Еңбекпен өрілген өмір

0

Жаны жайсаң жақсы кісі жайлы қардай аппақ қағаз бетінде қалам тербеу де бір ғанибет. Көңілдің көк дөнені жүйрік. Жақсының жақсылығын айтқанда толқынды ойдың ырғағымен жаның жадырайды, көңілің көлдейді, сезімің сергиді. Бүгінгі желісін тартқалы отырған мақаламыздың кейіпкері анадан арда туған азаматтың бірі Қажеков Дабыл Дүйсенұлы болмақшы. Бәрі де айтуға оңай. Жетпіс жастың жотасына өмір өзеннің өткелін кешіп сергек жеткен Дабыл қарияның азаматтық ажарын, кісілік келбетін аша білу де оңай шағылатын жаңғақтай шаруа емес.

Көңіліміз жақын, сәлеміміз түзу Дабылды жақсы танимын. Бойында адамгершілік қасиеттің қыры көп Дабылдың әсіресе маған қарапайым мінезі қатты ұнайды. Жуырда үлкенге құрметі, кішіге ізеті үзіл­мейтін, бар болғаны бір жас қана кіші­лігі бар, өкшемізді басып жүрген Дабылмен сырлы сұхбат құрудың сабақты инедей сәті түскені бар. Кейіпкеріміз әсерлі әңгімесін ұшқан ұясынан, балалық шағынан бастады. Боямасыз өмірдің шынайы шындығын тілге тиек етіп, көпті көргендігін танытты.

-Асқар тау атанған Дүйсен әкеміз 20 жасында ел шетіне жау тигенде бес қаруын асынып, майдан даласының алғы шебіне аттаныпты. 1944 жылдың қоңыр күзінде қиян-кескі, жан алып, жан беріскен сұрапыл ұрыстың бірінде басынан қатты жарақат алады. Ұрыс толастаған сәтте отан үшін опат болған сарбаздарды жерлеу басталады. Ес-түссіз жатқан әке­мізді қаза болды деген ұйғарыммен жер қойнына бермекші болғанда кірпіктерінің діріл қаққанын байқап қалған жауынгерлер тездетіп дала госпиталіне жеткізеді. Көретін жарығы, тататын дәм-тұзы тау­сылмаса керек. Өте қатты контузия алған әкеміз сол жатқаннан үш жарым ай өткенде есін жинайды. Бұдан әрі соғысқа қатысуға денсаулығы жарамсыз болған соң госпитал дәрігерлері уақытша мүгедектік қағазын реттейді. Жанына екі жауынгер қосып, елге жеткізіп салуға қамқорлық жасайды.

Әкеміз Шымкент қаласындағы педаго­гикалық училищені тамамдаған соң ең­бек жолын мұғалім болудан бастайды. Өкінішке орай қан майданда басынан алған ауыр жарақаттың зардабы жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге мүмкіндік бермейді. Амал жоқ денсаулығына орай совхозда кассир, фермада есепші, аға шопанға көмекші болуына тура келеді.

Отау үй тігеді. Анамыз болған Айнаш шешемізден әпкем Алтынай 1952 жылы, мен 1955 жылы, қарындасым Сәнтай 1957 жылы, інім Мұрат 1965 жылы дүниеге келіппіз. Менен кейінгі бір қыз бала жастай шетінеп кетіпті. Тағдырдың тал­қы­сы, пешененің жазуы солай болса кер­ек. Анамыз тым аурушаң еді. Үйде жүр­генінен ауруханада емделіп жатқан күн­дері көп болатын. Асыл анамыздың талайым тағдыры қаталдық танытты. Шыр айналдырған ажалды ауру ақыры алып тынды. Өмірдің жарығын сыйлаған ар­дақты анамыз дүниеден озғанда Алтынай әпкем 16 жаста, мен 14 жаста, Сәнтай 12 жаста, Мұрат 4 жасқа қараған шағы еді. Анасыз жетімдер атандық. Мезгілсіз қаза әкемізге өте ауыр тиді. Үй шаруасының қат-қабат тауқыметі Алтынай әпкем екеумізге қарап қалды. Ағайын-туыстармен ақылдасқан әкеміз отбасы жағдайына орай тағы да тұрмыс құруды жөн көрді. Екінші анамызбен ілесе келген екі қыз бала болды. Әкеміздің тапқан табысы күнкөрісімізге жетпейтін жағдайда еді. Жасым 14-те болса да әкеме көмектесуді, қаражат табуды ойластыра бастадым. Жазғы каникул айларында совхоздың науқандық жұмыстарына қатыстым. Еткен еңбегіме қарай айлық жалақы алып, әкемнің қолына ұстаттым. Бұл әрекетіме, қолғанат болғаныма әкем қатты қуанды. «Жігіт болды деген осы» деп бір Аллаға шүкіршілік етіп жүрді.

Ұйым сегізжылдық (қазіргі Ы.Сүлей­менов атындағы) мектебін тамамдаған соң одан әрі оқуымды Байқадам Қашқын­баев атындағы орта мектепте жалғас­тырдым. Екінші анамыздан 5 қыз, 1 ұл бала дүниеге келді. Ағайынды 12 ұл мен қыз болдық. Мен онжылдықты аяқтайтын көктемде әкем ақыл салды.

-Балам, сұрапыл соғысқа қатыстым. Алла жар боп, аруақ жебеп аман-сау елге оралдым. Құдайдың бергені шығар. Ба­ла­лы-шағалы отбасы болдым. Мектеп бітіріп азамат болғалы жүрсің. Трактор­шының оқуын оқышы. Іні-қарындастарыңа қарайлап, еңбек еткенің дұрыс қой деп ойлаймын,-деді.

Арманшыл албырт жастағы кезім ғой. Жоғары оқу орнына түссем деген ойым да бар еді. Бұл үмітім үзілді. Өйткені әкем бұл сөзімен отбасылық тұрмыстық жағдайдың өзіне ауыр соғып жүргенін сездірген еді. Сонымен мектеп бітірген бетте сол жылдары ауданымыздағы іргелі оқу орны болған №124 Байқадам кәсіптік техникалық училищеге қабылдандым. Мақ­сатым әкем айтқандай тракторшы мамандығын алу болды. Үй мен училище ортасын жалғызаяқ жол қылған көп күн­дердің бірінде етжақын туыс боп келетін Сержанов Апрел ағам қызмет бөлмесіне шақыртып алды. Ол кісі осы оқу орнында автомобиль құрылымынан дәріс беретін еді.

-Дабыл бауырым, сен өмір бойы трактор айдамайтын шығарсың деп ойлаймын. Болашағың алда, әлі жассың, жақсы мамандық алатын оқуға барғаның жөн. Біздің училищеде оқитын жастарға Түр­кістан қаласындағы техникумға жолдама берілгелі жатыр. 4 пәннен емтихан тапсырасың. Жолың болып оқуға түсіп кетсең жатақхана мен тамағы тегін. 9 сом стипендия беріледі. Қалай қарайсың? Келісесің бе?

Құжаттарыңды реттеуім керек,-деді.

Іркілмей жауап қаттым.

-Дұрыс қой, аға. Бірақ мен трактор жүргізіп әкеме қолғанат болғалы жүрмін. Бара алмайтын шығармын.

-Отбасылық жағдайды ойлағаның да жігіт болғаныңның белгісі. Бірақ мүмкіндікті жіберіп алмау керек. Келешекте осы техникумда алған мамандықтың нанын жейтін боласың. Әкең менің ағам ғой. Ол кісімен өзім сөйлесемін,-деп Апрел ағам екеуара әңгімеге нүкте қойды.

Апрел ағаның айтуымен әкем де келешегімді ойласа керек.

-Оқысын, ел іші, ағайынның ортасындамыз. Алаң болар ештеңе жоқ,-деп қуана келісіпті.

Сонымен училищеде оқып жүрген үш бозбала техникумда оқуға ниет еттік. Ол екеуінің де әкелері жоқ еді. Үшеумізді де қолтығымыздан демеп жүрген Апрел ағай ғой. Енді үшеуміз үшін ең маңызды мәселе жол қаражатын табу болды. Тізе қосып, білек түріп ала жаздай еңбек еттік. Елдің құдығын қазып, суын шығардық. Шөбін шауып, маялап бердік. Қорасының қиын ойып, әулісіне дейін тазарттық. Ара-арасында совхоздың науқандық жұмыстарына атсалыстық.

Техникумға оқуға түсу үшін емтихан тапсыратын уақыт та келді. Апрел аға үшеумізді Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына алып барды. Алғашқы үш пәннен мүдірмей өттік. Ең соңғы емтихан орыс тілі болды. Емтихан алған ұлты орыс апай қа­тал­дық танытты. Сол кездегі сөзбен айт­қанда үшеуміз де орыс тілі пәнінен оңбай «құладық». Емтиханнан үшеуміздің бірдей сүрінгеніміз Апрел ағамызға өте ауыр тиді.

-Сендер, осында күте тұрыңдар. Мен базарға барып келейін,-деді ұнжырғысы түсіп кеткенін сездірмегендей болып.

Біз аң-таң боп қала бердік. «Ағайы­мыздың базарда қандай тығыз шаруасы бар екен?» деп көңілсіз күңкілдесіп қоямыз. Ағайымыздың кетуінен келуі тез болды. Қолында көлемі үлкен сөмкесі бар. Кідірмей емтихан бөлмесіне кіріп кетті. Іштен жаны жаздай жадырап көңілді шықты.

-Құтты болсын. Үшеуің де оқуға түс­тіңдер,-деді бұлт арасынан шыққан күн­дей күлімдеп.

Сөйтсек, Апрел ағайымыздың орыс апайға берген сыйлығы ыдыс-аяқ, кесе шәйнегі үшеуміз үшін емтихан тапсырған екен. Біз Апрел ағаның тығырықтан жол тауып шыққан тапқырлығына тәнті болдық. Әрі туған әкеміздей зыр жүгіріп жасаған жақсылығына ризашылығымызды білдіріп, алғыс айттық.

Алтын бесік ауылдан алғаш рет ұзақ жолға шықтым. Түркістан қаласына жет­кен соң жатақханаға орналастым. Қо­лыма дәптер мен қалам алып білім алуға ден қойдым. Дәріс беретін ұстаздар мен курстас жігіттермен таныс-біліс басталды. Сабақ мерзімі түске дейін. Сабақ үстінде отырып ауылды, үйдің тұрмыс жағдайын көп ойлаймын. Түс қайтқан соң орталық базарды жағалаймын. Авто­көліктерге тиеліп немесе түсіріліп жат­қан жүктерді алысып, салысамын. Алған бұйырған еңбек ақымды жинақтап, сти­пен­дияға қосып, әкеме жіберіп тұрдым. Сабаққа түн мезгілінде дайындаламын. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатыс­тым. Техникумдағы вокалдық ансамблдің белсенді мүшелерінің бірі болдым. Оркестрде қазақтың қасиетті қара домбырасын күмбірлете шерттім. Осылайша азды-көпті абырой мен бедел жинап, ұстаздарыммен жақсы қарым-қатынаста болдым. Талай студенттерге достық көмегім тиді. Ауылдың біраз жастарының осы оқу орнына түсуіне себепкер болдым. Әрине көпке топырақ шашудан аулақпын. Кейбіреулер «Техникум ғой» деп менсінбейді. Ал мен зейнет демалысына шыққанға дейін осы техникумнан алған мамандықтың нанын жедім.

1978 жылы техникумды тамамдап ауылға оралдым. Диплом алып келгенімде әкем мен Апрел ағамның қуаныштарында шек болмады. Апрел ағам арқамнан қағып:

-Жарайсың, Дабыл, енді тракторшы емес, қызметкер боласың. Өзіңе тех­ни­кумға жолдама берген училищеге жұмыс­қа кел,-деді.

Училище директоры ауданымызға танымал тұлғаның бірі болған Бозжігітов Жақсылық аға еді. Жылы шырай танытып қарсы алды.

-Басқа жаққа ат басын бұрмай дұрыс келдің, Дабыл. Бізге өзіңдей жас кадр жұ­тар ауадай өте қажет. Шебер боп іске кірісесің. Бұйрықты бүгін беремін. Қыз­метіңе сәттілік тілеймін,-деді.

Ардақты ағаға алғысымды айттым. Түс ауа жұмысқа кірістім. Менің техни­кумда алған теориялық білімімді іс тә­жірибемен ұштастыра білуде білімді де білікті ұстаздар Ақмолдаев Досмахан, Ертуғанов Төлен, Сержанов Апрел, Жолдасов Мұхамедия, Мақашев Алдаберген секілді ағаларымның көрсеткен көмектері мен жасаған жақсылықтары көп болды. Үміт күткен сенімдерін, еткен еңбектерін ақтауға күш салдым. Қызығы мен шыжығы таусылмайтын өмірде жақсы адамдар көп қой. Сондай жақсы адамның бірі емес бірегейі училище директоры Жақсылық аға болатын. 1983 жылдың көктемінде қызмет бөлмесіне шақыртты.

-Дабыл қарағым, атқарып жүрген қыз­метіңе сыртыңнан сүйсініп жүрмін. Құ­дайым тіл-көзден сақтасын. Сенің жа­нарыңда жалын, жүрегіңде от бар екен. Сен енді шебер емес мұғалім боласың. Педагогикалық кеңесте солай шешім қа­былдадық. Бұйрықты бүгін беріп қойдым,-деді.

Осылайша жақсы адамның шарапаты арқасында арнайы пәндер мұғалімі болдым. Жақаңның үлкен сенімін ақтадым деп ойлаймын. Облыс бойынша үздік мұ­ғалімдер сапында болдым. Жақаң директор ретінде мұғалімдер сабағына кіріп отыратын. Менің сабағыма кірген емес. «Мен Дабылға сенемін» деуші еді.

Уақыт озды. Күндер сырғыды, айлар алмасты, жылдар жылжыды. Ел-жұрт­тың есін алып, берекесін кетірген өт­пелі кезең келді. Нарық қыспағына шыдас бермеген кәсіптік техникалық учи­лище банкротқа ұшырап, жабылып тын­ды. Бұдан кейінгі еңбек жолдарым Техникалық шығармашылық орталығы ме­ке­месінде жалғасты. 46 жыл еңбек өтіліммен 1918 жылы зейнет демалысына шықтым. Соңымнан ерген бауырларым іні-қарындастарымның бәріне де ағалық қамқорлықтарымды жасадым. Әсіресе Мұрат пен Қожантайдың үйлі-жайлы, жақ­сы жанұя болуларына ерекше көңіл бөлдім.

Өнегелі өмірі еңбекпен өрілген Дабыл әңгімесін аяқтады. Жоғары санатты педагогтің еселі еңбектері жоғары тиісті орындардан елеусіз қалмапты. Атап айтқанда Қазақстан Республикасы білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан ұстаздары» қоғамымен ұйымдастырылған мұғалімдерге арналған республикалық қашықтық олимпиадаға қатысып I дәрежелі дипломмен, «Үздік за­манауи сабақ» атты халықаралық дәре­жеде өткізілетін шығармашылық кон­курсқа қатысып I дәрежелі дипломмен марапатталған. Д.Қажековтың же­тек­шілігімен жасалған шығармашылық жұ­мыс­тар Ғылым күніне арналған облыс­тық I, II, III жас техниктер мен өнертап­қыштардың байқауында бас жүлде, I, II орындардың жеңімпазы және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өткізілген облыстық IV жас техниктер мен өнертапқыштардың шығармашылық байқауында I-ші орынды иеленіп, облыстық білім басқармасының дипломымен, Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығы жалпы орта, қосымша, техникалақ және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында өткізген «Жастар, Ғылым, Техника» атты республикалық байқауында 1 дәрежелі дипломдарымен марапатталған. Оқушылары жыл сайын Ғылым күніне арналған облыстық I, II, III жас техниктер мен өнертапқыштардың шығармашылық байқауында бас жүлде, I, II орындардың жеңімпазы және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өткізілген IV облыстық жас техниктер мен өнертапқыштардың шығармашылық байқауында I орынды иеленіп, облыстық білім басқармасының дипломымен де марапатталған екен. Еңбекпен ерлеген кейіпкеріміз «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданының құрметті ар­дагері» төсбелгілерінің де иесі атаныпты.

Еңбек дүбірінің бәсекелі додасында топ жарып, бағы жанған Дабыл Дүйсенұлы шаңырағы шаттыққа толы отбасының жапырағы жайқалған бәйтерегіне айналды. Құдай қосқан қосағы Боранқұлқызы Зағира екеуі 3 қыз, 2 ұлды үкілеп өсіріп, мақсаттарына жеткізді. Бәрі де жоғары білім алды. Ұя мен қияға қонған ұл-қыздардан 11 немере сүйіп бақытты ата-әжелер атанды. Орта мектепті алтын медальмен, институтты үздік дипломмен тамамдаған Зағира да ұстаздық етіп, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, зейнет демалысына биыл ғана шығыпты. Бүгінде бір әулеттің көшбасшысы атанған Дабыл қария және жанұясы жайлы бір үзік сырымыз осындай.

Темірлан Әбілдаев,
ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.