АТА-БАБА РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ
Аудан орталығындағы жаңартылған «Даңқ» монументінде 9 мамыр – Жеңіс күніне орай гүл шоқтарын қою салтанаты өтті. Бір минуттық үнсіздік кезінде аудан тұрғындары ерлікпен қаза тапқандарды еске алып, олардың бейбіт өмір үшін жасаған ерліктеріне тағзым етті.
Биыл еліміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуде. Жаңғыртудан кейін жаңа келбетке енген «Даңқ» монументінде өткен шарада бүгінгі ұрпақ өз өмірін бейбітшілік жолында құрбан еткен ардагерлерге алғыс білдірді.
Мәңгілік алауға аудан әкімі С.Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков, құқық қорғау органдарының өкілдері, аудандық және қалалық ардагерлер, аудандық қоғамдық, аудандық ауған соғысы кеңесінің мүшелері, мекеме, кәсіпорын басшылары және қызметкерлері, мектеп мұғалімдері гүл шоқтарын қойды. Аудан тұрғындары да гүлдерін, балаларын алып, «Жеңіс күні» әнімен монумент алдына келіп, тағзым етті.
Ауданымызда 47 тыл ардагерлері өмір сүруде. Өкінішке қарай, Ұлы Отан соғысының ардагерлері арамызда жоқ. Алайда олардың ерлігі мен есімі халық жадында — ұрпақтан- ұрпаққа сөзбен де, бүгінгідей шаралар арқылы да айтылып келеді.
Сұрапыл соғыста жеңіске жету жолында миллиондаған адамның өмірі қиылды. Сондықтан адамзат өткен соғыстың құрбандарын жақсы біледі. Бүгінде қасық қаны қалғанша шайқасқа қатысып, жеңіс күнін сыйлағандарды ешкім ешқашан ұмытқан емес. Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есте сақтау және олардың рухтарына тағзым ету – қасиетті борышымыз.
Сәулет есқараев,
«Sarysý»
Кеѕ кґөлемде аталып өтті
9 мамыр-өлшеусіз даңқтың, өшпес қаһармандық ерліктің, халқымыздың шексіз, мұқалмас қайратының мерекесі. Ұлы Жеңіс күні бейбітшілікті сүйгіш барша адамзаттың мерекесі. Жеңіс күні бүгінгі жеңімпаз ұрпақтың балалары мен немерелері үшін жарқын да қасиетті мереке.
Қиян-кескі шайқастарымен есте қалған Ұлы Отан соғысы 27 млн. адамның өмірін құрбан етті. Соның ішінде қазақ батырлары да бар еді. Соғыс жылдары Кеңес әскері қатарына 1 млн. 200 мың қазақстандық шақыртылды. 601 мың қазақстандық туған жерге оралмады. Жеңіс күні, әр батырымызды еске алып, есімдерін атайтын күн. Сол жылдары Сарысу ауданынан майданға 2500 — ге жуық жерлесіміз аттанды. Ұрыс даласында опат болған 1531 адамның 551-і хабарсыз кеткен еді.
Орталық алаңда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Мың тағзым, саған, Жеңісім!» атты театрландырылған мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады: — Төрткүл дүниені дүрбелеңге салған Ұлы Отан соғысы зеңбірегінің соңғы жаңғырығы мен автомат дауысының ақырғы үнінің тоқтағанына – биыл 80 жыл! Артта қалған 80 жыл бойы – біз Ұлы Отан соғысының ауыр қасіреті мен ол әкелген жазылмас жара, жүрекке «сызат» салған шері туралы үнемі айтып келеміз. Өйткені, бұл тарихи Жеңіс – соғыс өртін көрген, оның зардабын шеккен барлық халық үшін ортақ Жеңіс. Олай болса, барша Сарысу ауданы тұрғындарын Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ұлы Жеңіс – майдандағы әрбір жауынгердің жанқиярлық ерлігі мен тылдағы халықтың жанкешті еңбегі арқасында келгені дәуір ақиқаты!
Сондықтан да, осы 80 жыл бойы – майдан даласында өлшеусіз ерлік көрсеткен жау жүрек батырларымыздың өмірі мен қаһармандық жолдарын жас буын өкілдеріне үлгі-өнеге етуден бір сәтте тайған емеспіз, — деді. Мұнан соң аудан басшысы ауданымыздағы бірқатар еңбек және Тыл ардагерлеріне «ҰОС -на 80 жыл» мерекелік төсбелгіні тақты. Сондай — ақ, жуырда Тараз қаласында өткен облыстық «Жеңістің туы желбіресін» атты байқаудың жеңімпаздарын Алғыс хаттармен марапаттады.
Орталық алаңда Ұлы Жеңіс күнін бейнелеуге арналған театрландырылған көрсетілім қойылып, жиналғандар мерекелік-көпшілік концертті тамашалады.
Көрініс барысында сұм соғыстың басталғанын естіген ауыл тұрғындарының ер-азаматтарды майданға аттандырғанын сахнаға шығарды. Ал, екінші «Сұрапыл соғыс» бөлімінде алаңға ақ атпен Ұлы Отан соғысының батыры, Халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлы шығып, әкесінің батасын алып, майданға аттанғаны және үшінші «Соғыс» және төртінші «Ұлы Жеңіс» бөлімдерінде Бауыржан Момышұлының соғыстағы ерлігі, Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккені көрсетілді.
Мерекелік кеште «Журавли», «Эх, дороги», «День Победы» әндері шырқалды. Сондай-ақ, іс-шара аудандық мәдениет үйінің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Мың тағзым саған,
майдангер!
«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген қағиданы ұстана отырып, жас ұрпақты тарихымызды тереңнен тануға баулу мақсатында әлем тарихындағы ең сұрапыл соғыста әділеттің ақ таңы атқан Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Мың тағзым саған, майдангер!» атты іс-шара өткізілді. Адамзатқа қайғы-қасірет әкелген қанқұйлы соғыста Отан үшін жанқиярлық ерлік көрсетіп, Жеңіс туын желбіреткен батырларға ұрпақтары құрмет көрсетіп, майдан даласында шейіт болған боздақтардың рухына тағзым етіп, 1 минут үнсіздікпен еске алды. Салтанатпен сап түзеген мекеме, мектеп ұжымдары «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, әкелер рухына тағзым етті. Байқадам ауылдық округінің әкімі Өксікбаев Мейіржан Нұргелдіұлы құттықтау сөз сөйледі. Жиналған қауым Балтабай Адамбаев атындағы тірек орта мектебі мен Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебінің оқушыларының салтанатты сапта жүріп ән айтуын тамашалады. Ержүректілігі мен табандылығының арқасында ұрпағына бүгінгідей бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге алғыс үлгісіндегі әндер айтылып, өлеңдер оқылды. Саудакент ауылдық мәдениет үйінің әншілерінің орындауында С.Бәйтерековтің «Әлия», А.Шәмкеновтың «Ана туралы баллада», Қ.Жүнісовтің «Ант етем», О.Сәдуақастың «Ән сал, сарбаз», С.Елемесованың «Қазағымның жігіттері», Е.Хасанғалиевтің «Атамекен», Д.Тухмановтың «День Победы» және «Әжелер» тобының орындауында М.Төлебаевтың «Кестелі орамал» және басқа да әскери әндер орындалды.
***
Ұ.Сыздықбайұлы ауылында 9 мамыр — Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өтті. Жеңістің 80 жылдығына арналған мереке алдымен бабаларды бір минут үнсіздікпен еске алумен бас-талды. Салтанатты шарада ауылдық округінің әкімі Қ.Алдабергенов, тыл ардагері Ж.Әділбеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Бакенов және аудандық мәслихат депутаты О.Мұқашов сөз алып, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады. Ауыл тұрғындары мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады.
Шара соңы майдан даласында Отанын қорғап, көзсіз батырлық пен қайсарлық көрсеткен батыр бабаларымыздың ескерткішіне гүл қою рәсімімен жалғасты.
Сондай-ақ Ақтоғай ауылындағы клуб үйінде мереке аталып өтті. Шарада ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Шады Салықбаев құттықтау сөз сөйлеп, ашып берді.
Ауылдың алты ауызы айтылған концерттік бағдарламада Ұ.Сыздықбай-ұлы ауылы мен Ақтоғай ауылының өнерпаз ардагерлерінен құрылған «Шабыт» тобы өнер көрсетіп, хордың орындауында «Катюша» және «Бейбітшілік сақталады» әндерін орындаса, ауыл әншісі Саспақов Әбзелбек «Тәуелсіз Қазақстан» әнін әуелете шырқады. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ақділда Диханбай «Кестелі орамал» әнін шырқағанда тебіренбеген көрермен болмады. Ауыл ардагерлері Мейраш Қаракесекова «Қазақ қызы», Дүйсен Сапарбаев «Ана туралы баллада», Өтешова Айжан «Соғыстан қайтқан солдаттар» әндерін шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ардагерлермен бірге Ақтоғай орта мектебінің оқушылары бірлесе өнер көрсетті. Шарада ауыл өнерпазы Арман Алдашов және мектеп оқушылары Ақділда Диханбайдың «Ақтоғай әнім» атты авторлық әнін жанды дауыста орындап берді. Әнмен әрленіп, бимен көмкерілген шара тұрғындарға керемет көңіл күй сыйлады.
***
Мерекеге орай Досбол ауылдық округінде “Ер есімі — Ел есінде” тарихи ескерткіш монументіне батырлардың ерлігіне құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шараға Досбол ауылдық округ әкімі А. Сапарбек және ауыл ардагерлері, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысып, майданда қаза тапқан батыр аталарымызды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Іс-шараның соңында ауыл ардагерлеріне мерекелік концерт қойылды. Мерекелік іс-шаралар барлық ауылдық округтерде кеңінен аталып өтті.
Сәулет есқараев,
«Sarysý»