Мемлекеттік қызметші- ел мақтанышы
Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті-халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы еш уақытта ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда «қара қылды қақ жаратын» әділ болулары қажет. Олар елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Себебі, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты. Нақты айтатын болсақ, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу-жауапты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
Мемлекеттік қызмет мен үшін жауапты міндеттер жүктейтін, абыройлы лауазым болып табылады. Бүгінде әрбір арнайы-орта және жоғары білімі бар жас мамандарға мемлекеттік қызметке келу үшін оңай жағдай жасалған. Бұл қызмет түрі үміткерден небәрі жеткілікті білімді, құқықтық сауаттылықты, өнегелі тәртіпті, адалдық пен ар-намыс тазалығын талап етеді.
Жалпы мемлекеттік қызметші билік пен өз өкілеттіктерін қолдана білуі және адал болуы, ол өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеуі, мемлекет қаржысын өз қалтасымен шатастырмауы керек. Заң талаптарымен толық сәйкестікте өмір сүріп, кез келген орында, кез келген лауазымда қандай жағдай болса да халықтың, өз елі азаматтарының сенімін жоғалтпай, әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, адамдар арасында өзін ұстауға тәрбиелеу керек. Басшылық жасамас бұрын, бағына білуді үйренуі, өз қызметкерлерінен талап етіп отырғанын өзі орындай білуі керек, құқыққа қарсы әрекеттер көрсе, бей-жәй қалмауы тиіс.
Қазіргі біздің қоғам мемлекеттік қызметшілерден елдік және қоғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуін, өз күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін отанымыздың дамуына жұмсауын күтеді. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық жетілуі-тұтастай қоғам өзгеруінің алғышарты. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысы қоғамға үлгі болуы қажет. Ол үшін мемлекеттік қызметші кәсіби, тұлғалық ізгі қасиеттерді бойына жинақтап, іс жүзінде оның нәтижесі көрініп тұруы керек.
Түйіндей келе, мемлекеттік қызметші үшін «өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпай, мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасақ та дұрыс жауап беріп, шығарып салу» басты қағидаға айналуы тиіс.
Жаныс Арыстанбеков,
Түркістан ауылдық округі әкімі
аппаратының бөлімше басшысы