«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА
Ауданымызда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы белсенді жүргізіліп келеді, Сәуір айынан бері ауқымды экологиялық науқан «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» атауымен апта сайын өткізілуде.
Өткен аптада, акция аясында «Аmanat» партиясы аудандық филиалы және аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Жаңатас қаласында төтенше жағдай салдарынан су шайған көшелерге, су алған үйлер мен аулаларға тазалық акциясы ұйымдастырылды.
Акцияда «Аmanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы М.Есмұрзаев, Жаңатас қаласының әкімі И.Домалақов, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты А.Жолмаханова сөз сөйлеп, туған жерді таза ұстау, ағайынға көмек қолын созу-әрбір азаматтың парызы екендігін айтып, шараның маңыздылығына тоқталды. Спорт саласының үздігі, ауданның Құрметті азаматы С.Ниязов өз сөзінде:
— Ауданымызда төтеннен келген табиғи апат орын алып, тұрғындарды әуре-сарсаңға салды. Су шайған үйлерге облыс, аудан басшылары қол ұшын созуда. Ерікті жастарымыз да үйлерді, көше бойындағы арықтарды тазалап, қолғабыс жасауда. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей мекеме, кәсіпорын қызметкерлері де белсенділік танытуда. Мың алғыс. Ауданымызда көптеген игі шаралар атқарылып келеді. Экологиялық акциялар жалғасуда. Бүгін акция аясында біз өзендер мен жол жиектерін, су кірген үйлерді қоқыстардан тазарттық. Бұл іс-шара өзінің жалғасын табатын болады. «Таза Қазақстан» акциясы қоршаған ортаның тазалығын сақтауға ықпал етіп қана қоймай, өскелең ұрпақтың туған өлкесінің табиғатына ұқыпты қарауға деген ұмтылысын тәрбиелейтін маңызды іс– шара деп санаймын,-деді.
Елді мекен тұрғындары қолдау көрсетіп жатқан облыс, аудан басшыларына, «Аmanat» партиясының мүшелеріне және ерікті жастарға, мекеме, кәсіпорын басшыларына ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік акция барысында мекеме және кәсіпорын қызметкерлері, аманаттықтар көшелер мен арық-атыздарды, су кірген аулалар мен үйлерді тазалап, су бұзған жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.
Иә, «Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты-қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аудару және жастарды экологиялық бастамаларға тарту.
Акция басталғалы ауданымызда ағаштармен көшеттер отырғызылып, әктеліп, бұталды. Тұрғын үй аулалары, саябақ-скверлер, балалар ойын алаңшаларында тұрақты тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді. Тағы да басқа игі шаралар атқарылуда.
Сәулет Есқараев,
«Sarysý»
Ерікті болу-ерлік іс
Қаламызда орын алған соңғы жағдайға байланысты, еріктілер күші жан-жақтан жұмылдырылуда. Зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру жұмыстары күн санап жанданып келеді.
Аудан басшылығынан бастап барлық құрылымдық күштер келтірілген шығындардың орнын анықтап, тиісті шараларға қарекет жасап жатыр. Осы орайда, ауданымыздың ерікті жастары да тасада қалмай тас — түйін дайындалып, жауынгерлік рухпен су алған үйлердің айналасын тазарту, қоқыстарды шығару жұмыстарына білек сыбана кірісіп жатыр. Әр күнде еріктілер өздеріне берілген міндеттерді мүлтіксіз орындап, алғыс арқалауда.
Аталмыш шараға ұйытқы болып жүрген аудан әкімдігі ішкі сая-сат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері мен еріктілері қолдарына күрек алып, күрмелген шаруаларды ынтасымен атқаруда.
Осы орайда, ерікті, аталмыш мекеменің жастар ісі жөніндегі инспекторы Н.Саинов өз сөзінде: — Бізге қазір күнде тұрғындар өтініш жасап, үй шаруаларына қолғабыс етуін сұрауда. Ауданның ерікті жастарының тынымсыз еңбектерінің арқасында біраз үйлерді тазалап, қыруар жұмыстарды атқардық. Бұл біздің азаматтық міндетіміз әрі ерікті болудағы қосқан зор үлесіміз деп білеміз.
Қаламыз енді бүлінбесін, еліміз аман, бейбіт ғұмыр кеше берейік. Барша еріктілерді игі шараларға белсене атсалысуға шақырамын, — деді. Ендеше, тірлігі тыңғылықты еріктілердің жұмыстарына сәттілік тілейміз.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»