АРДАҚТАЛСА АЗАМАТ-ҰРПАҚ ҮШІН ӨНЕГЕ

0

Бүгінгі күні біз әңгіме етіп, осы мақалаға арқау еткелі отырған Алпысбаев Мұсабай Шыршықбайұлы 1962 жылдың 9 наурызында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, бұрынғы Түркістан кеңшарында таяғы құтты шопан атанған Шыршықбай атамыздың шаңырағында өмірге келген.

Төрт түлік мал өсірген отбасында өмірге келген Мұсабай ағамыз да 4-5 жасынан тайға мініп, мал қайтарып малға өте жақын, малсақ болып өсті.

1969 жылы Түркістан кеңшарындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектеп табалдырығын аттап, аталған білім беру ордасынан орта білім алып, 1979 жылы бітіріп шықты. Мектеп қабырғасында жүріп тоқсан сайын оқушыларға берілетін каникулды асыға күтіп, малсақ бала өзінің малды ауылдағы үйретілген тайқұнанына асыға жететін. Төрт түлік малды жақсы көретін Мұсабай аға еңбекке де ерте араласып, қаршадайынан шабандоз бала атанып, талай мәрте бәйге аттарына мініп, аламан көкпарға да араласып жастайынан салым да салған.

Азамат болып 18 жасқа толғаннан кейін Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына алынды. Әскери міндетін сол кездегі алып держава КСРО-ның қарамағындағы Ресейдің солтүстігіндегі Мурманск қаласында әскери-теңіз флотында теңізші болып өтеді. Әскер қатарында жүргенінде де, 3 жыл бойы әскери бөлімінен алыстағы ауылына жақсы жетістіктері үшін «Мақтау қағаздары» келіп тұрды.

Әскери борышын өтеп елге оралғаннан кейін, «Әке көрген- оқ жонар» демекші әкесінің ақ таяғын алып, көмекші шопан болып, шопандыққа құлшына кірісті. Түркістан кеңшарының аға шопаны Шыршықбай атамыз ұлы Мұсабай көмекшілікке келгеннен кейін, 100 саулықтан 160 қозы алып, атақты шопан атанды. Осы уақыттарда аудан көлемі ғана емес, облысқа, республика көлеміне танылып, «Озат шопан» атағын иеленіп, орден-медальдармен марапатталды.

Әкесі зейнет жасына толып, зейнеткерлікке шыққан соң Мұсабай аға әке кәсібін жалғастырды. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп дана халқымыз айтпақшы, КСРО тараған қиын-қыстау, тоқырау жылдарында мал баға жүріп, өзінен кейінгі қарындастарының барлығын оқытып, жоғары білім әперіп ағалық қамқорлық таныта білді.

Бұл күндері 63 жас пайғамбар жасына толғалы отырған Мұсабай аға әлі күнге еңбектен қол үзбей, мал өсіруде.

Мемлекетіміз тарапы-нан ауылдық елді мекен тұрғындарының әл-ауқатын көтеру үшін беріліп жатқан 2,5 пайыздық «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, несие қаражатын алып, қой малын сатып алып өсіруде.

Өмірлік жолдасы Шолпан жеңгемізбен тату-тәтті өмір сүріп, төрт перзент тәрбиелеп өсіріп, немеренің бал тілін қызықтаған ата-әже. Әке тәрбиесін алып, шыншылдыққа, адамгершілікке тәрбиеленген кенже ұлы Жансерік өткен жылы 18 жасқа толған 30 қараша күні Жаңатас қаласындағы әскери комиссариатқа өзі барып, Отан алдындағы борышын өтеуге өзі сұранып аттанды. Қазір Астана қаласында №5573 әскери бөлімшесінде «Ұлттық Ұлан» қатарында азаматтық борышын өтеуде.

Еңбектің қазанында қай-нап, тынымсыз еңбектеніп, әлі күнге дейін арқыраған айғырға жас жігіттей қарғып мініп жүрген Мұсабай ағамызға:

Зейнет жасқа жетіп кепсіз зымырап,

Бірақ қимыл әлі жастай шымыр-ақ.

Еңбегіңіз зейнет болсын ендігі,

Күндеріңіз мұң салмасын қырындап,-дегіміз келеді.

Жанысбек Байысбекұлы

Ә.Бүркітбаев  ауылының  тұрғыны

 

Еѕбек адамы-

ел мақтанышы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз адал азамат дегеніміз кім екенін осылайша өз сөзінде пайымдаған еді:  «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды.

Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», — деді Президент. Иә, бүгінде біздің түсінікте белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана еңбек адамы деп қарайтын секілдіміз. Ал шын мәнісінде қызметі көзге көрінбейтін, халық арасында өз ісіне адал жандар  қаншама. Олардың да істеп жүргені еңбек. Тек бір адамдарда ми еңбегі, ой еңбегі басым болса, енді біреулері керісінше физикалық тұрғыдан көп қимылдап, күннің ыстығы мен суығына қарамай еңбек етіп жүреді. Бүгінгі күні арамызда белгілеп алған мамандығы болмаса да, ауыр еңбектен бел жазбай жұмыс істеп,  балаларын жетілдіріп, абыройы артып жүрген жандар жетерлік. Халқының көрегенділігі, даналығы, дарқандылығы, мен кіршіксіз ақ көңілдігімен алдына жан салмайтын, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсетіп жүрген азаматтарын жіпке тізсек жетіп артылады. Ал осындай баға жетпес қасиеттерді бойына сіңіре білген, Өндіріс ауылының тұрғыны, асқар тау ата, ардақты әке Қасен Төлеутайұлы жайлы әңгіме өрбіткенді жөн көрдік.

Қасен Төлеутайұлы 1953-жылы желтоқсанның 14-і күні Өндіріс ауылында өмірге келген.

1959-1960 оқу жылында Б.Қашқынбаев  атындағы орта мектебінің табалдырығын аттайды, 1969 жылдың қатты қысында малдағы әкесіне жәрдем беруге барып, әрі қарай оқи алмайды.  Өндіріс совхозында екі жыл бақташы болып қызмет етеді. Жас жігіт 1972-1974 жылдары әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтейді. Әкесі Ахсейітов Төлеутай 1895 жылы өмірге келеді. Осы Өндіріс колхозын ұйымдастырушылардың бірі болған. Соғыс жылдары колхозда бригадир болып еңбек еткен. 1942 жылы майданға танк жасауға 100.000 сом ақша аударып, Сталиннен Алғыс хат алған. Анасы Орманбекқызы Күлсін  бала- бақшада бала тәрбиеледі.  Қасен Төлеутайұлы жастайынан еңбекке ерте араласты. Ол кезде совхоздың жазғы шөп науқанында оқушылар каникулда әртүрлі жұмыстар істеп жүрді.  1975 жылы Коммунар совхозының құрылыс бөлімінде құрылысшы бригадир болып қызмет атқарды.

Кейіпкеріміз ауыр еңбектің арқасында шалғыдай шыңдалып,  кейінгі ізін жалғастырар інілеріне өмірде түйген тәжірибесін үйретті.

-1995 жылы совхоздың сан салалы жұмысында боран-жауын демей, кей кездері мереке күндері де жұмыс істедік, ол кезде демалыс дегенді білмейтінбіз. 1980 жылы Каз ССР-і совхоздар құрылыс – кәсіподағы комитетінің Құрмет грамотасын алады. Ірі сомада ақшалай сыйлық алдым және әр жылдарда жарыс жеңімпазы,  аудандық комитеттің Құрмет грамотасын алдым. Шопандарға қора жайлар, ауыл тұрғындарына жаңа үйлер соқтық.   1992-1993 жылдары Өндіріс ауылындағы мешіттің іргетасын қаладық.

Көп жастар ауылдан кетіп, қалаға барады. Тереңіне барсаң, түбіне үңілсең, ауыл деген – нағыз байлықтың көзі, береке-бірліктің ордасы.

Мен жастарға айтамын, егін ек, төрт түлік мал бақ, ниет еткен адамның екі қолына бір күрек табылады. Нәпақа табу үшін міндетті түрде ауылдан кетіп, үлкен қалада тұру шарт емес. Ең бастысы, адамда таза ниет, өз еліңе деген адалдық болса, барлығының қайтарымы бар екеніне сенемін.  Адамгершілік әр адамға тән болу керек. Өзім солай түсінемін. Өзіміздің тәрбиеміз сондай. Ауылдық жерде өскенбіз. Осындай қарапайым жұмысшыларға назар аударған Президентке алғысым шексіз,-деді.

Қ.Төлеутайұлы 1982 жылы Омарова Дариғамен отау құрып, 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді.  Ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Олардан  8 немере сүйді.  Омарова  Дариға   апайымыз 30 жылдай Ж.Отарбаев атындағы орта мектепте  ұстаздық етті. Қазіргі таңда шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде еліміздің гүлденуіне өзіндік үлестерін қосуда.

Иә, «Еңбектің наны тәтті» деген тәмсіл бекерден-бекер айтылмаса керек. Еңбектің бейнеті ауыр болғанымен, жетістігі жан жадыратып, көң-іл марқайтады. Еңбек адамы ол мыңның ішінен таңдалып, талғап алған тұлға емес. Еңбек адамы қоғамда, көппен бірге жұмыс істеп, адал бейнеттеніп жүрген жандар. Әрине, оны күнделікті күйбең тірлікпен байқай бермесіміз мәлім ба? Сіз бен біздің жанымызда еңбек адамдары өте көп-ақ.

Сәулет есқараев,

 «Sarysý» 

Жас келсе, іске…

Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор,

бастамашыл. Жастардың еңбекқорлығы, жас болсада, әр салада бас болып жүргендері жан қуантады. Шеберліктің шыңына жеткен жұмысшы мамандық иелері ретінде әр салада табысты еңбек етуде.

Ісі мен сөзі сай келіп, білімі мен білігі ұшта-сып, жауапкершілік жүгін арқалағандардың қатарында кейіпкеріміздің де есімі ерекше аталады. Түн қатып, күн шабуылдап өндірістегі ауыртпашылықты «берекелі күннің ризығы» деп ұғатын еңбек адамдарының елеулі істерін қалай мадақтасақ та жарасады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осы орайда Жаңатас қаласындағы ТКӨК «Қаратау» Орталық байы-ту фабрикасының кептіруші қызметіндегі Нұрмағанбетов Жалғас Дүйсенбайұлының бір күндік жұмыс барысымен танысып, сұхбаттасып қайттық.

Жалғас Дүйсенбайұлы Нұрмағанбетов 1990 жылы Жаңатас қаласында  дүниеге келген. Ол Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп гимназиясын 2006 жылы үздік тәмамдайды. 2006-2010 жылдар аралығында Қаратау гуманитарлық техникалық колледжінің құқықтану мамандығы бойынша орта білім алған.  Колледж қабырғасында оқып жүргенде ақ, өз ортасының алды болып үйренген Жалғас 2010 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Мемлекеттік жергілікті басқару» мамандығында жоғары оқуды жалғастырған. Еңбекке жастайынан құштар болған Жалғас Дүйсенбайұлы алғашқы еңбек жолын Жаңатас қаласының Қорғаныс Істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде қызметкер лауазымымен бастады. Ал 2022 жылдан бастап Орталық байыту фабрикасында «кептіруші» болып жұмыс жасап келеді. Қазір Жалғас Жаңатас қаласының алдыңғы қатардағы қызметкері болып, халыққа адал қызметін жасап келе жатқан бірден-бір азамат.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуы тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет» демекші, Жалғас Жаңа Қазақстан үшін сыйлы адам. Ол үздік қызметкер ғана емес, сонымен қатар «Жақсы адам». Өз ортасында абыройы жоғары, адамдық қабілеті зор.

«Мен ел басшылығының еңбек пен кәсіпқойлықтың жоғары деңгейін ілгерілетудегі шешімін толығымен қолдаймын. Қазіргі уақытта ұжымда 350-ден аса кеншілер тату-тәттілікпен, ауызбіршілікпен жұмыс атқарып келеді және оның 40-45 пайызы жастар. Күнделікті атқаратын жұмысымыз диірменнің ішіне түскен ылғалды рудаларды арнайы пеш жағу арқылы кептіреміз. Кептіріліп, дайын болған руда пнеамабанкаға, одан кейін арнайы тиеу-арту бөліміне жөнелтіледі.Жұмыс өзіме ұнайды. Отбасылымын, үш перзенттің әкесімін. Жұбайым- Ақтоты Еркекбалалқызы Алтаева Абай атындағы орта мектептің жанынан ашылған «Ақ көгершін» шағын орталықтың маманы. Бақытты жанұялардың біріміз.

Жауапкершілік бар жерде жұмыс та өнімді, еңбегің де бағалы. Босаңсуға әсте болмайды. Бұл берісі біздің адал еңбегіміз, отбасымыздың нәпақасы болса, арысы мемлекетіміздің болашағы үшін өте маңызды ғой. Сондықтан өндіріске келген әрбір адам мұны терең түсінеді деп ойлаймын», – дейді білікті маман Жалғас Нұрмағанбетов.

Несібелі Сегізбай,

 Қ.Ясауи атындағы     Халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика   кафедрасының 2-курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.