«БелАЗ» тізгіндеген білікті маман
Әр аймақтың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, маңдай терімен елге абырой әкелген тұлғалар қай кезде де тарихтың төрінен орын алатыны ақиқат. Осындай өнегелі өмірімен, адал еңбегімен дараланған жандардың бірі-тау-кен өндірісі саласында талай жыл жемісті еңбек еткен, ел арасында ерекше құрметке ие Жұмаділлә Төлегенұлы.
Ол 1959 жылы Түркістан облысына қарасты ежелгі тарихымен әйгілі, табиғаты көркем Кентау қаласының іргесіндегі Ащысай ауылында дүние есігін ашты. Қазақтың кең даласының қасиетті бір пұшпағында өмірге келген Жұмаділлә Төлегенұлының балалық шағы қарапайым, еңбекке жақын ортада өтті. Кейіпкеріміз жас күнінен бастап тіршіліктің ащы-тұщысын ерте сезініп, өмір мектебінен сүрінбей өтуге бекінді. Оның бойындағы еңбекқорлық пен табандылық қасиеттері жастайынан-ақ байқала бастаған. Мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындаған жеткіншек М.Горький атындағы №8 орта мектепте оқып, үлгілі тәртібімен, ұқыптылығымен көзге түскен. Мектепті тәмамдаған соң, әскер қатарына шақырылып, Украина жерінде азаматтық борышын өтеді. Әскерден аман-есен оралған соң, еңбек жолын туған ауылында көлік жүргізушісі болудан бастады. Сол бір жылдары көлік жүргізушісі болу тек рөлге отыру емес, елдің жүгін көтеріп, ауыл тіршілігінің күретамырына айналу деген сөз еді. Жұмаділлә Төлегенұлы бұл міндетті де үлкен жауапкершілікпен атқарды. Оның адал еңбегі мен ыждаһатты мінезі көпшіліктің назарын аудармай қоймады. Кейіннен өзінің қабілеті мен тиянақтылығы арқасында АТС мекемесіне жұмысқа орналасып, техникалық салада да өзін көрсете білді. Оның қажырлы еңбегі мен біліктілігі сол кездегі ұжым үшін үлкен үлгіге айналды.
1986 жыл Жұмаділлә Төлегенұлының өмір жолында жаңа бір кезеңнің басталуымен ерекшеленді. Дәл осы жылы ол Қазақстандағы өндіріс ошақтарының бірі, сол тұста қарқынды даму үстіндегі Жаңатас қаласына бет бұрды. Сол уақытта Жаңатас тек осы аймаққа ғана емес, тұтастай Кеңес Одағына даңқы жайылған шаһар еді. Мұнда өндіріс саласы қызу қарқынмен өркендеп, әрбір еңбек адамының маңдай тері мен табандылығы қоғамның қозғаушы күшіне айналып тұрған-ды. Осы ортаға келіп қосылған Жұмаділлә Төлегенұлы еш кідірместен «Қаратау» тау-кен өңдеу кешеніне жұмысқа орналасып, көп ұзамай жауапкершілігі мол маман ретінде танылды. Ол жүк көтергіштігі 130 тоннаға дейін жететін «БелАЗ» көлігінің тізгінін сеніп тапсырған санаулы азаматтың бірі болды. Мұндай алпауыт техниканы меңгеру-бұл жай ғана көлік жүргізу емес, бұл-темірмен тілдесіп, жер-ананың қойнауын қопарған еңбек эпопеясының алдыңғы шебінде тұру деген сөз. «БелАЗ»-ды жүргізу тек күш-жігер мен тәжірибені ғана емес, шексіз сабыр мен асқан дәлдікті, темірдей тәртіпті талап ететін еді. Осы қажырлы еңбегімен ол ұжым арасында үлкен беделге ие болып, әріптестеріне үлгі, кейінгі жастарға жол көрсеткен аға буын өкіліне айналды. Алайда, заманның тауқыметі ешкімді айналып өтпейтіні белгілі. 1990 жылдардың соңында елімізде басталған экономикалық дағдарыс толқыны көп саланы күйретіп, мыңдаған азаматты жұмыссыз қалдырғаны тарихтан белгілі. Терең тоқырау «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенін де айналып өтпеді. Тығырыққа тірелген өндіріс ошағынан Жұмаділлә Төлегенұлы да қысқартуға ұшырады. Бір сәтте тұрақты жұмыстан, жылдар бойғы қалыптасқан тірліктен қол үзуге мәжбүр болды. Бірақ ол тағдыр салған қиындыққа мойыған жоқ. Жастайынан еңбекпен шыңдалған, өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей татқан азамат қол қусырып қарап отырмады. Ел ішінде жұмыс табу қиындаған шақта ол туған өлкеден шалғайдағы өндіріс ошақтарына бет бұрды. Ақтау, Атырау, Алматы мен Шу қалаларында вахталық әдіспен жұмыс істеп, өз кәсібінен қол үзбей, нәпақасын адал жолмен тапты. Он бір жыл бойы туған жерінен жырақта жүріп, әртүрлі климаттық жағдайда, сан алуан ортада еңбек ету-екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен сынақ. Бірақ Жұмаділлә Төлегенұлы бұл кезеңде де мойымай, өмірлік тәжірибесін арттырып, қайсарлық пен төзімділік танытты. Ол үшін ең бастысы-адал еңбек пен отбасы амандығы еді. Міне, осындай биік мұрат жолында ол тынымсыз тер төгіп, өмірдің әр сынағынан абыроймен өте білді.
Уақыт-ұлы сыншы. Ол адамның өмір жолындағы әрбір қадамын, әрбір ісін екшеп, бағасын беріп отырады. Ал сол уақыттың таразысынан сүрінбей өткен азаматтар ғана нағыз еңбек адамы, елдің арқа тұтар тұлғасы атанады. Жұмаділлә Төлегенұлын сөзсіз осы санатқа жатқызуға болады. Тағдырдың түрлі сынақтарына табандылықпен төтеп берген, маңдай терін ел игілігіне арнаған бұл жанның өнегелі өмірі-тұтас бір дәуірдің айнасы іспетті.
2010 жылы ел экономикасы жаңа қарқынмен дамып, өндіріс орындары қайта жандана бастаған шақта, өз ісінің шебері ретінде Жұмаділлә Төлегенұлы бұрынғы жұмыс орны «Қаратау» тау-кен өңдеу кешеніне қайта шақырылды. Көпшіліктің алғысына бөленіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете жүріп, ол тек жақсы маман ғана емес, шынайы адамгершіліктің үлгісін көрсетті. 2022 жылы еңбек жолында талай белестерді еңсеріп, сан жылдық тәжірибенің алтын қорын артта қалдырған Жұмаділлә Төлегенұлы зейнет жасына жетіп, құрметті еңбек демалысына шықты. Бұл тек жұмыс өтілінің тоқтауы емес, бұл елге сіңірген еңбектің салтанатты қорытындысы, еткен бейнеттің зейнетке айналған тұсы еді. Оның осы жылдар бойы атқарған қажырлы еңбегі ескерусіз қалмады. Жаңатас қаласының 53 жылдық мерекесі қарсаңында қала әкімдігі тарапынан арнайы Алғыс хатпен марапатталуы-осының айғағы. Бұл марапат тек мемлекеттік мойындау ғана емес, сонымен қатар елге сіңірілген адал қызметтің шынайы бағалануы болатын. Бұдан бөлек, өзі тұратын 1-шағын аудан, 8-үйдің маңын көгалдандырып, көркейту бағытында жүргізген жұмыстарымен де көпшіліктің алғысына бөленді. Қала тұрғындары оның бұл жанашырлық бастамасын жоғары бағалап, үлгі тұтатын игі іске айналдырды.
Бүгінде Жұмаділлә Төлегенұлы-бір шаңырақтың тірегі, өмірдің қиындығы мен қуанышын қатар өткерген отбасының ақылшысы, арқа сүйері. Үш қыз бен бір ұлдың ардақты әкесі. Отбасы мүшелері үшін ол-жай ғана әке емес, өмір мектебінің ұстазы, сабыр мен даналықтың үлгісі. Жұмаділлә Төлегенұлының өмір жолына көз жүгірте отырып, «Еңбек-ерлікпен тең» деген халық даналығы еріксіз еске түседі. Себебі оның ғұмыры маңдай термен келген адал еңбектің, қарапайым өмір сүру салтындағы үлкен парасаттың және туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің көрінісі.
Осындай азаматтар бар кезде ел еңсесі биік, ұрпақ тәрбиесі мықты болары анық. Жұмаділлә Төлегенұлының өнегелі өмірі-қазіргі жас буын үшін тек құрмет қана емес, үлкен тағылым. Оның жүріп өткен жолы-мағынасы терең, мазмұны бай, шынайы еңбек адамының шежіресі.
Бақыт Жалғас,
Жаңатас қаласы