйе қалыптастыруда маңызды рөл атқар­ып келеді. Біз Кеңестің белсенді қаты­суымен елімізде инвестициялық ахуалды жақсартуға, ашықтықты арттыруға және кәсіпкерлік жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған кешенді реформаларды одан әрі жалғастыруға ниеттіміз,-деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, сарапшылар таяу жылдары жаһандық ІЖӨ өсімі шамамен 2,9 пайызға дейін баяулайтынын болжап отыр.

– Бүгінде инфляциялық қысымның күшейгені, жаһандық жеткізу тізбе­гіндегі кедергілердің және іскерлік ор­тадағы бағдарсыздықтың артқаны байқалады. Мұндай үрдістер әлем эко­номикасының перспективасын нашарлата түсуі ықтимал. Бұл халықаралық сындарлы диалогтың қажет екенін көрсетеді. Қазақстан секілді елдердің экономикасы осындай сын-қатерлер кезінде сыртқы дағдарыстарға төтеп бере алды. Биылғы бес айда Қазақстан экономикасы 6 пайызға өсті. Оған көлік және логистика, құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі және өңдеу салалары көп үлес қосты,-деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірін­ше, Қазақстанның стратегиялық тұр­ғы­дан орналасуы, адами капиталы және реформаларды жан-жақты жүр­гізуі инвесторларға да, ұлттық эко­номикаға да мол мүмкіндік береді. Президент инвесторлардың мәселесін «осы жерде және дәл қазір» қағидаты бойынша жедел шешуге бағытталған Инвестициялық штаб қызметіне тоқталды. Аталған штаб 70 миллиард долларды құрайтын 137 инвестициялық жобаға қолдау көрсетті. Сондай-ақ заңнамаға инвесторлардың проблемасын жүйелі түрде шешуді көздейтін 140 түзету енгізуге бастамашы болды.

Инвесторлар құқығын қорғауға арналған арнайы «прокурорлық сүз­гі» механизмі енгізілді. Биылдан бас­тап мемлекеттік органдар Бас проку­ратураның алдын ала келісімінсіз ин­весторларға қатысты тексеру жүр­гізуге, әкімшілік іс қозғауға, талап арыз беруге немесе қандай да бір шектеу қоюға құқылы емес.

– Біз Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны іске қостық. Ол инвести­цияларға қатысты мемлекеттік қызмет­терді «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіріп, кеңес беруден бастап рұқсат алуға дейінгі барлық үдерісті қамтиды. Бұдан бөлек, іскерлік белсенділікті ынталандыру және экономикаға жеке инвестиция тарту үшін жаңа Салық кодексі Сенат қарауына енгізілді. Құжат жергілікті өндірісті дамытатын инвесторларға мақсатты жеңілдіктер беруді және қосылған құны жоғары өнім экспорттаушыларды қолдауды қарастырады,-деді Президент.

Мемлекет басшысы инвесторлар­мен ықпалдастықтың перспективалы бағыттарына, атап айтқанда, Қазақ­стан­ның индустриялық әлеуетін дамыту мәселесіне тоқталды.

– Тау-кен саласы-еліміздің өңдеу өнеркәсібінің негізгі тірегі болып қала береді. Қазақстан тау-кен өнеркәсібі мен металлургияның жаһандық маңы­зын түсіне отырып, инвесторларға ашық, жан-жақты заңнама арқылы тұ­рақ­ты әрі қолайлы юрисдикция қалып­тастырды. Жүргізіліп жатқан рефор­малардың нәтижесінде еліміздегі гео­логиялық барлау жұмыстарына әлем­дік ірі ойыншылар – Rio Tinto, Fortescue, Ivanhoe, First Quantum және Tech Resources компаниялары келді. Жаңа Салық кодексінде шикізатты ел іш­інде терең өңдеуді ынталандыратын роялти тәртібі қарастырылады. Еліміздің бай минералды-шикізаттық базасы, жер қой­науын пайдаланудағы заманауи заңнамасы мен ашық салық жүйесі жа­һан­дық тізбектегі маңызды минералдарды жеткізу бойынша стратегиялық орнымызды қамтамасыз ететініне сенімдіміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның шикізатты терең өңдеу және жаңа буындағы өнеркәсіптік өндіріс құру жолында батыл қадам жасағанына назар аударды. Мемлекет басшысы Қазақстан теміржол саласына арналған машина жасау бойынша Wabtec, Alstom және Stadler компанияларымен табысты ынты­мақтастық орнатқанын жеткізді. Атап айтқанда, Alstom компаниясы елімізде сервистік орталықтар салып, 2028 жылдан бастап локомотивтердің жаңа буынын шығаруды жоспарлап отыр. Wabtec компаниясы балама отынмен жүретін жылжымалы құрамға 200 миллион доллар инвестиция құйды. Ал Stadler Rail кәсіпорны өндірістік қуаты жылына 100 вагон шығаратын зауыт салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің жоғары әлеуе­тіне тоқталды. Еліміз егістікке және жайылымға жарамды жер көлемі жағы­нан әлемде алтыншы орынды иеленеді, сондай-ақ астық экспорты бойынша жетекші он мемлекеттің қатарына кіреді. Мемлекет басшысы PepsiCo, Fufeng Group және Dalian Hesheng сияқты шетелдік инвесторлардың табысты қызметін мы­салға келтіріп, олардың жергілікті өнімге тұрақты сұраныс қалыптастырып, озық технологияларды енгізіп жатқанын айтты.

Президент Қазақстанның көлік инфрақұрылымын кешенді жаңғырту арқылы стратегиялық транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға баса мән беретінін жеткізді.

– Жоспарға сәйкес, 2029 жылға дейін 11 мың шақырым темір жол жаңғыртылып, жаңа 5 мың шақырым темір жол салынбақ. Биыл «Достық- Мойынты» учаскесінде жалпы ұзындығы 830 шақырым болатын темір жол іске қосылады. Жоспарланған мерзімінен екі жыл бұрын пайдалануға берілген стратегиялық маңызды бағыт өткізу қабілетін бес есе арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты-Қызылжар», «Алтынкөл-Жетіген» секілді бірқатар дәліздерді кеңейтуді көздеп отырмыз. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы Қазақстанның темір жолдары арқылы өтетін жүк көлемін ұлғайтуға мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар автожол инфрақұрылымының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр. Былтыр «Талдықорған-Өскемен», «Қарағанды-Алматы» және «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» сияқты үш халықаралық ірі автожол қолданысқа берілді. Осылайша, еліміздегі халықаралық автокөлік дәлізі 1600 шақырымға артты. Бұл 2023 жылы ел игілігіне берілген жолдардан екі есе көп. Биыл Қазақстан бойынша 13 мың шақырымнан астам автожол салынып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі,-деді Президент.

Сондай-ақ Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа ха­лықаралық терминалдар ашылып, олардың өткізу қабілеті алты есе ұлғайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан­ның БҰҰ рейтингінде цифрландыру көрсеткіші бойынша әлемдегі көш­бас­шы 30 елдің санатына кіретінін еске салды. Президент 2018 жылдан бері елдегі финтех-компаниялар саны 4 есеге артқанын, криптобир­жалар мен төлем жүйелерін қоса ал­ғанда «Астана» халықаралық қаржы ор­талығында тіркелген компаниялар саны 4 мыңнан асқанын айтты. Мемлекет басшысы халықаралық серік­тестерді цифрлық және жасанды интел­лект инфрақұрылымдарын дамы­ту бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

– АХҚО Шығыс Еуропа мен Орта­лық Азия бойынша Жаһандық қаржы орталықтары индексінде бірінші орын­ды иеленеді. Сондай-ақ жасыл және цифрлық қаржы бойынша өңір­де көшбасшы саналады. Еліміздегі тран­закциялардың 89 пайызы қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады. Ал соңғы төрт жылда мобильді банкингті қолдану 460 пайызға өскен. Біз CryptoCity жаңашыл пилоттық аймағын құруды жоспарлап отырмыз. Онда тауар сатып алуға, қызметтер мен бас­қа да мақсаттарға криптовалютаны пайдалануға болады. Еліміз үшін жа­санды интеллектіні ілгерілетудің стра­тегиялық маңызы зор. Жасанды зерде мемлекеттің болашақ дамуының, бәсекеге қабілеттілігінің және цифрлық егемендігінің басты факторы, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен жеке сектор ара­сындағы ұзақмерзімді өзара тиімді ынтымақтастық тұрақты және инк­люзивті экономикалық өсімді қам­та­масыз етуде басты рөл атқараты­нына сенім білдірді.

Жиында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, ҚР Өнеркәсіп және құры­лыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «Қа­зақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков, Азия даму банкінің вице-президенті Бхаргав Дасгупта, VEON тобының бас атқарушы директоры Каан Терзиоглу, CNPC вице-президенті Чжан Даовэй, Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті Мартан Вожур сөз сөйледі.

Akorda
2025 жылғы 24 маусым

Leave A Reply

Your email address will not be published.