АЭС САЛУ- ЗАМАН ТАЛАБЫ
Жалпы бейбіт атом энергиясын пайдалану – бүгінгі глобализация үдерісіндегі әлемнің ең өзекті, сонымен қатар қарама-қайшылығы көп мәселесінің бірі.
Ядролық энергияның тиімділігі мен тұрақтылығы біраз елге оны таза энергия көзі ретінде қолдануға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Десе де әлем назарында күні бүгінге дейін үлкен сұрақ болып тұрған бір мәселе бар. Ол – атом энергиясының қаупі мен радиоактив қалдықтарды реттеудің қиындығы. Әлемнен шет қалып, жабық мемлекет болып өмір сүріп жатқан түгіміз жоқ. Әлем ортақ, жер ортақ. Енді бұл сауал қазір бізге де қойылып отыр. Үстіміздегі жылдың 6 қазанында өтетін референдум халық таңдауын айқындайды. Атом энергиясының басты ұтымды тұсы – оның экономикалық тиімділігі. Мұнай мен газ бағасы тұрақсыз болғандықтан, біраз мемлекет энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақты энергия көзіне көшуді қарастырып отыр. АЭС-тің бір артықшылығы сол, тұрақты әрі ұзақ мерзімді энергия көзін қамтамасыз етеді. Ол мұнай, газ, көмір сияқты пайдалы қазба байлығына қарағанда, әлдеқайда пайдалырақ. Сосын ұзақ уақыт бойы жарамды. Мәселен, Францияның кейсін алайық. Франция мемлекеті атом энергиясын кеңінен пайдаланып, энергияның негізгі бөлігін АЭС-тен алып отыр. Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) мәліметі бойынша, атом станциясы энергия өндіру құны жағынан көмір станцияларымен жиі бәсекеге түседі. Кей жағдайда атомнан энергия өндіру құны тіпті одан да арзан болуы мүмкін. Сондықтан АЭС-тің болашаққа қосар үлесі мол деп ойлаймын.
Е.ИМАШЕВ, аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы
берері мол жоба
Атом электр станциясы көмірқышқыл газының эмиссиясын әжептеуір азайтады. Яғни бұл жердегі «эмиссия» деп отырғанымыз-СО2-нің топырақ бетінен атмосфераға баруын сипаттайтын үдеріс.
Біз сүйенген дереккөздегі мәлімет бойынша, сарапшылар АЭС-ті парниктік газдың атмосфераға кетуімен күресетін бірден-бір тәсіл ретінде қарастырады. Мысалы, АҚШ-тағы National Renewable Energy Laboratory мәліметінше, АЭС көмір станцияларына қарағанда атмосфераға көмірқышқыл газын 100 есе аз шығарады. Атом энергиясының көмір мен мұнайға қарағанда экологиялық «таза» болуы – міне, сол себептен. Қазақстан – энергетика саласында тап қазіргі сәтте үлкен әлеуеті бар ел. Елімізде табиғи ресурс көп. Мұнай, газ, көмірді айтпағанда, уран қоры да мол. Қазақстан уран өндіруден әлемде жетекші орында екені анық. Сонымен қатар ҚР Энергетика министрлігінің 2024 жылғы ресми мәліметінше, Қазақстан табиғи уран қоры бойынша әлемде 2-орында тұр. Бұл нені білдіреді? Демек еліміз АЭС салу үшін өзін-өзі қажет шикізатпен қамтамасыз ете алады деген сөз.
Жанат Жұмаділдаев,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы