Атам айтқан естеліктер жадымда
Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да 80 жыл толды. Бұл күн – тек жеңістің ғана емес, бейбіт өмірдің қадірін түсінетін, ерлік пен батырлықтың символына айналған қасиетті күн.
Ұлы Отан соғысында сарысу-лықтар да ерлікпен шайқасып, майдан даласында қазақ ұлтына тән, батырлық пен ержүректіктің жар-қын мысалын көрсетті. Алайда сонау сұрапыл соғыс жылдары Сарысу өңірінен аттанған 6 мыңнан аса жерлесіміздің жартысына жуығы қан майданнан қайтқан жоқ. Ал туған жерге жеңіспен оралған жауынгерлер соғыстан кейінгі тұралаған ел экономикасын көтеру үшін ауыр кезеңде аянбай еңбек етті. Бірақ біз майданда ерлікпен шайқасқан жауынгерлерді, олардың Отанға адал азаматтық қасиетін, батырлық болмысын ешқашан ұмытпауымыз керек. Ел үшін толарсақтан саз кешкен сондай ердің бірі – менің қайын атам Сафим Қоржымбаев.
Атамыз Украинаны фашистерден азат етуге қатысқан майдангерлердің бірі. Ол 1942 жылы 19 жасында әскер қатарына алынып, Куйбышев облысының Инза стансасындағы миномет-пулеметшілер даярлайтын училищені бітіріп, Румыния, Венгрия, Чехословакияны жаудан азат етуге қатысқан өр тұлға. Соғыста жүріп бір жылдық офицерлер дайындайтын училищені аяқтап, лейтенант шенін алып, взвод командирі болған. Ұлы Отан соғысында Чехословакияның Прага қаласындағы шайқаста өжеттілігімен көзге түскен, ұрыс кезінде снарядтың жарықшағы тиіп, басынан жарақаттанған.
1945 жылдың қараша айына дейін Алматы облысындағы Сарыөзекте, Қытай шекарасында әскери қызметте болған. Ерлігі үшін Ұлы Отан соғысының орденімен марапатталған. Соғыста алған жарақаттың зардабынан көз жанары көрмей қалды.
Атам көзі тірісінде бастан өткерген оқиғаларын әңгімелеп отырушы еді. Өз аузынан естіген әңгіменің бірінде атам «Келін, осы жердесің бе?» деп менің қасында бар-жоғымды сұрап алып, сөзін сабақтады. Соғыс кезінде болған сол бір әсерлі оқиғаны естігенде жүрегімнің ауырғаны бар. Майданда командирге қатардағы жауынгерлер шайқас алаңдарынан тапқан дүниелерін алып келіп тапсырады екен. Бірде бір жас жауынгер алтын сағат тауып алып, окоптағы атама әкеліп есеп беріпті. Сол уақытта атам «Үйленгенсің бе?» деп сұрапты. Балаң жігіт «Жоқ үйленбеген едім, бірақ ауылда әскерден келеді деп мені күтіп жүрген сүйіктім» бар депті. Оны естіген атам «Онда аман-есен соғыстан оралғанда тойыңа тағарсың» деп сағатты сыйлау арқылы жас жауынгерге жігер берген екен. Әлгі сағатты алған сарбаз қатты қуаныпты. Атамның ерлігі мен мейірімділігі мен үшін үлкен мақтаныш. Бірақ оқиғаның соңын тыңдау тым ауыр.
– Қазақтың «Жазмыштан озмыш жоқ», «Талқаны таусылды» деген сөзінің мәні осы болса керек. Өйткені, өкінішке қарай, сол сарбаз окоптан шыға бергенде үстімізге снаряд түсті. Болашақ жары ауылда күтіп жүрген бозбала сол жерде жан тапсырды, сүйіктісіне, арманына жете алмады, – деп атам көзіне жас алып, қатты күрсінді.
Әрине, бұл сұрапыл соғыстағы болған бір ғана жағдай. Бұдан да басқа жүректі ауыртатын көптеген оқиға бары анық. Біз бейбіт өмірдің бесігінде тербеліп өстік. Соғысты көзбен көргеніміз жоқ. Тек қан майданда шайқасқан ата-әкелеріміздің басынан өткен оқиғасын естіп қана соғыстың салқын лебін сезінеміз. Жүректі сыздатып, көзге еріксіз жас үйірілтетін қанды соғыстың халқымыздың басына салған сойқаны аз болмады. Талай ананың жалғызы мен айбынды әкелер отбасына оралмай оққа ұшты. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған соғысты халық ұмытқан жоқ. Ұмытпайды да. Біз – бейбіт заманда өмір сүріп жатқан ұрпақпыз. Бұл – ата-бабаларымыздың төккен қаны мен жасаған ерлігінің арқасы. Ерлердің ерлігін еске алып, батырлықтарын жүректе сақтау, дәріптеп, насихаттау – біздің басты парызымыз.
А. Укижанова,
Сарысу ауданының мемлекеттік архивінің директоры Танкист атанєан майдангер
Мақала тақырыбын осылай қоюды жөн көрдік. Олай дейтіндей себебін реті келгенде айта жатармыз. Отбасы, бала-шаға қамымен Алматы қаласына қоныс аударғанына саусақпен санарлықтай жыл болған Ошақбайұлы Бақытжан інімізді жақсы танимын.
Көңіліміз жақын, сәлеміміз түзу, аузын ашса жүрегі көрінетін ініміз туып-өскен ауылы Саудакентке жуырда ат ізін салып, үйге сәлем бере келгені бар. Жылы шырайлы аман саулықтан соң ойындағы сөзін бүкпесіз айтатын ақжарқын, ақкөңіл мінезімен ақтарыла сөзге келген.
-Туған жер, өскен елдің жөні мүлдем бөлек екен. Әке-шешеміздің өнегелі тәрбиесін көріп, балалық шақтарымыздың қызықты сәттерін бастан кешкен Саудакентке аңсарым ауады да тұрады. Шынымды айтсам кейінгі жылдары әсем қала Алматыда тіршілік етсем де өскен, еңбек жолымның тұсауын кескен ел жаққа елеңдей беремін. Көзкөрген ағайын-туыс, жекжат-жұрағат, замандастарға бір Алладан жақсылықтар тілеумен таң атырып, күн батырамын. Енді өзіңізге сәлем бере арнайы келген шаруамды айтайын, аға. Әкем Ұлы Отан соғысы басталған күндерден төрт жыл бойы қантөгісті сұрапыл майданның алғы шебінде жағадан алған жаумен шайқасқан кісі еді. Ардақты әкеміздің жарқын бейнесі көз алдымыздан кетсе де көңілімізден өшкен емес. Сағыныш сезімі жүрегімізді баурап, алыстаған сайын асқақтай түскен рухына тағзым етіп жүреміз. Қалам мен қағаз ұстап жүрген жорналшы ағамыздың бірісіз. Сабақты ине сәтімен деген. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай әкеміз жайлы газетке мақала жазсаңыз жөн болар еді.
Алматы шаһарынан кіндік қаны тамған туған жеріне кеудесін сағыныш сезімі кернеп ат арытып келген азаматтың бұйымтайына құлақ аспау әбестік болар еді. Өтініштей болған ақ ниетті тілегін қабыл алдым. Бақытжан асқар тау әкесінің өнегелі өмір жолдары жайлы қысқа да нұсқа дәйекті деректерді
де ала келген екен. Мақала кейіпкері болғалы отырған Ошақбай ағаны көзім көрмесе де ол кісі жайлы ауыл айтқыштарының аңыздай етіп айтқан әңгімелерінен хабардар едім. Сөйлемесе сөздің атасын өлтіріп алатындай болатын ауыл айтқыштары майдангер ағамыз жайлы былай деп бұлбұлша сайраушы еді. Айтар ойларын қызыл тілдеріне тиек еткенде жасы үлкендері «Танкист Ошақбай ініміз», жастар жағы «Жаужүрек танкист Ошақбай ағамыз» деп сөз саптайтын еді.
-Ошақбай ініміз төрт жылға созылған алапат соғыста танкі айдаған.-Берлинге дейін фашистерді қоғаша жапырып, шыбын жандарын жаһаннамға жіберіп, аман-есен жеткен.
-Жаужүрек танкист Ошақбай ағамыз жыланбауыр танкісімен шабуылға шыққанда жаудың қоянжүрек танкистеріде жаяу әскері де бас сауғалап келген іздерімен кері қашады екен.
-Сонда ағамыздың танкісін танитын болғаны ма?
-Танымай ше? Ағамыз оқ дарымайтын танкісінің сыртына айналдыра неміс тілінде «Қазақ» деп жаздырып алған көрінеді.
-Танкист Ошақбай ағамыз құралайды көзге атқан мергенде болған екен. Жаудың оқ өтпейтін «Тигр» танкісін осал жерінен дәл атып күлін көкке ұшырып отырған.
Жел тұрмаса шөп басы қимылдамайды деген осы. Аңыздың да астарында ақиқат бар. Ел аузында ерліктері жыр болған Ошақбай ағамыздың үш мәрте Қызыл Жұлдыз, үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендері, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталуы отан үшін от кешкенінің айдан анық айғағы емес пе?
Әлқисса, сонымен төрткүл дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысының теңдесі жоқ қаһармандық жеңіспен аяқталғанына биыл 80 жыл толып отыр. Ел шетіне жау тигенде бес қаруын асынып, қан майданның алғы шебінде ұрандатып атой салғанның бірі Сатыбалдиев Ошақбай ағамыз екен. Ағамыздың үлкен өмірдің ұлы көшінде жүріп өткен соқпақты да сүрлеулі жолдарына назар аударсақ тағдыр тәлкегін бала жастан тартыпты. Пешенесі маңдайына солай жазса керек. 1918 жылы жарық дүние есігін ашқан ағамыз небәрі екі жасында асқар тау әке, асыл анасынан айырылып, тұлдыр жетім қалады. Жетімін жылатпау қазақ халқына ғана тән қасиет. Нағашысы кекілді маңдайынан өбіп, құшырлана құшағына қысып қамқорлығына алады. Дана халқымыздың қанатты сөзімен айтқанда «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсіріп, тәрбиелей бастайды. Амал қанша, жас құрақтай желпілдей өсіп келе жатқан 6 жасында нағашысы да мезгілсіз бес күндік жалған дүние атанған өмірден өтеді. Өткен ХХ-шы ғасыр дүрбелеңге толы қиын-қыстау кезеңдермен басталғаны шежірелі тарихтан баршаға аян.
Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заманда қамқорлықсыз қалған Ошақбай ағамыз тағдыр тәлкегімен Әулиеатадағы жетім балалар үйінің табалдырығын аттайды. Одан әрі мектеп-интернатта оқып, онжылдықты тамамдаған бетте ФЗУ-а қабылданады. Бұл тұс Түрксиб темір жолын салу қызу қолға алынып жатқан кез екен. Училищені бітірген соң бозбала жігіт жолдамамен Аягөз стансасына жұмысқа қабылданып, еңбек жолын бастайды.
Жоқтан бар жасалған, білімді орта буынды мамандардың өзі тапшы кезі. Арада айға жуық уақыт өткен соң станса басшылығы оң мен солын ерте танып есейген, ширақ та пысық бозбаланы техникалық мектепке оқуға жібереді. Қалада өсіп, орыс тілін жетік меңгерген, жалын атқан жігерлі жас жігітке білімін жетілдіру қиындыққа түспейді. Олай дейтініміз техникалық мектептегі дәрістің бәрі орыс тілінде жүріпті. Оқу орнын үздік үлгеріммен тамамдаған соң Аягөзге қайта оралып, еңбек жолын одан әрі жалғастырады.
Кәмелеттік жас 18-ге толғанда отан алдындағы әскери борышын өтеуге шақырылып, сарбаз жейдесін киеді. Әскери сапқа тұрып, ант қабылдап, шалғының жүзіндей шыңдалып жүргенінде 1939 жылдың қараша айынан 1940 жылдың наурыз айлары аралығында болған фин соғысына қатысады.
1941 жылдың 22 маусымы Ұлы Отан соғысы басталған, қаралы күн болып тарих парағына таңба боп басылғаны баршаға аян. Адамзат баласына ажал оғын сепкен сұрапыл соғыстың он бірінші күні қаныпезер жаулармен бетпе-бет шайқасқа түседі. Адам адамға оқ атып, майдан даласы қанға бөккенде Ошақбай ағамыздың тұлабойы түршігеді. Кең кеудесін зұлым басқыншы жауға деген кек кернейді. Жан алысып, жан беріскен қоян-қолтық ұрыстың алғы шебінде жүргенде полктің бір топ жауынгерлері Қазан қаласындағы үш айлық әскери шеберліктерін арттыру курсына оқуға жіберіледі. Олардың арасында Ошақбай ағамыз да болыпты. Курсты бітірген сарбаздар 1942 жылдың наурыз айында Горький қаласында жасақталып жатқан 11-ші танк корпусының сапына қосылады. Ошақбай ағамыз 160-шы танк бригадасындағы «Т-34» маркалы танктің аға механигі болып бекітіледі. Арада бір апта уақыт өтпей бригада жауынгерлері ұрысқа қатысуға бұйрық алып, алғы шепке аттанады. Воренеж қаласы маңында ауыр техника танкті тізгіндеген қазақ сарбазы ұрысқа кіріседі. Осы ұрыста үш рет жарақат алса да батылдық танытып елемейді. Қала азат етіледі.
Бұдан кейін полк Орель, Новель, Елец, Оңтүстік майдан құрамында Запорожье, Ворошиловград қалаларын жаудан тазартады. Ат ауыздықпен су ішіп, ер азамат толарсақтан қан кешкен оттты жылдары майдангер Ошақбай ағамыз төртінші Украина, бірінші Беларусь майдандарының да алғы шебінде болады. Польша халқын жаудан тазартуға атсалысады. 1945 жылдың сәуір айының аяғына таман неміс фашистерінің астанасы Берлин үшін қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Төрт жыл бойы темір құрсаулы танкпен жорық жолдарында ерліктің үлгісін көрсеткен жаужүрек Ошақбай ағамыз Ұлы Жеңісті Берлинде қарсы алады. Бәрі де айтуға оңай. Осы жылдар ішінде ар намыстан жаралған майдангер ағамыз Отан үшін от кешіп ыстығына күйді, мұз төсеніп, қар жамылып суығына төзді емес пе?
Бақытжын ініміз маған келген күні әкесінің жорық жолдары жайлы шағын естелік те айтып берген еді.
-Әкем кеудесін керіп, соғысқа қатыстым, көзсіз ерлік жасадым деп ешқашан мақтанған жан емес. Есейіп қалған кезімде әкемнен үш Қызыл Жұлдыз бен «Даңқ» ордендерін қалай алғанын сұраған едім. Әкей ойланып барып жауап қатты.
-Жарайды балам, сұрадың айтайын. Біліп жүргенің де жөн шығар. Ат ауыздықпен су ішіп, ер азамат толарсақтан қан кешкен аты жаман зұлмат соғысқа сол тұстағы жалын атқан жастардың барлығы қатысты. Батыр бабаларымыздың жаугершілік кезіндегі сөзімен айтқанда ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алдық. Жұдырықтай жүректері туған жерім, өскен, орманды елім деп лүпіл қаққан есіл ерлер қарша бораған оққа кеудесін тосты.
Бейбіт күннің шырқын бұзып, ел-жұрттың есін алып, берекесін қашырған соғыс қантөгіссіз, құрбандықсыз болмайды екен. Жаныңда жүрген қарулас жауынгер достарың ажал оғы дөп тиіп мерт болғанда қабырғамыз қайысып, жүрегіміз қан жылайтын. Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс, бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған аспаны ашық нұрын төккен бейбіт күніміз сан миллиондаған жас жауынгерлердің шыққан жаны, аққан қанымен келді, балам.
1943 жылдың қақаған қыс айы еді. Үскірік аяздың қатты болғаны сонша түкірген түкірігімз жерге жетпей қататын. Мен әскери борышымды өтеген танк полкі жауынгерлері Курскі шайқасында қаһармандық ерліктің үлгісін көрсетті. Мечта биіктігін жау әскерлері қайта басып алып, тастүйін бекініп алды. Мечта биіктігін жаудан қайтарып алу біздің полкке жүктелді. Шабуылды алдымен ұшқыштар бастайды. Жау бекіністерін бомбаның астына алады. Одан кейінгі жауға соққы беру кезегі біздікі. Жаяу әскерлердің шабуылына жол ашатын да біздің танк полкінің жауынгерлері. Сол күні әскери ұшқыштар өз міндеттерін мүлтіксіз орындады. Бомбаларды жиі тастағаны сонша жау шебінің ойран-ботқасын шығарды. Бұйрық берілді. Танк жауынгерлері алға ұмтылдық. Дегенмен жау әскерлері мықты бекініс жасаған екен. Қатты қарсылықтарға тап болдық. Қарға адым, сүйем қарыс жер үшін кескілескен ұрыстар жүрді. Майдан шебі өрт жалынға оранып, аспан төрі көкала түтінге бөкті. Жау әскерлері біздің танк жауынгерлерінің жойқын шабуылына төтеп бере алмады. Жеңіліс тапты. Қару-жарақ қоймасы талқандалды. Арасында офицерлері бар 170 жау сарбаздары тұтқынға алынды. Қаһарлы қыс айының қақаған аязды күні қантөгісті ұрыста Мечта биігін осылайша жаудан тазарттық. Осы шайқаста ерлік көрсеткен жаынгерлер жоғары наградаларға ұсынылды. Мен Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталдым. Екінші Қызыл Жұлдыз орденін Ковель қаласын, үшінші дәрежелі «Даңқ» орденін Ворошиловградты, «Ерлігі үшін» медалін Орелды жаудан тазартқанымыз үшін, үшінші рет Қызыл Жұлдыз орденін Берлинді алғанымыз үшін иелендім. Менің қанды көйлек қарулас достарым орден, медаль алу емес, Отан үшін, Ұлы Жеңіс үшін жан алып, жан берісіп шайқасты. Жеңіс туының желбірегенін көре алмай қыршынынан қиылып арманда кеткендері қаншама.
Ел шетіне жау тиіп, күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыс жылдарында отан үшін от кешкен, үш мәрте Қызыл Жұлдыз, «Даңқ» ордендерімен марапатталған әкеміздің атына Саудакент ауылынан бір көше берілсе екен деген үкілі үмітті тілегіміз де бар.
Бақытжан асқар тау әкесі жайлы қысқа-нұсқа естелігін осылайша түйіндеп аяқтады. Бұл құлаққағысты өтініші жоғары тиісті орындардың еншісіндегі абыройлы істің бірі болмақ. Шуағын шашқан бейбіт күндерде танкист атанған Ошақбай ағамыз еңбек майданының да алғы шебінде болыпты. Қуатты әскери техника танкіні ұршықша иірген ағамыз кеңшарда трактор бригадасына жетекшілік етеді. Шаруашылықтың бірі бітсе, бірі күткен қат-қабат қыруар науқандық жұмыстарына атсалысады. Білек сыбанып, берекелі істердің бел ортасында көшбасшы болып жүреді. Жалын атқан жас-тарды еңбекке баулиды. Мектептерде жиі қонақта болып, жас жеткіншектерді отанын сүюге үндеп, елдікті, ерлікті тілге тиек етеді.
Майдангер ағамыз өнегелі, шаңырағы шаттыққа толы, берекелі отбасының жапырағы жайқалған мәуелі бәйтерегі де болды. Құдай қосқан қосағы Шырын жеңгеміз екеуі 5 ұл, 6 қызды балапандай мәпелеп өсіріп жеткізді. Ата-аналық борыштарын кіршіксіз абыроймен өтеді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, бәрінен жаннан тәтті немерелер сүйді. Бүгінде өмірінің жалғастары, өсіп-өнген ұрпақтары бір қауым ел болды.
Өмірдің жазылмаған заңы қатал. Жарық дүниеге келу бар да келместің кемесіне мініп қайту хаһ. 75 жасында өмірден озған танкист Ошақбай ағамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп ұлы Абай айтқандай жарық дүниеде өз тетігін тауып, кірпіш боп қаланып кетті.
Темірлан Әбілдаев,
ардагер журналист
Ұлы Отан Соғысының Жеңісіне-80 жыл
Ұлы Отан Соғысының Жеңісіне 80 жылдық мерейлі мерекесіне орай «Ынтымақ», «Көркею», «Жаңаарық» және Мизоян колхоздарынан соғысқа аттанған, елде қалған қарт ата, жесір келіншек әйелдердің, 5-6 жасар балалардың сол кезеңдегі тіршілік әрекеттері туралы есте қалған, көзім көрген жолдарын еске алып әңгімелекшімін.
- Фин соғысы мен Ұлы Отан соғысы бастауында өзім білетін «Ынтымақ» ауылынан мына азаматтар кеткен тәрізді:
- Ақынбаев Дулат – қобызшы Ықылас Дүкен-ұлының немересі.
- Әміров Ұлықбек – Әмірдің інісі Жанасов Тәкейдің немересі.
- Жаңабеков Тұрсынбек үлкен ана Айнаштың немересі.
- Жаңабаев Төкен үлкен ана Айнаштың баласы.
- Тоқсанбаев Молдаш – Иманбаев Амедияның інісі.
- Тоққұлиев Қожамберлі–Мұсабаев Тоққұл-ының баласы.
1) 1942 жылы Ақынбаев Дулаттан өлді деп қара қағаз келген, Ақынбайға ескерту үшін қарттардың үлкені менің әкем Әділбек, барша әулие сазында отырған, Ақынбайдың үйіне, есекпен мені мінгестіріп барған. Сонда Ақылбай керегеде ілулі тұрған қобызды тартқанын көргенмін.
2) Ұлынбек Әміров жарақаттанып 1944 жылы елге оралып, Тәжей ақсақал той жасап, палуандарды күрестірген. Есентай Сүлеймен мен әкемнің ағасы Бейсенбек баласы Әлканмен екеуі бірін бірі жыға алмай, бастары сүзісіп қанаған. Ұлынбекті пленге түскен деп, 6 айдан кейін соттап жіберген, сол жақта қайтыс болған. Артында Зина атты әйелі, Рахыжан атты баласы қалды, Рахыжан қайтыс болып баласы қалды.
3) Жаңабаев Тұрсынбек пен Төкен хабарсыз соғыстан оралмаған, ұрпақсыз кеткен.
4) Тоқсанбаев Молдаш соғыста жүріп, пленге түскен деп сотталып елге 1952 жылы оралған, соңында 2-қыз қалды, қазір Жаңатаста тұрады.
5) Тоққұлиев Қожамберлі соғыста жүріп пленге түскен деп 1952 жылы елге оралған, әйел алып Байжансайда, Жаңатаста өте жоғары дәнекерлеуші жұмыстарын атқарып, өмірден өткен. Балалары, немерелері осы Бүркітті аймағында тұрады.
- Ұлы Жеңістің 80 жылдығы бұдан 83 жыл бұрын сақталған, ер азаматтар туралы әңгіме; -көне суреттегі 11 азамат туралы олардың өмірден қайтып, әбден көмескіленіп бүгінгі күнге дейін жеткен, суреттегі азаматтар кімдер, олардың соғыстағы, соғыстан кейінгі, тағдыры қандай болды? Осы сұраққа Жұмашбек қарияның аузымен қайтарған жауаптары мынадай! Бірінші қатарда отырғандар солдан оңға қарай: Мәлике Қасымқызы – соғысқа жерлестерін шығарып салушы. Серғұлы Мұсабаев соғыстан оралмаған, хабарсыз. Байғара Жиенбаев осы азаматтарды Байқадамға дейін өгіз арбамен жеткізіп, әскерге өз қолымен аттандырып салған ауыл қариясы кейін қайтыс болған. Дәрібай Бижан соғыстан жарақаттанып оралған, кейін қайтыс болған. Екінші қатарда отырғандар солдан оңға қарай:
Дәлібай Көшімбаев – соғыстан оралмаған, Қабылбек Есекеев -соғыстан оралмаған, Мәлібай Дәуренбеков – соғыстан жарақаттанып оралған, жарақат салдарынан кейін қайтыс болған, Жәлел Түсіпбеков – соғыстан кейінгі жылдары Байқадамда сатушы, әртүрлі жұмыс істеп, кейін қайтыс болған. Үшінші қатарда отырғандар солдан оңға қарай: Әжібек Есенбеков – соғыстан оралмаған хабарсыз, Әмедия Иманбаев – майданнан аман оралып, колхоздың, ауданның, Мойынты-Шу жолының өркендеп көркеюіне үлес қосқан, біртуар азамат, кейін қайтыс болған, Әрімбай Әділбеков – соғыстан оралмаған хабарсыз, Қараман Қасымов – соғыстан кейін елге оралып «Ынтымақ», «Жаңаарық» колхоздары бастығы, Сарысу совхозы директорының орынбасары, ферма басшысы қызметтерін атқарған, кейін қайтыс болған.
Ұлы Отан соғысы талай адамның тағдырын мезгілсіз алып кетіп, көптеген отбасының үмітін үзді. Айтып отырған 11 азамат бір мезгілде майданға аттанғандардың бір тобы ғана.
III. 1942 жылдан кейін 1943 жылы Ұлы Отан соғысына «Қара жұмысшыға» Жон ауылдық Кеңесінен 40-50 жастағы азаматтар аттанған, олардың қайтарында – Өксікбаев Мысықбай (Мұхтар мен Тұрардың әкесі), Байжігітов Сырттанбек (Алпыстың әкесі), Оспанов Аманбай (Орақбай мен Асубайдың әкесі), Ақылбеков Жүнісбек (Диханбай мен Жақсылықтың әкесі), Тәжікеев Кәден (Құсайын мен Сағыныштың әкесі), Тәттібаев Таймолда (Алтайдың әкесі) болған. Свердловск қаласындағы заводтарда жеңіс күніне олар елге қайтқан. Тұрардың әкесі ауылда қалып кеткен қарт ағаларына, елдегі жас балаларға қамқорлық жасап жәрдем көрсетіп отыруын өтініп хат жолдаған.
Әдеке, Төке және Ер Бәйеке. (Әдеке деген Әділбек)
Ақкөңіл ала көйлек қайран Секе! (Төке дегені Төкеш)
Арттағы тай-құлынды тапсырамын, (Бәйеке дегені Байғара)
Бас-көз боп жүріңдерші бәрің көке. (Сәке дегені Сейтқазы)
Жолдаймын жеке сәлем Тұрарыма, (Есенқұл дегені колхоз бастығы)
Есенқұл қарасып жүр хал-жайына. Бәрі де сізге аманат қариялар, (батыр Балабектің әйелі болатын)
Бұл сөзім жүрсін әркез ойларыңда IV. Жон ауылдық кеңесі, «Ынтымақ колхозында 1935-1941 жылдар аралығында туылып, Ұлы Отан соғысы кезінде еңбек еткен бауырлар еді.
- Тоққұлов Шырынқұл 1935 ж. туылған.
- Өзгелдиев Ибаділда 1935 ж. туылған
- Шардарбеков Кеңесбек 1935 ж. туылған
- Ақынбаев Дәулет 1935 ж. тылған
- Кәрібаев Исатай 1935 ж. туылған
- Жамбылбеков Әзімхан 1937 ж. тулған
- Мысықбаев Тұрар 1936 ж. туылған
- Расулов Әлімет 1937 ж туылған
- Ақынбаев Сәулет 1938 ж туылған
- Тұрсынбеков Әбирбек 1937 ж туылған
- Аманбаев Орақбай 1938 ж туылған
- Бәймешов Әлібек 1938 ж туылған
- Дәлібаев Кемали 1938 ж туылған
- Медияев Бердалы 1938 ж туылған
- Алтайбаев Талас 1939 ж туылған
- Аққұлиев Фермеқұл 1941 ж туылған
- Бижанов Мұхамедия 1941 ж туылған
- Өлкеев Байыс 1941 ж туылған
- Әділбеков Боранбай 1941 ж туылған
- Дәуренбеков МӘЛС 1941 ж туылған
- Құлыбеков Алшынбай 1942 ж туылған
- Асанов Ескермес 1942 ж туылған
Бұлар соғыс жүріп жатқан уақытта егістікте шөп жұлып, қырман айдап, орақ орған, арба айдап шөп жинаған, жазда лақ-қозы, бұзау баққан, Байқадамға өгіз арба, түйемен астық тасыған, барлығы жеңістің 80 жылын көре алмай өмірден өткен.
Ұлы Отан соғысы кезінде балалық жастық шағын, бал дәуренін, жалаңаяқ-жалаңбас, ұйқыдан ерте тұрып, қол еңбекпен өткізген «Тыл» жастарының атқарған жұмыстары туралы. Олар Ұлы Отан соғысының жеңісіне үлес қосып, жаңадан ұйымдастырылған колхоздарда әртүрлі қол еңбекпен айналысып өмір кешті. Ересектері малдардың азығы үшін орақ, шалғымен шөп шауып маяға ат, өгіз жегілген сүйретпе және арбамен тасуға қатысты.
Сонымен қатар, қырман айдап, астықты тазалауға қатысты. Енді бірі, соғыстағы майдангерлерге арнап, жүн түтіп, оны иіріп, қолғап-шұлық тоқыды. Қолдағы азын-аулақ малдардың сүтін сауып, құрт, май, бринзе жасап аудан орталығына жіберіп отырды. Міне, осылай Ұлы Жеңістің жақындауына өз үлестерін қосқандығы белгілі. Олардың қатарында мына төмендегідей Ұзақбай Сыздықбайұлы ауылында тұратын тыл ардагерінің біразы өмірден өтіп кетті, некен-саяғы жас ұрпақтарымен бақытты ғұмыр кешіп келеді.
Қайтыс болған тыл ардагерлері:
- Касымова Айтжан
- Мухышова Үнзила
- Өскенбекова Бибіш
- Сүйіндіков Нұрпейіс
- Жұмабекова Күлжан
- Ахметов Тоқберген
- Ондасова Сарсенкүл
- Асанова Бәкіш
- Иманбердиев Қыдыр
- Айтжанова Рымкүл
- Әттенбекова Ишанкүл
Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесіне жетіп, Ұрпақтарына тәрбие беріп отырғандар:
- Райымбекова Айсұлу
- Телібаева Ұмтыл
- Қазылықова Нағима
Тыл ардагерлеріне қандай құрмет көрсетсек те лайықты, артына көптеген ұрпақ қалдырып, ұлағатты, адамгершілік тәрбие беріп еңбектерін сіңірді. Ата-аналарымыздың өмірбаяны, өткен жолы, атқарған іс-әрекеттері, еңбек етуі – ұрпаққа таптырмас адамгершілік қасиеттерге апаратын үлгі-өнеге болып қала береді.
Қан кешкен соғыстан қайтқан шынайы ұлы ұстаздар еді, кезінде Ыбырай Алтынсары айтқандай : «Мұғалім мектептің жүрегі. Мен жақсы оқытушыны бәрінен де жақсы көремін» — деген екен. 1944 жылдан бастап оқығаннан, көптеген ұстаздардың алдынан дәріс алдым. Олар сұрапыл соғыстан түрлі машахаттарды, қиындықтарды өткізіп, елге оралып жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, білім беруде үздік атанған ұстаздар еді, елдің, қалың халықтың құрметтісі де солар еді.
Аты жер жүзі әлеміне аңызға айналған Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі – ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, ғалымын да, ақылғой данасын да,еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» — деген екен.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан сұрапыл соғысына «Жон» ауылдық және «Талдыбұлақ» ауылдық советтеріне қарасты «Ынтымақ», «Көркею», «Жаңаарық», «Жаңакүш», «Ілгерібас», «Ақтоғай», «Серго» және «Каганович» атындағы колхоздардан көптеген майдангерлер қатынасқан. Солардың ішінен өніп-өсіп туған еліне, жеріне аман оралып, халқына ерінбей еңбек етіп, елінің, ауылдың, жастардың білім алып дамуына зор үлес қосып өмірден өткен ұстаз майдангерлер туралы жекелеп айтпақпын.
- Есжанов Бердібай – Ұлы Отан соғысынан жарақаттанып, 1943 жылы елге оралып, «Көркею» колхозында 1-2 клас ашып, бала оқыта жүріп, 1947 жылы аудан орталығындағы орта мектебінде директор болып, одан кейін Үшбас бастауыш мектебінде, кейін Жаңаарық колхозындағы Каганович атындағы жеті жылдық мектебінде мұғалім, «Сарысу» сегіз жылдық мектебінде мұғалім, Жаңаарық колхозының парторігі қызметін қоса атқарды. 1958 жылы Қазақстан Республикасының «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Ұлы Отан соғысының бірнеше орден, медальдарын иеленген, жаны жайсаң, білімді, жас ұрпақты патриоттық жігермен сендерге «Шаң керек болса, тозаңыңды шығарамын» деп, тәртіпсіз оқушыларды тәрбие мен тәртіпке шақыратын. Соңында 2-3 ұл- қыз, алты жеті немере, шөбере қалды.
- Момынов Жарылғап – Ұлы Отан соғысының жеңісінен кейін елге оралып, сүйген жары Ыбырайқызы Сатураны Қостанай облысынан ала келіп, ауданда мәдениет саласында қызмет атқарып, Жон ауылдық советіндегі «Каганович» атындағы жеті жылдық мектебінде Сапура апай орыс тілі және шет тілі, Жарылғап ағай география, биологиядан ұрпаққа тәрбие беріп үздік ұстаздар атанған. Жарылғап ағаның сыртқы бейнесі мен ішкі жан дүниесі, мәдениеті, ұстазға тән мінезі, дауыс ырғағы, психологиялық, логикалық, педагогикалық ұстаным қасиеттері халыққа үлгі еді. Қазақстан «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» және СССР одағы «Халық ағарту ісінің озаты» төс- белгілерінің иегері, офицер ұстаз еді. Балалары қыздары, немерелері шөберелерінің таң-тамаша жақсылықтарын қызықтап өткізген білгір ұстаз еді.
- Жұмабеков Мұхамеджан – 1944 жылы соғыстан елге келген соң Каганович жеті жылдық меткебінде математика, физика, химия пәндерінен көп жыл бойы жас ұрпаққа білім берді. Оқушылардың білім алуға деген ұстанымы, қатаң тәртіпті талап етіп, оқушылар зердесіне өз біліктілігін ұқтыра білетін жауынгер ұстаз еді.
- Ыбыраев Әбілда – Ұлы Отан соғысынан жеңіспен оралғаннан кейін Сарго және Каганович жеті жылдық мектептерінде мектеп директоры және педагог ұстаз болып, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосқан қарт жауынгер. Балалары мен немерелері қазіргі уақытта, сол әкелерінің тәрбиесі болар, Астана мен Алматы қалаларындағы Жоғарғы оқу орындарындағы бір немересі Қазақстанның жас жауынгерлерін дайындауында, әскери қызмет атқарады. Немересінің кішісі Ержан Әбілдаев – «КСРО Халық ағарту ісінің үздігі», Ұлттық университетте жас ұрпаққа тәрбие беруде.
- Дәуірбаев Шахыбала – 1940 жылға дейін Қырғызстанда балалар үйінде тәрбиеленіп, білім алып, мұғалім болып жүріп, Ұлы Отан соғысына қатынасып, 1948 жылы Жамбыл қаласынан туған-туыстарын жаяулатып іздеп тауып, «Коммунар» жеті жылдық мектебінде мұғалім болып, 1952 жылы «Талдыбұлақ» ауылдық советіндегі «Серго» атындағы мектепте ұзақ уақыт бойы директор болып жас ұрпаққа тәрбие, білім берді. Ұлы Отан соғысының бірнеше орден, медальдарының иегері. «Қзақ КСРО Халық ағарту ісінің озаты» төсбелгісімен марапатталған. Артында 5 ұл, 3 қыз, 30 немересі, 20 шөбересі бар. Аудан бойынша мәртебелі, үлгілі, зиялы жауынгер ұстаз еді.
- Жөкенов Ақмолда – соғыстан елге оралған соң «Серго» атындағы және «Каганович» жеті жылдық мектептерінде орыс тілі мен неміс тілдерінен ұрпаққа тәрбие-тәлім берді. Ауданның түрлі мекеме орындарында, аудандық газетте, байланыс бөлімінде, Жаңаарық ауылдық кеңесінде хатшылық қызмет атқарған. Жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін ұстаз еді. Артында 9 баласы, 30 немересі, 20 шөбересі бар.
- Түсіпов Жақан – Жон ауылдық советіндегі алғашқы бастауыш мектеп ұйымдастырушысы директоры Өтепов деген азаматпен бірге 1934 жылы бірінші класта Ынтымақов Жұмаділда, Ерсейтов Рахыжан, Әбілхайыр Жәңгіров деген тағы басқа балаларға сабақ берген. Керек десең Жайлаукөл совхозының арғы бетіндегі Шилі деген Сарысу ауданының киіз үйі орталығындағы, 1928 жылы Жаңарқадан ауыл келе жатқан жастарға сабақ берген алғашқы ұстаз болған. Қан көшкін соғыстан оралғаннан кейін, Серго және Каганович атындағы мектептерде қазақ тілінен сабақ берген. (Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, «Еңбек ері» мерекесімен марапатталған. Еңбек ері, композитор, халық жазушысы, суретші, әнші Ілия Жаканов пен Зейнеп Түсіпованың әкесі, артында 2 ұл, 3 қыз, 10 немересі, 8 шөбересі қалған.
Жоғарыдағы ұстаздармен қоса Каганович жеті жылдық мектебінде Аймағанбетов Төлен, Илясов Қуандық директор болған, Артықбаев Иманмұса, Аяпов Тәңірбеген, Әбдірахманов Асқабек азаматтар ұстаздық еткен.
Соғыс кезінде жетінші класты бітіргендердің алды – Ерсейтов Рахыжан, Ынтымаков Жұмаділда, Жәңгіров Әбілхайыр мектепте, колхоздың сауаты жоқ адамдарына сабақ берген. Сыздықбаев Ұзақбай, Жәңгіров Әбілхайыр, Тойымбеокв Үрістем, Ыбыраев Жетібай, Ерсейтов Рахыжан – 1944 жылы әскерге алынып, Ұлы Отан соғысындағы жеңістен елге оралып, сырттай жоғары білім алып, біразы партия және атқару комитеттерінде, республиканың әр өңірлерінде жұмыс атқарып халыққа қызмет еткен жауынгерлер еді.
Жұмашбек Әділбеков,
Тыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы, үздік ұстаз