РЕФЕРЕНДУМНЫҢ маңыздылығы талқыланды

0

Аудандық мәдениет үйінде атом электр станциясын  алуды қолдау жөніндегі облыстық халықтық штаб мүшелері Сенбек Сейдәзімов, Гүлжауһар Құшанова, аудандық штаб мүшелері,  «Amanat»  партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұратбек Есмұрзаев, облыстық мәслихаттың депутаты Айтбала Жолмаханова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбектің  қатысуымен жиын өтті.

Кездесу барысында 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдумға байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, пікір алмас-ты.

«Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы М. Есмұрзаев сөз сөйледі:

— Қазақстанда атом электр станциясын салу-еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Энергияны тұтынудың қарқынды өсуі және дәстүрлі көздердің шектеулі ресурстары жағдайында атом энергетикасы тұрақты және экологиялық таза шешім ұсынады. Атом электр станциялары атмосфераға ең аз шығарындылармен орасан зор электр энергиясын өндіре алады, бұл қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға көмектеседі. Қазақстан үшін бұл өте маңызды, өйткені біздің еліміз орнықты даму және экология саласында көшбасшы болуға ұмтылады. Сонымен қатар, атом энергетикасы жаңа жұмыс орындарын құруға және жоғары технологиялар деңгейін көтеруге мүмкіндік береді, бұл ел экономикасына оң әсер етеді. Бұл тек алға жасалған қадам ғана емес, бұл біздің елімізді тұрақты энергиямен қамтамасыз ететін және оның дамуын жеделдететін болашаққа салынған инвестиция.Атом станциялары түтін газдары немесе мұнай өнімдері сияқты зиянды заттарды шығармайтынын атап өтті. Оның айтуынша, атом электр станцияларының радиациялық әсерінің үлесі өте аз және әлемнің әртүрлі елдеріндегі атом станцияларының жұмыс тәжірибесі олардың адам мен табиғат үшін қауіпсіздігін дәлелдейді — деп атап айтты.

Облыстық халықтық штаб мүшесі Сенбек Сейдәзімовтің айтуынша  Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар,  оның экономикалық, экологиялық тиімділігіне аса назар аударған жөн.

— Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде энергетика тапшылығы қатты сезілуде. Сондықтан тәуелсіз мемлекетімізде  басқа елдерге тәуелді болмау, инфрақұрылымды дамыту, жұмыс орындарын көбейту сынды пайдалы жағын ескерсек бұл дұрыс шешім деп ойлаймын.Сонымен қатар алдағы өтетін референдумда баршаңызды өз таңдауларыңызды жасауға шақырамыз,- деді .

Жиын барысында  штаб мүшелері АЭС салудың ғылыми негіздерін түсіндіріп, оның тұрақты және ұзақ мерзімді энергия көзі екенін атап өтті. Сондай-ақ, дамыған елдерде бірнеше АЭС-тің сәтті жұмыс істеп жатқанын мысалға келтірді.

Электр қуатының ел экономикасына тікелей әсерін ескере отырып, АЭС салудың қажеттілігі мен тиімділігі туралы халыққа дұрыс түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы айтылды. Жиын соңында барлығы еліміздің экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуына тілек білдіріп, шараны қорытындылады.

Сәулет Есқараев,  «Sarysý»

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.