АУДАН ӘКІМІ ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ
Әкімдердің халыққа есеп беру кестесіне сәйкес, аудан әкімі Сәкен Мамытов Жаңаарық ауылдық округ тұрғындары алдында өткен жылдың жүзеге асырылған жұмыстары туралы есеп беріп, биылғы жоспарларын ортаға салды.
Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелері, аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттар, құқық қорғау органдарының өкілдері және мекеме, бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі жиында өткен жылы аудан бойынша атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, жыл ішінде атқарылатын оң істерді де тілге тиек етті.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын арттыру мақсатында бүгін өздеріңізбен жүздесіп, есеп беру жиынын ұйымдастырып отырмыз. Жиын барысында ауданда атқарылған жұмыстармен алдағы жоспарлар туралы баяндау және сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдау үшін Жаңаарық ауылдық округіне келдік.
Өткен жыл егемен еліміз үшін түрлі саяси, экономикалық және әлеуметтік жетістіктерге толы болды. Барша тұрғындардың берекелі тірлігінің арқасында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық саласында оң динамика қалыптасты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 88,7 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі — 100,3% құрады. Ауыл шаруашылығы саласында 18,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі — 121,9% құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 41,9 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 53,2%-да төмен қалыптасты. 2024 жылдың қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі 27,8 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,3%-ды құрады. Аудан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі жыл қорытындысымен 20 734 шаршы метрді құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 104,5%-ға орындалды. Жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 4,4 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 101,1%-ды құрады (2023 жылы — 4,1 млрд. теңге). Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауданымызда 1 647 шаруа қожалық тіркеліп, оның 1 528 белсенді жұмыс атқаруда. Оларға тиесілі егістік алқабының көлемі — 24 914 гектар. 2024 жылы 24 235,6 гектар егін алқабы егілді. Егістік жердің 97,2 % игерілді. Аталған егістік алқаптарына 2330 тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы егілді. Минералды тыңайтқыш алу жоспары 102,7%-ға орындалды. Мал қыстату науқанына 240 000 тонна мал азығы қоры жиналды. Қазіргі таңда, мал қыстату науқаны қалыпты өтуде. Ауданда барлығы 672 дана ауыл шаруашылығы техникалары тіркелген. 2024 жылы 852,9 млн. теңгеге 67 дана ауыл шаруашылығы техникасы жаңадан сатып алынды. Жаңарту көрсеткіші 10%-ды құрайды. Былтыр егін егу және ору жұмыстарына 669,3 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, 250 теңгеден сатылды (нарықтағы бағасы 295 теңге). 2025 жылға 1012 тонна жеңілдетілген дизель отынына сұраныс жолданды. Бағасы нарық бағасынан 18-20% төмен болады. 2025 жылдың 1 қаңтарына аудан бойынша МІҚ 23 245 бас, уақ мал 182 737 бас, жылқы 9 805 бас, түйе 2 928 басты құрап отыр. Нәтижесінде, МІҚ саны 537 басқа, уақ мал 11 063 басқа, жылқы малы 745 басқа және түйе саны 156 басқа артты. Ауданның жалпы жер көлемі 3 136 094 гектар. Егістік жер көлемі 25 031 гектар, оның ішінде суармалы жер көлемі 4 078 гектар. Қазіргі таңда елді мекен жерлері 182 470 гектарды құрайды. Оның ішінде, 174 534 гектар жайылым жерлері. 2021-2024 жылдар аралығында елді мекен жайылымына 110 000 гектар жер бекітіліп берілді. Игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 14,3 мың гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылып, жоспар 101,8%-ға орындалды. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары алда да жалғасатын болады -деді.
Сонымен қатар аудан көлемінде және шалғайдағы ауылдардың тыныс-тіршілігіне қатысты есепті мерзім ішінде жүзеге асқан оң істерге, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына, сондай-ақ алдағы міндеттер мен шешімін күткен түйінді мәселелерге кеңінен тоқталды. Сондай-ақ өткен есептік кезеңде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешілу барысына тоқталды.
Жиын соңында ауыл тұрғындары атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.
Кездесу соңында аудан басшысы тұрғындармен жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, сұрақтарға Заң аясында жауап берді.
Аудан әкімі С.Мамытовтың халықпен есеп беру жиыны Түркістан ауылдық округінде жалғасын тапты.
Кездесу барысында аудан әкімі С.Мамытов ауылдық округте атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жұмыс жоспарын баяндады. Сондай — ақ, ауылдағы көтерілген мәселелер бойынша жасалып жатқан жұмыстарды айтып өтті.
-2025 жылы Түркістан ауылдық округінде ауқымды жұмыстар жасалмақ. Атап айтсақ, Қаратас елді мекеніне газ құбыры тартылатын болады, сондай ақ, ауылда шағын футбол алаңшасы соғылады. Ә.Бүркітбаев ауылындағы «Туған өлкем – Түркістан» стелласының айналасында жаңа саябақ құрылысы жүргізіледі. Ә.Бүркітбаев ауылына кірсе-беріс жолдың бойына жасыл белдеу орнатылады. Ә.Бүркітбаев ауылындағы саябақтарға бейнебақылау камералары орнатылады. Бұдан бөлек, округ бойынша ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сарапатамадан өткен жобалар да бар. Түркістан — Үшбас бағытындағы 6 шақырым жолды, Түркістан – Арыстанды бағытындағы 12,5 шақырым жолдарды жөндеуден өткізу, Үшбас ауылындағы Жерұйық пен Майбұлақ көшелеріне асфальт салу, Үшбас ауылындағы «Қамыр әулие» кесенесіне дейін 2,1 шақырым аумаққа шағал тас төсеу және Ә.Бүркітбаев ауылындағы Ә.Бүркітбаев көшесіне 1350 метр асфальт салу жобалары іске асады. Ауданға қарасты ауылдық округтерге бар жағдайды жасау-басты міндетіміз. Осы орайда, бірқатар шаруалар шешілді. Алда атқарылатын жұмыстар көп. Сондықтан, ауылдарды дамытуға бар күш — жігерімізді саламыз, — деді.
Жиында ауылды тұрғындары жарыссөзге шығып, Арыстанды, Үшбас елді мекендеріндегі бағаналардың ескіргенін жеткізіп, ретке келтіріп беруін сұрады. Бұл сұраққа аудан басшысы көтерілген мәселелер бойынша жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізіп, бақылауға алып, жұмыс жасау үшін жауапты мекеме басшыларына тапсырмалар берді. Биылғы жылы да аудан тұрғындарының әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстарды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, бірлесе атқару керектігін айтты. Ауыл тұрғындары ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Жиын соңында азаматтарға жеке мәселелерімен қабылдау өткізді.
Сәулет есқараев, «Sarysý»