МЕРЕКЕ АТАЛЫП ӨТТІ
Өткен аптада аудандық мәдениет үйінің алдында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай, «Тілге құрмет – елге құрмет» атты мерекелік шара өтті. Мерекелік кеште жиналған қауым аудандық кітапхананың ұйымдастырған кітап көрмесін тамашалады.
Шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов сөз алып,көпшілікті мерекемен құттықтап, өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген сала үздіктері мен тіл жанашырларын аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков, жазушы, Халықаралық «Дарабоз», және «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбин сөз сөйлеп, еліміз амандығын, жұртымыздың тыныштығын тіледі.
Сондай-ақ аудандағы этно-мәдени орталықтардың өкілдері, қазақ ақындары Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қазақ тілі», Мұхтар Шахановтың «Төрт ана», Әкім Ысқақтың «Ана тілі» өлеңдерін оқыды.
Мерекелік шара «Халықтар достығы» композициямен басталып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқап күмбірлете күй шертті, «Айжанқыз би» ұжымы мың бұрала биледі.
Сәулет есқараев, «Sarysý»