Өмірдің мәні, тіршіліктің сәні-Ана!

0

Тамылжыған көктемнің арайлы шуаққа толы мерекесі-Халықаралық әйелдер күніне орай аудан әкімі Сәкен Мамытов ақжаулықты аналардың отбасыларына барып, мерекемен құттықтады.

Ең әуелі аудан басшысы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбекпен бірге Игілік ауылының тұрғыны, 103 жастағы Бибайша Өмірбаеваның шаңырағына барып, мерекемен құттықтады. Батыр анаға гүл шоқтарын тапсырып, сый — сияпат жасады.

Аудан әкімі өз сөзінде: «Қарттарымыз-қазынамыз. Біз әрдайым сіздердің еткен еңбектеріңіз бен ел үшін жасаған қызметтеріңізді жадымыздан шығармаймыз. Сіздердің өмір жолдарыңызды әрдайым бүгінгі буынға өнеге етіп келеміз. Бүгінгі өздеріңіз арқылы барша ауданның ақжаулықты аналары мен қыз-келіншектерді мерекемен құттықтаудамыз»,- деді.

Арнайы құттықтай келген азаматтарға ризашылығын білдірген ардагер ана елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді.

Мұнан соң, Саудакент ауылында тұратын тыл және еңбек ардагері Халықтар орденінің, «Ерен еңбегі үшін», «Тыл ардагері», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері, ауданның Құрметті азаматы Алтын Досжанова апаның үйіне ат басын тіреді.

Еңбек ардагері балалық шағында қиын — қыстау кезеңдерді бастан кешіріп, өмірде түйгені мол. Ауданымыздың әлеуметтік дамуына зор үлес қосып жүрген ардақты жан тоқсанға жақындаса да әлі де тың.

Аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы әзиз анаға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тіледі. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов пен аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек те ізгі тілегін айтты. Еңбек ардагеріне құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары мен сый-сияпат табысталды. Өз кезегінде Алтын Досжанова аудан басшылығына алғысын білдіріп, жұмыстарына береке тіледі.

Сонымен қатар аудан басшысы  Жаңатас қаласының тұрғыны, 97 жастағы Бортан Айдапкелованың үйіне барып, қарт ананы мерекемен құттықтады.

Ғасырға жуық өмір сүріп жатқан әз-ана көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері, 5 ұл, 1 қыз өсіріп тәрбиелеген.

Аудан басшысы ардақты әжеге ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің қызығына бөленіп жүре беруіне тілектестігін жеткізді. Қарт әжей аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, елдің амандығын, бірлігіміздің бүтіндігін тіледі.

Мерекелік құттықтау аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов пен Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Қуандық Алдабергеновтің ауылдық округ тұрғыны, Тыл ардагері, ұлағатты ардагер ұстаз Ұмтыл Телбаева әжейдің шаңырағына барып, мерекелік құттықтауымен жалғасты.

Саналы ғұмырын білім жолына арнаған ардақты Ұмтыл әже 40 жылға жуық ұстаздық еткен. Перзенттері 3 ұл, 2 қыздан 11 немере, 8 шөбере сүйген Ұмтыл Исламғалиқызы ауылдың аяулы әз-анасы.

Аудан әкімінің орынбасары абзал анаға ізгі тілегін айтып, гүл шоқтарын тапсырып, сый-сияпат жасады. 90 жасқа аяқ басқалы тұрған ауылдың ардақты анасы Ұмтыл әжей мерекеде арнайы келіп құттықтаған аудан басшылығына алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Еңбек ардагері елдің, жердің амандығын, ұрпақтың білімді, тәрбиелі болып өссе деген тілегін жеткізді.

Мереке күні аудан басшылығының құттықтаулары жалғасып жатты. Аудан әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркенов пен Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Нұрхан Ақмағанбетов Жаңаталап ауылының тұрғыны, Тыл ардагері, алтын құрсақты ана Рысжан Сағындықованың үйінде болып, мерекемен құттықтады.

Жастайынан еңбекке ерте араласқан Рысжан әже соғыстан кейін еңбекке араласып, Тыл ардагері атанған. Бүгінде үлкен әулетке айналған алтын құрсақты ана арнайы атбасын бұрып, мерекемен құттықтап келген аудан әкімінің орынбасары Жанғозы Өмірғалиұлына ризашылығын білдірді.

Жанғозы Жаркенов Рысжан әжейді мерекемен құттықтап, бақыттың бастауы, берекенің ұйытқысы, қай кезеңде болмасын, ұрпаққа өмір сыйлаған аналардың орны ерекше, Анаға құрмет көрсетіп, қадірлеу — ол кейінгі ұрпақтың басты парызы екендігін айта келіп, гүл шоқтарын беріп, сый — сияпат көрсетті. Ауданға еңбегі сіңген, дуалы ауыздан дұғасы үзілмеген әженің бар тілегі ұлтымыздың тұтастығы мен бірліктің бекемдігі.

Камели Сүлейменова, 

«Sarysý»

 

Аналар құшағы гүлге толды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың әйелдер қауымы отбасының ұйытқысы, береке, бірліктің шырақшысы, адам өміріндегі қуанышты сәттердің көбейтушісі деген сөздері әрбір нәзік жанның сипаттамасы. Осынау көркем  мерекенің қай кезде де орны бөлек.

Олай болатыны, аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет       ешқашан үзілмек емес.Аудан әкімі Сәкен Мамытов мереке қарсаңында ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетті.

Аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған «Аяулы асыл жандар!» атты салтанатты шара өтті.

Сахна шымылдығы «Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымының «Гүл көктем» композициясымен ашылған кеш көрермендерді ерекше әсерге бөледі.

Салтанатты шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, құттықтау сөз сөйледі:

— Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан аналарын аялап, аруларын ардақтап, оларды киелі шаңырақтың алтын діңгегіне айналдырған еңселі ел. Көктемнің ақ қанат қарлығашындай болып келетін 8-ші наурыз – асыл ананы, сүйікті жарды, сенімді әріптесті, қадірлі қарындасты, ибалы қызды айрықша мейірімге бөлейтін мереке! Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылғы көктем мерекесі қарсаңындағы құттықтауында «Аяулы аналарымыз өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, оларды еңбекқор, білімпаз болуға тәрбиелейді. Бүгінде әйелдер қауымының отбасындағы, қоғам өміріндегі және мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі орасан зор» деп Аналардың қоғамдағы орнын ерекше атап өтті. Баршаңызға зор денсаулық, амандық тілеймін!

Аналардың әрқашан құшағы гүлге, жүздері қуанышқа толсын! Отанымыз – қуатты, отбасымыз – шуақты болсын, — деп ауданымыздың экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар аналарымызды Жамбыл облысы әкімінің, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков жиналған қауымды мерекемен құттықтады: “Бұл күн — әрбір әйелге зор құрмет көрсету күні. Мұны қоғамның рухани байлығын арттыруға бағытталған қадам деп білемін. Әйелдер біздің өміріміздің барлық саласында маңызды орын алады. Олар жанұяларымыздың тірегі, қоғамымыздың дамуына ықпал етуші тұлғалар. Осы мереке арқылы біз олардың еңбегін бағалап, қолдау көрсетеміз. Осылайша, ауданымызда өткен шара әйелдерге деген махаббат пен құрметтің көрінісі болмақ”,- деп аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапаттады.

Одан кейін «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұратбек Есмұрзаев  жылы лебізін білдіріп,  «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарын табыстады.

Сондай- ақ  залдағы барлық аруларға аудан әкімінің бағалы сыйлықтары мен гүл шоқтары тарту етілді. Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты. 

Сахнада композитор, қазақтың дәстүрлері мен жаңа музыкалық үрдістерін біріктіріп, халқының сүйікті әншісіне айналған Роза Әлқожа ән шырқап, көрермендердің ықыласына бөленді.  Аудандық мәдениет үйінің «Жігіттер», «Этно» тобы  барша аруларға әуезді әннен шашу шашса,  «Айжанқыз»  би ұжымы мың бұрала би биледі.

Сазды әуендер шырқалып, бүлдіршіндер биден шашу шашқан кеште ақ жаулықты аналар мерекеге орай үлкен құрмет көрсеткен аудан әкіміне ризашылығын жеткізіп, ақжарма тілегін білдірді.

«Дүние аналармен көрікті» — өмірге бар болмысымен көрік  берген аяулы жандардың қашанда күш — қуаты мен жігерлілігі, парасаттылығы мен төзімділігі арта берсін.

***

Ана-өмірдің шырағы

Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен  8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған «Ана – өмірдің шырағы!» атты мерекелік кеш өтті. Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні саудакенттік аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді.

Мерекелік іс-шараға ауыл әкімі Өксікбаев Мейіржан қатысып, ардақты аналар мен қыз-келіншектерді төл мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ, олардың тек отбасының ұйытқысы ғана емес, бүкіл қоғамды алға сүйрейтін, елдің бірлігін күшейтетін, берекесін молайтатын қуатты қозғаушы күш екенін жеткізіп, ізгі лебізін білдірді. Түрлі салада белсенділігімен, адал еңбегімен көзге түскен қыз-келіншектерді Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат жасады. Сондай-ақ, мерекелік іс-шараға келген барлық  ардақты аналар мен қыз-келіншектерге гүл шоқтары ұсынылып, құрметке бөленді.

Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі,  бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды. Мәдениет үйінің  мың бұрала би билеген бишілері мен әсем үнді әншілері әуелете ән шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әсемдік пен әдеміліктің, сұлулықтың символы көктемнің ең әсем мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінің қашан да орны ерекше, мәні бөлек. Өйткені, жер бетіндегі жақсылық, ізгілік пен ұлылық атаулының бәрі де ананың ақ сүті мен ақ ниетінен тарайды. Ана — жарқын істердің бастаушысы, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегі.

Салт-дәстүрімізді сақтайық

Аудандық кітапхана мен Жаңатас көпсалалы колледжінің ұйымдастыруымен  шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі 8 нау-рыз-Халықаралық аналар  күніне орай «Сырлы жеңге, сұлу қыз» атты сайысы өтті. Ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жастардың  бойына сіңіру мақсатында «Мен қазақтың қызымын» өзін таныстыру. «Бәйге» салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғы жөнінде сұрақтар. «Өнерлі өрге жүзер» өз өнерін көрсету. /би,ән, аспаптарда ойнау/ «Қонақ күте білеміз бе?» тағам дайындау. «Қыздарға әсемдік жарасады» киім үлгісін көрсету сияқты 5 кезеңдік сайысқа түсіп, Әділханқызы Әсем, Аманбай  Әсел, Медеубаева Әсем атты аруларымыз бақ сынасты. Іс-шара барысында Елубай Абылай барша аналар құрметіне М.Мақатаевтың «Ана, сен бақыттысың» атты өлеңін әсерлете оқып берді. Сайыстың әділ бағасын беретін қазылар алқасының мүшесі колледж мұғалімі Рахимова Райхан  өз сөзінде білімділіктің киелі ордасы кітапхананың қасиетті қазынасын көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып, жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан кітапханашылар қауымына үлкен алғысын білдірді. Мейірімге толы, күн шуағындай нұрын төккен, аяулы қыздарымыздың  құрметіне арналған сайыстың әділ бағасын шығарып,  ІІІ- орынды Әділханқызы Әсем, ІІ-орынды Медеубаева Әсем, І-орынды Аманбай  Әсел иеленіп, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры А.Жолмаханованың  Алғыс хаты тапсырылып,   сый-сияпат берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.