ЖАҢААРЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНЕ КАНДИДАТТАР
Жаңаарық ауылдық округі әкіміне үміткер
Дүйсен Жалғас Дүйсенұлының сайлауалды БАҒДАРЛАМАСЫ
Құрметті ауыл тұрғындары!
Мен қасиетті Сарысу жерінде туып — өстім. Жаңаарық ауылдық округі әкіміне өз кандидатурамды ұсына отырып, ауыл тұрғындары алдындағы үлкен жауапкершілікті терең түсінемін. Ұ.Сыздықбаев және Ақтоғай ауылдарындағы өзекті мәселелерді біле отырып, менің әкім ретіндегі міндетім — заңнама аясында және өз құзіретім шегінде ауылды және азаматтарды кәсіби басқару, олардың мүдделерін білдіру және қорғау, аппаратты сауатты басқару.
Ауылдық округтың дамуы үшін алдыма қойған мақсаттар-ды орындауға барлық күшім мен білімімді жұмсаймын.
Әкім тәжірибелі басқарушы — шаруашылық жүргізуші болуы тиіс деп сенемін. Ауылдық округ әкімі ретінде ауыл тұрғындарымен, шаруақожалықтарымен және кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істеу және ауыл өміріне белсенді қатысу үшін өз бағдарламамды ұсынып отырмын.
Уақыт талабына сай жергілікті өзін — өзі басқаруды дамыту бағытында жұмыс жасап, жергілікті қауымдастық, ардагерлер кеңесі, отбасы және әйелдер ісі кеңесі, жастар ісі сияқты қоғамдық ұйымдардың жұмысын дамыта отырып, мемлекеттік басқарудан халықтық басқаруға қол жеткізу. Жергілікті жерде қоғамдық бақылауды енгізу арқылы ауылдағы ахуалға ауыл тұрғындарының ықпалын арттыруға қол жеткізу.
Ауыл тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету жұмыстарын қадағалау. Аз қамтылған отбасылардың, қарттар мен мүгедектердің тұрмыс жағдайларын тұрақты түрде назарда ұстау. Мұқтаж жандарға көмек ұйымдастыру.
Ауылдың негізгі тірегі мектеп болғандықтан, мектептің тұрақты жұмыс жасап, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге ықпал жасау.
— Ұ. Сыздықбаев және Ақтоғай ауылдарындағы өзен арнасын бұруға арнайы шлюздер мен арық жүйелеріне лотоктар орнату;
— Ақтоғай ауылындағы шомылатын орынға дейін жол салу, автотұрақ салу және маңайын абаттандыру;
— Ұ. Сыздықбаев ауылына жол бойына «LED» экран орнату;
— Ақтоғай орта мектебінің алдына автотұрақ салу;
— Сарысу орта мектебінің алдына автотұрақ салу;
— Ұ. Сыздықбаев және Ақтоғай ауылдарындағы көше бойларына орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату;
— Ұ. Сыздықбаев ауылына ұлттық спортты дамыту үшін бәйге командалық көкпарға арналған атшабар салу;
— Ақтоғай ауылына арка және ауылдық округтің төлқұжатын орнату;
— Ұ. Сыздықбаев ауылына жабық футбол алаңын салу;
— Ақтоғай ауылына волейбол алаңшасын салу;
— Ақтоғай ауылындағы бейіт қоршауын қалпына келтіру;
— Ауылдық округ бойынша санитариялық тазалықты қамтамасыз ету, сенбілік өткізу, саябақтарды абаттандыру жұмысын жүргізіп, елді мекен келбетін жақсартуды ұйымдастырамын.
— Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының өркендеуі жолында маңызды рөль атқаратын салалардың бірі. Сондықтан ауыл тұрғындарын осы саланың дамуына көбірек тартуға күш саламын. Жаңаарық ауылдық округі мал өсіруге қолайлы, осы бағытта мал басының өсуіне бар күш-жігерімді саламын. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының мал басына, қарапайым малдарды асылдандыруға бөлінетін субсидияларды тиісті шаруалардың алуына толық жұмыс атқаратын боламын.
— Конго қырым қанды геморрагиялық қызбасына қарсы залалсыздандыру жұмысының орындалуын бақылауда ұстайтын боламын.
Құрметті ауыл азаматтары!
Ауданымызды көркейту барлығымыздың азаматтық парызымыз.
Ауыл әкімінің тиісті заңнамалармен бекітілген құзыретіне кіретін міндеттерді жүргізетін боламын.
Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.
Жаңаарық ауылдық округі әкіміне үміткер
Тұзақбай Азамат Қаратайұлының сайлауалды БАҒДАРЛАМАСЫ
Құрметті ауыл тұрғындары!
Мен, Тұзақбай Азамат Қаратайұлы, Жаңаарық ауылдық округі әкімі лауазымына өз кандидатурамды ұсына отырып, еліміздің ауыл шаруашылығы, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық саяси, мәдени және рухани дамуына үлес қосуды алдыма мақсат етіп қоямын.
Ауылдық округтің даму болашағы үшін алдыма қойған мақсаттарды орындауға барлық күшімді, білімімді және жастық жігерімді жұмысаймын.
— «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңында көрсетілген ауыл әкімінің құзіретіне жататын жұмыстардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етемін.
— Шағын кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға берілетін қайтарымсыз мемлекеттік гранттармен шағын несиелерді алуына ықпал жасаймын.
— «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, 2,5 % жеңілдетілген несие алуға ниеттенген ауылдық округ тұрғындарына ықпал жасаймын.
— Денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт салаларының дамуына және азаматтардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін заманауи спорт алаңшалары мен бүлдіршіндер үшін ойын алаңшаларын орналастыру, жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында спорт ойындарын өткізуді ұйымдастыратын боламын.
— Ұ.Сыздықбаев ауылында жаңа ангарлы спорт зал ғимаратын салу;
— Ұ.Сыздықбаев ауылында «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабын орнату;
— Ауылдық округке төлқұжат орнату;
— Ұ.Сыздықбаев және Ақтоғай ауылдарындағы клуб үйлерін күрделі жөндеуден өткізу;
— Ауылдық округке қарасты көшелерді жөндеуден өткізу және көше жарықтарын орнату;
— Ауылдық округке көгілдір отын тарту;
— Округтегі саябақтарды абаттандыру;
— Ауылдық округ аумағында ұялы интернет жылдамдығын арттыру;
— Ақтоғай ауылында туристік саланы дамыту бағыттарында жұмыстар жүргізетін боламын.
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының өркендеуі жолында маңызды рөль атқаратын салалардың бірі. Сондықтан ауыл тұрғындарын осы саланың дамуына көбірек тартуға күш саламын. Жаңаарық ауылдық округі мал өсіруге қолайлы, осы бағытта мал басының өсуіне бар күш-жігерімді саламын. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының мал басына, қарапайым малдарды асылдандыруға бөлінетін субсидияларды тиісті шаруалардың алуына толық жұмыс атқаратын боламын.
Құрметті ауыл азаматтары!
Ауданымызды, ауылдық округімізді көркейту барлығымыздың азаматтық парызымыз.
Ауыл әкімінің тиісті заңнамалармен бекітілген құзыретіне кіретін міндеттерді жүргізетін боламын.
Сайлауға қатысып, дұрыс таңдау жасайтындарыңызға сенемін.
Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.
Жаңаарық ауылдық округі әкіміне үміткер
Оспанов Айдос Жүсіпбекұлының сайлауалды БАҒДАРЛАМАСЫ
Мен Жаңатас қаласының тумасы, Оспанов Айдос Жүсіпбекұлы, Жаңаарық ауылдық округі әкіміне өзімнің кандидатурамды ұсынып отырмын.
Жаңаарық ауылдық округі бойынша сайлаушылардың сеніміне ие болу, ауыл тұрғындары алдындағы үлкен жауапкершілік екендігін түсінемін.
Ендігі кезекте, менің сайлауалды бағдарламамның қысқаша мазмұнын сіздерге баяндауға рұқсат етіңіздер.
Мен өзім әкім болып сайланатын округтегі әрбір ауыл тұрғындармен қоян-қолтық араласып, олардың әл-ауқатының жақсаруына, кездескен кез-келген мәселенің дұрыс, заң аясында шешілуіне үлес қосуды өзімнің борышым әрі парызым деп есептеймін.
Ең алдымен, ауылдың гүлденуі үшін ең бастысы жолдарының, көше жарығы және тозығы жеткен электр желілерінің мәселелері шешімін табуы қажет. Сонымен қатар, басқа да шешілмеген мәселелер баршылық.
Мен жастық жігерім мен біліміме сүйене отырып, осы жағдайларды ретке келтірудің амалдарын толық табуға, әрі осы мәселелерді жүзеге асыруға бар күш-жігерімді саламын.
Сонымен қатар қосымша жұмыс орындарын ашу үшін ауыл шаруашылығын, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер және жұмыс істей алмайтын әлеуметтік аз қорғалған жалғыз басты азаматтардың материалдық жағдайын, өмір сүру деңгейін жақсартуға бар білімім мен қажыр-қайратымды салатын боламын.
Елдің тірегі жастар. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жастарға қазақстандық патриотизм, ұлттық мінез-құлық, тектілік, білімділік қасиеттерін сіңіруде тың бастамаларды қолға алатын боламын.
Жастардың мәселесіне жете назар аударып, мемлекеттік жастар саясаты аясында имандылық, салауаттылық, жастар кәсіпкерлігі, тәрбие, сапалы білім алуына аса ден қойып, мүмкіндігінше қолдау-көмек көрсетемін.
Алдағы уақытта әкім болып сайланар болсам, осы жағдайларға жете назар аударатын боламын.
Сайлаушылардың мүдделерін барынша қолдай алатынымды және білімім мен жастық жігерімді алға тарта отырып, халықтың тұрмыс-тіршілігін көтеруге арналған іс-әрекеттермен ел сеніміне берік екендігімді дәлелдейтін боламын.
Осы мәселелерді шешуге менің жоғарыда көрсеткен сайлауалды бағдарламамды нақты іске асыруға ерік-жігерім, білімім мен қажырлығым толық жетеді деп нақты сенемін.
Ең бастысы, халықтың аманатын орындауға бар күш-жігерімді саламын деп айта аламын.
Құрметті сайлаушылар!
Менің кандидатурамды қолдап дауыс берсеңіздер, мен өзімнің білімімді, өмірлік тәжірибемді, жас жігерімді халық игілігіне жұмсауға Сіздерді сендіремін.
Жаңаарық ауылдық округі әкіміне үміткер
Аманбеков Әділет Кенжебекұлының
сайлауалды БАҒДАРЛАМАСЫ
Мен Сарысу ауданының тумасы, Аманбеков Әділет Кенжебекұлы Жаңаарық ауылдық округі әкіміне өз кандидатурамды ұсына отырып, сайлауалды бағдарламамды назарларыңызға ұсынамын.
- Елді мекендерді газдандыру жұмыстарын қадағалау, тиісінше оның тұрақты және жеткілікті көлемде берілуіне ықпал етуге;
- Мекемелер мен ауыл тұрғындарының қысқы жылыту маусымын сапалы өткізу жөніндегі жұмыстарға ықпал етуге;
- Елді мекендерді көркейту, абаттандыру жұмыстарының сапасын арттыруға ықпал етуге;
- Елді мекендер көшелерінің автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілуіне ықпал етуге;
- Денсаулық сақтау ұйымдарын дамыту арқылы халықтың денсаулығын арттыру бағытындағы жұмыстарға ықпал етуге;
- Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына көмектесуге, қоғамдық тәртіп сақталуы үшін құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдар, жергілікті қоғамдастық және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып іс-қимыл көрсетуге атсалысуға;
- Ауылға заманауи үлгідегі спорт кешенінің соғылуына ықпал жасауға;
- Әлеуметтік осал топтардың, көп балалы және жалғыз басты отбасылардың материалдық жағдайларын көтеру туралы қоғамдық бастамаларға мұрындық болуға жұмыс жасаймын.
Басты ұстанымым – Ел мүддесіне қызмет ету.