Болашақ-білімді жастардың қолында!
Апта ішінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытов аудандағы үздік түлектерді қабылдап, «Алтын белгі» және үздік аттестат табыстады.
Бұл мерейлі күн-ата-аналар мен ұстаздардың талай жылғы еңбегінің жемісі. Көңілдері алып-ұшып тұрған түлектердің балалықпен қош айтысып, үлкен өмірге қадам басатын сәті. Талабы мен таланты, білімі мен білігі тең түскен, бағы мен бабы қатар шапқан үздіктердің тоғыз жолдың торабында тұрып, өз бағыттарын таңдайтын айшықты мезет. Осы мерейлі мереке қарсаңында аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасы, білім бөлімінің басшысы «Алтын белгі», үздік аттестат иегерлерін үздік нәтижелерімен құттықтап, ақ жол тіледі.
Аудан әкімі С.Мамытов:
-Сіздер үшін бойларыңызға білікті білім мен тәлімді тәрбие жинаған ыстық ұя мектептен түлеп ұшып, жарқын болашаққа қанат қақтыңыздар. Әрқайсыларыңыз мектепті үздік бітіріп, «Алтын белгіге» ие болып отырсыздар. Бұл тек мектептің ғана емес ауданымыздың абыройы. Сіздер ауданымыздың жарқын болашағысыздар. Көшбасшы болу үшін алған білімді шыңдай білу-аса маңызды. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:-Оқушыларға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру керек. Мемлекеттің тірегі-адал азаматтар. Елімізде осы қағидаға негізделген жаңа қоғамдық этика орнығуға тиіс. Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Мектеп ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айналуы керек,- деген болатын. Ұлағатты ұстаздардың еңбегінің арқасында Сіздер мектептің үздіктері атанып отырсыздар. Бүгінде ауданымызда білім бөліміне қарасты 48 мекеме жұмыс жасайды. Атап айтқанда 27 мектеп, (22 орта, 4 негізгі, 1 бастауыш, 2 мектеп гимназия, 1 мектеп лицей) 9 қосымша білім беру ұйымдары, 11 балабақша және 1 Психологиялық педагогикалық түзету кабинеті.
2024-2025 оқу жылын 9020 оқушымен бастап 8938 оқушымен оқу жылын аяқтады. Мектеп бітіруші 11 сыныпты 470 оқушы аяқтап, аттестат алды. Оның ішінде «Алтын белгіге» 14 мектептен 39 оқушы, Үздік аттестатқа — 26 оқушы бітірді, 9 сыныпты аяқтаған 885 оқушының ішінде 85-і Үздік аттестат иегері болды. Бұл былтырғы жылға қарағанда жоғары көрсеткіш. Былтырғы оқу жылында бітіруші 11 сыныптардан 15 оқушы «Алтын белгі» және 36 оқушы Үздік аттестатқа бітірген. Сіздер даңғыл болашаққа қадам басып, өмірдегі өз жолдарыңызды адаспай табады деген сенімдемін. Алдағы мақсаттарыңызға сәттілік серік болсын,- деді.
Одан кейін аудандық мәслихаттың төрағасы Ш. Мұсабеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы С. Қырғызбаев жас түлектерге жылы лебіздерін арнап, елімізге адал қызмет етуге шақырды.
Жиын барысында аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов топжарған таланттарға «Алтын белгі» төсбелгісін және «Үздік» аттестатты салтанатты түрде табыстады. Сонымен қатар мектеп директорларына және «Алтын белгі» иегерлерінің ата-аналарына Алғыс хаттар тапсырылды.
С.Есқараев,
«Sarysý»