Серпінді дамуға жол ашады
Биылғы наурыз айында өткен референдумда қабылданған жаңа Конституциямыз 1-шілде күні күшіне енді. Осылайша ел дамуының жаңа кезеңі басталды. Ата Заңның қабылдануымен тек билік тармақтары ғана өзгермейді. Тұтастай алғанда бұл бетбұрыс қоғамның барлық саласын қамтиды. Өйткені, Конституция–елдігіміздің тұғыры, келешегіміздің кепілі.
Жаңа Конституция күшіне енерден бір күн бұрын Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз үшін жаңа тарихи кезеңнің басталғанын хабарлады.
–Бәріңізге белгілі, ертең мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде бастау алады. Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Себебі, бұл – еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады, яғни мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған өзгерістер іске асады деген сөз. Басқаша айтсақ, біз қазақ мемлекеттігінің «ғимаратына» күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз.
Біз ел Тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры мен іргетасын көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсуге міндеттіміз. Бұл – аса маңызды міндет. Оған мемлекеттік қызметте, академиялық институтта, ғылыми және саяси зерттеулер орталықтарында, үкіметтік емес секторда, халықаралық ұйымдарда қызмет ететін, осы іске қатысы бар азаматтардың барлығы атсалысуы қажет.
Былтырғы Жолдауымда Қазақстанды үш жылдың ішінде дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде міндет қойғанымды білесіздер. Еліміздің келешегі осы мақсатты қалай іске асыратынымызға байланысты. Біз Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Егемендігін сенімді түрде қорғау мәселесін әлі түбегейлі шешкен жоқпыз. Мұны ешқашан естен шығармайық. «Жау жоқ деме жар астында» деген тәмсілді әрқашан қаперде ұстаған жөн. Біздің басты мұратымыз – халықтың әл-ауқатын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл көрсеткіштерді ұдайы көтеріп, осы үрдісті үздіксіз жалғастыра беруіміз қажет.
Сондықтан біздің мұндай кезде қол қусырып отыруға құқымыз жоқ. Алдымызда тұрған аса ауқымды әрі күрделі міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін табанды, нәтижелі еңбек етуіміз керек.
Осы тұста бірлесіп атқарған жұмысты қорытындылап, алдағы даму жоспарымызды айқындап алу қажет деп санаймын,–деді Президент.
Дамудың даңғыл жолы Конституциядан басталады. Бұл тұрғыда ел болып дұрыс қадам жасадық деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені, уақыт біздің алдымызға жаңа талаптар қойып отыр. Оның үдесінен шығу үшін құқықтық нормаларымыз жан-жақты жетілдірілуі керек.
С.Аппазов,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы