ҰСЫНЫСТАР АЙТЫЛДЫ

0

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде Жаңатас қаласының әкімі И.Домалақовтың 2024 жылдың қорытындысы бойынша халық алдындағы есеп беру жиыны өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Н.Молдабеков, мекеме, кәсіпорын басшылары, құзырлы орган қызметкерлері, ардагерлер, қала тұрғындары қатысты.

Кездесуде қала әкімі И.Домалақовтың 2024 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар және 2025 жылдың алдағы міндеттері туралы есебі тыңдалды.

-Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заң талаптарына сәйкес Жаңатас қаласын әлеумет-тік-экономикалық дамыту жолында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып келеді. Қала дамуының негізі: Қала құраушы және қала экономикасының қарқынды дамуының негізі «өңдеу өнеркәсібі» болып табылады. Қаланың экономикалық әлеуметтік дамуы халық саны мен жұмыс орындарының санына тікелей әсер етеді. Өндіріс ошақтары мен өндіріс көлемі үлкейген сайын, инфрақұрылым жүргізу (газ, жол, су, электр және т.б.) мүмкіндіктері көбейеді. Бүгінгі күнге 5 ірі өңдеу өнеркәсібі («ЕвроХим» ЖШС, «Қазфосфат» ТКӨК, «Жарас» мұнай өңдеу зауыты, «Асыл тұз» соляная компания» ЖШС, «Тараз көлік жолы» асфальт өндіру зауыты) тұрақты түрде жұмыс істеп келуде.

Үстіміздегі жылдың қаңтар-желтоқсан айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 20929,0 млн.теңгені құрап отыр. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерліктегі субъектілер саны 2246 бірлік немесе 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үлесі 91,3 % пайызды құрап отыр. Жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі үлесін жеке кәсіпкер-лер құрап отыр – 2160 бірлік,  шағын және орта – 61 бірлік, шаруа қожалықтар саны – 25. Жыл басынан бері 1 780 қала тұрғыны жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Оның ішінде 1301 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Қоғамдық жұмыстарға 422 адам тартылса, қайта даярлық пен кәсіби оқытуға – 57 адам жолданған. Жұмыссыздық деңгейі 4,2% құрап отыр.  Тұрғындарды әлеуметтік қолдау шаралары да тұрақты ұйымдастырылып келеді: қаңтар-желтоқсан айларында қаладағы 116 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, 49  отбасыға 716,0 мың теңгеге тұрғын үй жәрдемақысы төленді.

Демеушілердің есебінен 3,0 млн. теңгеге 250 отбасына әлеуметтік қолдаулар көрсетілді. (азық-түлік себеті, құрбан айт, аз қамтылған отбасылардың балаларына киім-кешек, т.б.).

2024 жылдың 7 шілдесіндегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен 16 отбасына «Қызыл ай» қоры 3,0 млн. теңге көлемінде; «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 20 отбасына 6,0 млн. көлемінде; «Сарысу» қоры 10 отбасыға 30 мыңнан көмек көрсетті,-деп атқарған жұмыстарға слайд арқылы жан-жақты тоқталып өтті. Сонымен қатар, Жаңатас қаласы бойынша 2025 жылы атқарылатын құрылыс жұмыстарын да тілге тиек етті.

Жиын барысында тұрғындар жарыссөзге шығып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Дегерез елді мекеніне кәріз жүйесін тартуды,  көше жарығын орнату керектігін айтты. Жиынды қорытындылаған қала әкімі И.Домалақов ұсыныстар мен ескертпелерді іске асыру жөнінде арнайы іс-шаралар жасалып, заң аясында шешілу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

Сәулет есқараев,  «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.