ӘКЕМЕ ДЕГЕН САҒЫНЫШ…
Президентіміз Қ.К.Тоқаев 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Осындай еңбек адамының бірі әкем Елеусіз Ыстыбайұлы туралы өз ойларымды бөліскім келеді.
Оның өмірбаян анкетасына қарасам, қарапайым қатардағы еңбек адамдарының бірі. 1948 жылы қазіргі Сарысу ауданы, Түркістан ауылдық округі, Қаратас елді мекеніндегі қарапайым шаруаның жанұясында дүниеге келді. Ата-анасы өмір бойы колхозда еңбек еткен адамдар. 1967 жылы Жаңатас қаласындағы Қ.И.Сәтпаев атындағы орта мектепті бітіріп, 1968-1969 жылдары Шымкент қаласында электромеханиктер курсын бітіріп, Түркістан совхозында еңбек жолын бастады. Осы шаруашылықта 20 жылдай комбайнер болды. Еңбек ете жүріп 1975-1981 жылдары Алматыдағы қазақ политехникалық институтының электрлендіру және автоматтандыру мамандығын алады. 1981-1985 жылдары кәсіподақ комитетінің төрағасы, 1985-1999 жылдары осы шаруашылықтың бас инженері қызметін атқарды. Әкем 2019 жылы дүниеден өтті. Иә, қарапайым қатардағы әрбір азаматтың бірі еді. Ал енді оның еңбек жолына, өткен жылдарына үңілсем: жастайынан еңбекке араласты. Еңбекқорлық, еңбекке деген сүйіспеншілік – бірінші міндеті. Өз міндетін жанымен сезініп, отбасы, ағайын-туыс, дос-жаран, қызмет, жұмыс осының бәрін алып жүру-оның алдындағы мақсаты болды. Бойындағы жақсы қасиеттер, отбасындағы ата-ананың тәрбиесінен, қоршаған ортасынан қалыптасатын шығар. Ісіне жауапкершілікпен қарау, сөзінде тұру, адалдық-ер жігіттің бойында болу керек қасиеттер.
Ойласам-әкем еңбектің адамы екен. Өз ісіне жауапты. Бірінші орында қоғам алдындағы міндеті тұрды. Тынымсыз еңбегінің арқасында, қаншама жетістіктерге жетті, абыройға бөленді. 20 жылдай осы шаруашылықта комбайнер болып егіс даласында жүрді. Таңның атысымен кетіп, түннің бір уағында келетін. Біз сол кезде бірнеше ай әкемізді көрмейтінбіз. Бірге жүрген еңбектес достары Дәуренбек Қосымбеков, Мұқан Қуандықов, Сайлау Пәрменов, Құрманәлі Ыбраев, А.Поправка, П.Петро сияқты еңбек майталмандарымен бірлесіп еңбек етті. Жыл сайын ауыл шаруашылығы мерекесінде еңбектері еленіп, сыйлықтар, марапаттар, облыстық, аудандық Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттар алатын. 1977 жылы 3-ші дәрежелі Еңбек даңқы орденімен марапатталды. Сол 1960-1980 жылдарда шаруашылықтың барлық саласы өсіп-өркендеді. Кәсіптің қай саласында да еңбек адамдары абыройға бөленді, алғы шепте жүрді. Жүздеген еңбек ардагерлері шықты. Ауылдың әлеуметтік жағдайы көтерілді. Осы шаруашылықтан жүздеген еңбек ардагерлері шықты. Ауылдың әлеуметтік жағдайы көтерілді. Әкем осы шаруашылықтың бар саласында еңбек етті. Алғашқы еңбек жолында ауылдағы мәдениет үйінде, жастардың басын қосып «Алтын дән» ансамблін ұйымдастырып, жиын-тойларда, аудандық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрді. Сонымен бірге электрик маманы болып қызмет етті. Жылдың төрт мезгілінде малшылардың жанында қыстауда, көктемде сақпан кезінде мал фермаларында электр желілерін тартып, жарық беріп келетін.
1981 жылы ауылдастары әкемді бір ауыздан Түркістан совхозы жұмысшылар комитетінің төрағасы етіп сайлады. Бұл қызметінде де үлкен жауапкершілікпен жұмыс атқарды. Ауылдағы әрбір жанұя оның назарында болатын. Жоқ-жітік жанұяларға, жалғыз басты қарияларға бірінші көмек беруді ұйымдастырды. 1985 жылдан бастап осы шаруашылықтың бас инженеріне тағайындалды. Бұл кезде шаруашылықтың егіс алқабы 7000 га жерге ақ егіс, бидай, арпа, мақсары, күздік бидай жоңышқа егілетін. Оған «ДТ-75» тракторынан бастап алып «К-700» тракторларымен көктемде, күзде ауыл еңбеккерлері, дала төсінде күн-түн демей еңбек етті. Жазда комбайндар егіс алқабында қаздай қалқыды. Сол егінді шашпай-төкпей облыс орталығындағы қоймаларға жеткізу үлкен күш, жауапкершілікті талап етті. Аудан орталығынан астық таситын машиналар көмекке келеді. Қаратау ТКӨК кешенінен көліктер шақырылады. Осы жұмыстардың басында әкем жүрді. Егін орылып біткенше тыныштық жоқ. Әр маусымның тіршілігі қайта басталады. Күздік егіс, жер жырту, себу, мал фермаларына жем-шөп тасу тағы басталады. Жон өлкесінің қаhарлы қысы өз дегенін істейді. Қар жауып, қатты жел тұрып, боран бірнеше күнге созылады. Мұндайда жарық өшіп, су тоқтап, әсіресе ірі қара мал фермасының жұмысы қиындайды. Орталықпен қатынас үзіледі. Жол жабылып, жеңіл көліктер жүре алмай қалады. Бұл кездерде де әкем «К-700» тракторының жүргізушісі екеуі Аққырқада, яғни Жонның жолында кезекшілікте тұрады. Ары – бері өткен жолаушылар болса, автобус, машиналарды шығарып көмектеседі. Ондай жағдайлар қыс айларында жиі кездеседі.
1988 жылдың қаңтар айында көршіміз Мұхтар аға қас қарайғанда Аққырқадан екі адам жаяу ауылға зорға жетеді. Аққырқада «автобус жүре алмай батып» қалды деп хабар берді. Сол кезде «ПАЗ» автобусы Жаңатас қаласы мен ауылға қатынайтын. Әкемнің үйге келгені сол еді. Қайтадан жолға шықты. Ақ түтек боранда Мұқан ағаның «К-700» тракторымен алдында Елубай аға жаяу жүріп Аққырқадағы автобусқа жетеді. Бұл кезде автобустағы он бестей (адам шамасындағы) кісілер әбден тоңып, көмек жоқ, күдер үзіп отыр екен. Ішінде Зибан апамыз бар, өзі ақкөңіл кісі еді. Сол кісі өлең айтып, қалған кісілердің көңілін аулап отырдым дейді. Сол апамыз әкемді көрген сайын «Ажалдан аман алып қалған қарағым» деп алғысын айтумен жүрді жарықтық. Мұндай жағдайлар Үшбас, Қаратас, Арыстанды ауылдарының жолдарында да болып жататын. Қыс айларында, әсіресе аяғы ауыр аналарды жеткізу қиынға соғады. Жолда нәрестелер өмірге келетін жағдайларда болған екен(трактордың ішінде). Әкемді ауылдастар «қысқы директор» деп атайтын. Сол кездегі шаруашылықтың директорлары қыс айларында демалыс алып, ауылда болмайтын. Барлық жауапкершілік әкемде қалатын. Ол оны жақсы сезінді. Әрбір механизаторға, оның техникасына ерекше көңіл бөлді. Олардың амандығын тілейтін. Өзі айтып отыратын «Сол еңбекке араласқаннан бері шаруашылықтың бірнеше директорларымен еңбек еттім. Қандай жұмысқа барсамда адал еңбек етуге тырыстым. Көптің көңілінен шықтым ғой деймін, алғаным алғыс болды. Совхоз директорлары: Жұматай Адамбаев, Балтабай Райымов, Жүніс Жұмабеков, Мейрамбек Тілегенов, Әбиірбек Ахметбеков, Ырсан Есенбековтермен тіл табысып, қызметтес болдым. Ауылдың алғашқы әкімдері Сейділдә Ыдырысов, Мәлік Мәркенов, Орынтай Тұрлыбеков, Қоңырбай Мұқанов, Болат Ермекбаев сияқты жолдастармен қоян-қолтық бірлесіп, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қолдан келгенше еңбек еттім» дейтін. Шаруашылық тарағанша әкем осы қызметте болды. Тоқырау жылдарында қайтадан ауылдағы электр желілерін ауыстырып, жөндеу жұмыстарына да атсалысты. Үлкен ұлы Қалдыбай екеуі «Әбілда ата» шаруақожалығын құрды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де ел экономикасы, ауылдың әлеуметтік жағдайы төмен болды. Осы кездерде де әкем ауыл ақсақалдарымен бірлесіп, жастарға бағыт-бағдар беріп, көмектесіп жүрді. Бұрынғы «Казфосфат» ЖШС басшысы М. Сәрсеновтен көмек сұрап, ауыл жолына қақпа (арка) салдыруға мұрындық болды.
Зейнет жасына шыққанымен ауылдың тыныс-тіршілігі, болаша-ғының өркендеуіне бір кісідей күш-жігерін аямады. Ауылдағы «Ақмолда ата» мешітінің бой көтеруіне, барынша жәрдем берді. Жақсылыққа жаны құмар, ақ көңіл, жаны жайсаң, үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидасынан ешқашан айныған емес. Аудандық әкімдіктен Сарысу ауданының «Құрметті азаматы» атағына әкемді ұсынған екен. Әкем бұл ұсынысқа: менен үлкен осы ауылда еңбек ардагерлері бар ғой, соларға беріңдер депті ауыл әкімдігіне. Осы бір ойлы ұсыныстан кейін әкемнің жанының тазалығын, адамгершілік қасиетінің биіктігін, өте қарапайымдылығын байқадым. Отбасында да кішіпейіл, қамқор әке, адал жар. Анам екеуі бес баласын тәрбиелеп, жоғары білім алғызып, қатарға қосты. Бауырмал аға. Өзінен кейінгі қарындасы мен інісінің отау құрып, аяқтанып кетуіне жағдай жасады. Иә, әкемнің жақсы жақтарын айта беруім оған деген жүрегімдегі сағыныш па, болмаса досыма айтатын бір үзік көңіл сыры ма соны қағаз бетіне түсіргім келді. Әкем туралы айтып көңілімді жұбатқым келді. Менің әкем осындай деп қуанғым келді. Шүкір, әкемнің артында немере-шөберелері өсіп келеді. Ұрпағыңмен мың жасай бер, жан әкем дегім келеді.
Елжан Елеусізұлы,
Жаңатас қаласы
Табиғат жанашыры
Жұмыстың ауырлығына қарамастан, ауданның дамуына елеулі үлестерін қосып, қарапайым еңбектің қазанында қайнап, өзіндік қолтаңбасын қалдырған азаматтар баршылық. мемлекет басшысы биылғы жылды еліміз бойынша жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады.
Бастама жұмысшы мамандық-тарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді. Бүгінгі әңгімеміз Саудакент ауылында орналасқан «Сарысу ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-де өрт сөндіруші болып, абыройлы қызмет етіп жүрген Дәулет Серікұлы жайында болмақ.
Дәулет Серікұлы 1993 жылы Жайылма ауылында дүниеге келген. 1998 жылы Әйтеке би атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 2010 жылы жақсы бағамен бітіріп шығады. Арман қуған жас жігіт Отан қорғау — қасиетті борыш екенін сезініп, ел алдындағы парызын өтеу үшін қазіргі Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек кентіне барады. Қарулы күштердің қатарына алынып, әскери машық-тарды үйреніп, бойына нағыз патриотизмді қалыптастырып келді. Сөйтіп Тараз қаласындағы Тараз инновациялық көпсалалы колледжге түсіп, білім ордасын ойдағыдай бітіріп шығады. Оқу орнын бітіргеннен кейін мамандық бойынша жұмыс таппағаннан соң әртүрлі жұмыстар атқарады. Туған ауылына келіп, 2 жылдай түйе және жылқы бағады. Өз отбасында бұған дейін мал бағумен айналысқан ешкім болмаса да кейіпкеріміз бұл кәсіптің қыр-сырын әбден үйреніп шығады. Осы жылдар ішінде қазақтың ұлттық ат спортына қызығушылығы артып, ден қояды. Республика, облыс, аудан көлемінде байрақты көкпар ойындарында жүлдегер атанып, аудан намысын қорғайды. Өзінің өкшелес інілерін ат спортына бау-лып тәрбиелейді. Қазіргі таңда шәкірттері облыс көлемінде көкпар додасында бағы жанып, мерейі үстем болуда.
Кейіпкеріміз 2019 жылы «Сарысу ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-не құжатын тапсырып, өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасады. Жұмыста да ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түседі. Жас болсада айналасына, ортасына ізгілікті жол, тәлімді өнеге көрсете білді.
Орманшы болу оңай емес. Қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығына шыдас беріп, әрбір түп талдың бой алып кетуіне, аң құстың амандығына тікелей жауап береді.
-Біз кәсіби өрт сөндіруші емеспіз, бірақ міндетіміз – өрттің алдын алу. Алдын алу деген не? Яғни демалушылар арасында үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, өрт қауіпсіздігі ережелерін айту, өртті болдырмаудың жағдайын жасау. Өрт болған күннің өзінде оның жайылып кетпеуі үшін оқшаулау жұмыстарын жүргізу міндеті кіреді.
Қыстың суығына да, жаздың ыстығына да төзіп жүрген орманшылардың жұмысы қауырт. Уақытпен санаспайды. Күн-түн демей бел жазбай еңбек етеді. Жабайы аң- құстарға да қамқорлық көрсетеді. Жаз айларында өртке қарсы жұмыстар қауырт болады. Мұндағы қызметім – орманды өрттен, басқа да апаттардан, сондай-ақ жан-жануарлар мен өсімдіктерді қауіп-қатерден қорғау, орман аумағын қоқыстан тазалау, ағаш егу, көшет отырғызу. Бұл мамандық зор жауапкершілікті талап етеді. Себебі дала өрттері мен басқа да апаттар болған жағдайда алдымен орманшылар өз аумағын қорғайды. Мемлекет өткен жылдан бастап біздің резарватты дамытуға үлкен қолдау білдіріп жатыр. Қазір орманды өсіру мен қорғауға қажет заманауи техниканың түр-түрі бар. Орманшылардың еңбекақысы да еселеп артты,- дейді табиғат жанашыры.
Дәулет Серікұлы 2020 жылы Ақерке Оңғарбайқызымен отау құрып, отбасы өмірге аяқ басты. Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсіріп отырған аяулы жар, ардақты әке. Жұбайы Ақерке аудандық ауруханада ақ халатты абзал жан болып қызмет атқарады.
Табиғаттың осынау керемет сыйын көздің қарашығындай қорғап, алқапты табиғи және адам қолымен жасалатын апаттардан аман сақтау оңай шаруа емес.
Сондықтан да бар өмірін туған жерге арнап жүрген табиғат жанашырына табысты еңбек және қажырлықпен атқарып жүрген жұмыстарына жақсы нәтиже, дендеріне саулық, бақыт, отбасыларына береке тілейміз!
С.есқараев, «Sarysý»