Асанәлі-кино және театр өнерінің жарық жұлдызы

0

Осы аптада КСРО және Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, театр және кино өнерінің жарық жұлдызы, Қазақстанның Еңбек Ері, жерлесіміз Асанәлі Әшімов туған жері Сарысуға келіп, жерлестері көтеріңкі көңіл-күймен, зор қошеметпен қарсы алды. Қазақ киносының дамуына, қанаттануына өлшеусіз үлес қосқан аңыз адамның «Қыз жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір жүрдек пойызы», «Сіз кімсіз, Ка мырза?» сынды көркем фильмдердегі рөлі күні бүгінге дейін ел аузында. Тоқсанға жақындап қалса да талантты тұлға әлі күнге дейін өнерден қол үзген емес.

Туған жерге табаны тиген аңыз тұлға алдымен Жайылмадағы Ысқақ Пірадар мешітінде болып, бабалар рухына тағзым жасады. Асанәлі Әшімовпен бірге ақын, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Маралтай Райымбекұлы да келіп, жерлестерінің ыстық ықыласына бөленді.

Мұнан соң қадірменді қонақтар ауылдық мәдениет үйінде болып «Бірегей» киносын ауыл жұртшылығымен бірге тамашалады. Аудан әкімі Сәкен Мамытов құрметті қонақтарға жылы лебізін арнады. Сонымен қатар, ақын, Мемлекеттік Дарын сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлы да ізгі тілегін жолдады.
Ақжолтай тілектер ағылған кеште Асанәлі Әшімов тебірене сөз сөйлеп, жерлестеріне ризашылығын білдірді.

Шахмат тақтасы – өмір тақтасы!

Шахмат-баланың ой қабілетін дамытудың тамаша тәсілі. Ол логиканы, ден қоюды жақсартады және стратегиямен ойлауды үйретеді. Ойын төзімділікті дамытуға, қиын міндеттерді шешуге және жеңіс пен жеңілісті көтеруге көмектеседі. Шахмат, сонымен қатар, өзіңе деген сенімді нығайтады және мектепте жақсы оқуға септігін тигізеді. Ол жай ойын емес, бала тұлғасын дамытатын күшті құрал!

Міне, жылдағы дәстүр бойынша балалардың шахматқа деген қызығушылығын арттыру, ой-өрісін дамыту, шыдамдылыққа, сабырлылыққа үйрету мақсатында ауданымызда Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтың жүлдесі үшін шахматтан жасөспірімдер арасында турнир өтті.

Облыстық бәсекеде өңір өрендерімен қоса елдің әр түкпірінен келген спортшылар бақ сынады. Жамбыл облыстық ашық турнир Республикамыздың Актөбе облысы, Шымкент қаласы, Қызылорда облысы, Кентау қаласы, Алматы қаласы, Түркістан облысы, Жамбыл облысы аудандары мен Тараз қаласынан 220 қатысушы қатысты.

Асанәлі Әшімовтың жүлдесіне арналған шахмат бәсекесі биыл қатарынан 12-рет ұйымдастырылды.
Аудан әкімі С.Мамытов жасөспірімдер арасындағы шахматтан XІІ облыстық ашық турнирде құттықтау сөз сөйледі.

-Құрметті ауыл тұрғындары!

Бүгін КСРО халық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің жүлдесіне арналған шахматтан жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі турнир өтіп жатыр.

Асанәлі Әшімов киелі театр сахнасы мен қазақ кино өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар өнер тарланы. Актер сомдаған рөлдері арқылы халықтың ыстық ықыласына бөленген Сарысудың саңлағы. Өнер иесі әрдайым спортты қолдап, ақылдылардың ойынына айналған шахмат ойынын жанына серік еткен.

Бүгінгі жарыстың мақсаты-салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың арасында бұқаралық спортты дамыту болып табылады. Ашық турнирге Республиканың түкпір-түкпірінен және Жамбыл облысының аудандарынан 220 қатысушы бақтарын сынады.

Қадірменді жас спортшылар!

Шахмат-ақыл-ой мен танымдық қабілеттерді дамытудың қуатты құралы саналатын ойын түрі. Уақыт өте келе шахмат аналитикалық ойлауды, жоспарлауды, шоғырлануды және проблемалық ойлауды дамытуға ықпал ететін интеллектуалды ойын ретінде үлкен танымалдыққа ие. Бүгінгі сайыста Сіздерге сәттілік серік болсын, отбастарыңызға амандық, спорттық мансаптарыңызға жеңіс тілеймін,-деп жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Шарада аудан басшысы Сәкен Мамытов жеңімпаздарды марапаттады.

Камели Сүлейменова,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.