АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ПЛЕНУМ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Апта ішінде аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудандық ардагерлер кеңесінің
пленум отырысы өтті.
Басқосуға аудан әкімі С.Мамытов, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы – Е.Солтыбаев, орынбасары – Ж.Миллионов, облыстық билер кеңесінің төраға орынбасары Т.Жұмабек, аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегі ардагерлер кеңесінің төрағалары, билер кеңесі және пленум мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде «Аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысын ұйымдастыру» және «Аудандық алқабилер кеңесінің 2024 жылы атқарған жұмысы мен 2025 жылға арналған жұмыс жоспары» туралы екі мәселе қаралды.
Жиында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев сөз алып, күн тәртібіндегі негізгі мәселеге жан-жақты тоқталып өтті.
— Негізгі күн тәртібі, Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасын мерзімі өтуіне байланысты ауыстыру. 2019 жылы сайланған Жанат Жұмаділдаев өз жұмысын жемісті атқарып келді. Жалпы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы 5 жылға сайланатынын жақсы білесіздер. Ж.Жұмаділдаевтің мерзімі өткен жылы аяқталған болатын. Өздеріңізге мәлім Жанат Жұмаділдаев биыл 82 жасқа шықты. Біз облыстық ардагерлер кеңесі ақылдаса келе, Жанатқа алғысымызды білдіріп, құрмет — қошеметпен шығарып салмақшымыз, — деп Ж.Жұмаділдаевқа құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Сонымен қатар Ж.Жұмаділдаев осы уақытқа дейінгі қызметте қолдау көрсеткен аудан, облыс басшылығына алғысын білдіріп, еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тіледі.
Сондай-ақ пленумда аудандық кеңестер мен жаңадан сайланған ауылдық бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағалары пленумға мүше болды.
Алқалы жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалығына С.Аппазовтың кандидатурасы ұсынылды. Пленум мүшелері кандидатураны қолдап, бірауыздан сайлады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық алқабилер кеңесінің өткен жылы атқарған жұмыстары бойынша хабарлама жасау үшін сөз аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Қ.Жандарбек баяндама жасады.
Жиын соңында аудан әкімі С.Мамытов қорытынды сөз сөйлеп, ардагерлер кеңесінің ауданымыздағы алар орны ерекше екенін айтып, жаңа төрағаны қызметімен құттықтады.
Пленум мүшелері ұсыныс — пікірлермен алмасып, алдағы жұмыс жоспарлар нақтыланды.
«Sarysý-Aqparat»