Еңбек-ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы

0

Еңбек адамының ел, қоғамның дамуы үшін айрықша маңызы үнемі айтылады. Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында Президентіміз: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам

болуы тиіс.

Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады» деп атап өткен еді. Мақсат – еңбекқорлық идеясын ілгерілету, еңбек адамына деген құрметті арттыру, өз саласының нағыз маманы болу, адал қызмет ету, жалпы ізгі идеяларды насихаттау. Ауданымызда да ел үшін барын салып, еңбек етіп жүрген жандар көп.

Саналы ғұмырын қоғам қажеттілігіне жаратып, халық үшін жұмыс істеген ардақты жандар арамызда аз емес. Солардың бірі-Саудакент ауылында өзінің ғұмырын қоғамдық көлікпен жолаушы тасымалдауға арнаған Асқар Ібіжанұлы Ескермесов. Шын тұлғаның әр заманда да жұлдызы биік болады. Өйткені шын тұлға ең алдымен айналасына мейірімін төге білуімен, адалдығымен, еркін ойлайтындығымен, сол сияқты еңбекті ұйымдастыра білуімен ерекшеленеді. Осы тұрғыдан келгенде Асқар Ібіжанұлы Ескермесовті сөз етуге де, үлгі етуге де жарайтын айтулы адамдар қатарында аталады десек шындықтан ауытқи қоймаспыз.

Ескермесов Асқар Ібіжанұлы 1959 жылы 12 сәуірде Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы Б.Қашқынбаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1976 жылы білім ордасын ойдағыдай аяқтап, аттестатты қолына алады. Он жылдық мектепті бітірген соң СПТУ училищесінде 2 жыл 5 ай оқып, автокөлік құжатын алады. Ер азаматтың Отан алдындағы борышын атқару мақсатында 1979 жылы әскерге  аттанады, әскерден 1981 жылы туған жеріне оралып, содан соң аудандық комсомол комитетінде көлік жүргізуші болып жұмысқа тұрады. Бір жылдан соң аудандық тұтынушылар қоғамына жүргізуші болып жұмысқа қабылданады. 1982-1993 жылға дейін осы жерде жүргізуші болып қызмет атқарады.

«Тәуелсіздіктің елең алаңында 90-жылдары совхоз, колхоздар тарап, ауыл тұрғындары біраз қиналып қалғаны жасырын емес. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен уақытта шынын айтсам, не істерімді білмей қалдым. Аудандағы  облыс орталығыменен жалғастыратын жалғыз автобекеттің жұмысы да тоқтап қалды. Қарапайым ауыл жұрты дағдарып қалды. Сол тұста тәуекелге бел буып, жалға ескі автобус алып, оны түзеп-күзеп, Таразға барып келу бағытын кезең-кезеңімен жолға қоя бастадым. Әрине, алғашқы жылдары өте ауыр болды. Жаз маусымында, күздің қара суығы мен қыс айларының ызғарлы қарлы боранында да қиындықты еңсеріп, елеңдеген жолаушыларды соңғы аяалдамаға дейін жеткізіп келдім. Шүкір! Елдің тұрмысы түзелді, еңсесі тіктелді.  Жолаушыларда көбейді соңғы 9-10 жылды менен де басқа облысқа қатынайтын бағытта көліктерде пайда болды. Әрине, бәсекелестік болғаны жақсы. Қызмет көрсету сапасы жақсарды. Мен тек жолаушыларға қызмет ете қоймай, сонымен қатар пошта байланыс қызметінде мінсіз атқардым. Тараздан Саудакентке жеткенге дейін жол бойында сәлемдеме түйіншек хат-хабарды тағатсыздана күтіп алатын қам көңіл жандарда жеткілікті. Сон-ау  2013 жылы қатты дауылда Жаңатас қаласында,  Саудакент ауылында электр қуаты бір аптадан аса болмай қалғаны есімізде. Бағаналар құлап, үйдің шатырлары қирап, аудан тұрғындарының берекесі кеткен еді. Сол бір ел басында қиыншылық туғанда мен Тараз қаласынан ауылға бір жұма бойында жанкештілікпен нан өнімдерін тегін тасығанымды жергілікті жұртшылық күні бүгінге дейін айтып отырады. Имандылық деп осындай сауапты істі айтса керек. Алғысқа бөленген-Алланың сүйікті құлы дейді. Солай елдің алғысына бөлендім!!!

Қазір де бұл жұмысымды тоқтатпай Саудакент-Тараз бағытында қатынаймын. Отыз жылдан асса да шаршадым демеймін. Өйткені халықтың ыстық ықыласы мен ақ батасы мені жігерлендіріп отырады»,-дейді кейіпкеріміз өткен шаққа ой жүгіртіп.

Асқар ағай 1981 жылы Сейсенкүл Рүстембекқызы Бексейітовамен тағдыр-лары тоғысып, отбасын құрған. Қазіргі таңда екі қыздарынан немере сүйіп отырған бақытты ата-аналар.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.

«Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет.

Ана тілі-білімніѕ кілті

  Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, Халықаралық  Ана тілі күніне арналған «Ана тілі – білімнің  кілті» атты тақырыптық

кеш өтті.

Іс-шара мемлекеттік тілдің  қадір-қасиетін біліп, өз ана тілінің көркемдігін сезіну, басқа тілді  құрметтей білуге шақыру мақсатында  ұйымдастырылды. Іс-шараға Байқадам ауылдық округі  әкімінің орынбасары Құлыбеков Жамбыл  Қайратұлы  қатысты. Ол : «Тіл  — әрбір адамның жаны, тәні, бар болмыс – бітімі, асыл қазынасы,  сөз жеткісіз жауһар құндылығы.  Сол себепті өз ана тіліміздің мәртебесі биік, мерейі үстем болуы үшін бір адамдай жұмылып, өз байлығымызды асқақтатуға күш салуымыз керек»-деп  елімізде жүргізіліп жатқан салиқалы тіл саясатына тоқталып, елді, жерді сүюге және ана тілімізді ардақтап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге шақырды.

Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебінің оқушылары Сеңгірбек Алина, Борис Анел,  Балтабай Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің оқушылары  Кеңесбек Раяна, Берікқызы Кәусарлар қазақ ақындарының тіл туралы өлеңдерін мәнерлеп оқыды.  Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті. Адам ана тілімен бақытты, ана тілімен асқақ. Ұлы Абайдың өзі «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» деп таңырқап тағзым еткен тіл. Тіл – жалықпай үйренген жастың жүрегіне құйылатын нұр, олардың болашақ өмірінің Темірқазығы.

Көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады

Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу–барлық кезеңде өзекті.  Біздің келешегіміз–жасұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы.

Ел ертеңі болар бүгінгі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз ету, толыққанды білім алуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақ елінің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі. Осыған орай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру аясында оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдасты-ру мақсатында  командалар арасындағы достық пен бәсекелестікті нығайтуға бағытталған аудандық КТА (көңілді тапқырлар алаңы) ойыны өткізілді.

Аталған шараға аудандық мәслихат депутаты Б.Балғабай, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының консультанты С.Тоқбанов, аудандық ішкі саясат бөлімі бас маманы Я.Құрманбекұлы  қатысты. Оқушылар арасында өткізілген КТА (көңілді тапқырлар алаңы) ойынына Абылай хан атындағы мектеп-лицейі, М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясы және Д.Қонаев атындағы орта мектептерінің командалары қатысты. Жарыс нәтижесінде  жеңімпаз командалар марапатталды.

Өнерліге өріс кең

Жуырда Тараз қаласында балалар музыка мектептерінің және өнер мектептерінің білім алушыларының дәстүрлі 58 жас музыканттардың облыстық фестиваль-байқауы өткізілді.

Жамбыл облысы білім басқармасы Сарысу ауданы білім бөлімінің Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінен  Ықылас Дүкенұлы атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі мен домбырашылар ансамблі, қобызшылар ансамблі және жеке орындауда “Қобыз” класының 6-сынып оқушылары Әзімхан Іңкәр, Оралқызы Айша, Бахадур Дария, “Домбыра” класы бойынша Мектепберген Айару, Сәрсен Нұрислам, Айтбай Айару, Сапарбек Қазбек байқауға қатысып, жоғары деңгейде өнерлерін көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша «Ықылас Дүкенұлы” атындағы оркестрі  жүлделі 1-орынға,  оркестр жетекшісі Байдильдаев Нұрлан Ануарбекұлы, домбырашылар ансамблі бас жүлдеге, жетекшісі Қаюп Ақниет, қобызшылар ансамблі 2-орынға, жетекшісі Абдраимова Гүлдана Байдабекқызы, Әзімхан Іңкәр бас жүлдеге, Оралқызы Айша 1-орынға, жетекшісі Еркебаева Гүлнар Дүйсенбайқызы, Бахадур Дария 2-орынға, жетекшісі Нүсіпбекова Бибінұр Жомартқызы, Мектепберген Айару 1-орынға, Айтбай Айару 3-орынға, жетекшісі Тулешов Ғазиз Елубайұлы, Сапарбек Қазбек 3-орын, жетекшісі Сатыбалдиев Тұрар Күрішбайұлы, Сәрсен Нұрислам Алғыс хатқа, жетекшісі Тұрарбек Жұлдыз ие болды.
24-27 наурыз күндері өтетін республикалық байқауға домбырашылар ансамблі, Әзімхан Іңкәр, Оралқызы Айша жолдама жеңіп алды. Оқушыларымызға алдағы байқауда жеңіс тілейміз.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.