«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» сенбілік шарасы өткізілді

0

Ағымдағы жылдың 10 шілдесінде облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының тапсырмасымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Асар» жобасы қолға алынып, аудан орталығы Жаңатас қаласында қатты жауын салдарынан көлбеу ағыннан су алған көшелер (Аяпова, Абай, Құрақбай, Құдайбердиев, Байсейтова, Мәди, Панфилов, Клочкова, Шагиров, Есова, Алтынсарин, Мұратбаев, Жамбыл, Уәлиханов, Қажымұқан, Порохова көшелері), аулалар мен қалалық және аудандық маңызы бар тас жолдарға тазалық шаралары мен қалыпқа келтіру жұмыстары өткізілді.

Аталған тазалық акциясында облыс әкімі Е.Қарашөкеевтің өзі тұрғындар мен еріктілерге үндеу жасап, туған жерді қайта түлетуге атсалысуға шақырды. Волонтерлардың тазалық акциясы басталған соң, облыс басшысы қатты зардап шеккен үйлер мен жеке секторларды қарап шықты. Қаладағы Д.Қонаев атындағы орта мектепте сенбілік шарасының ашылу салтанатында облыс әкімі сөз сөйлеп, көлбеу тасқын судан зардап шеккен отбасыларға жан-жақты көмек көрсетілетінін айта келіп, аталмыш акцияға атсалысып жатқан көрші аудандардан келген еріктілерге алғысын білдірді. Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев сөз сөйлеп, барлық еріктілердің жұмыстарына сәттілік тілеп, акцияның маңыздылығына тоқталды.

Айта кетейік, бұл игі шараға Тараз қаласы мен аудандардан келген еріктілер барлығы — 170 адам, Жаңатас қаласының жастары, тұрғындары мен еріктілер — 150 адам тазалық шараларына қажетті 12 техника жұмылдырылды. Атап айтар болсақ, водовоз — 4 дана, самосвал камаз — 5 дана, погрузчик — 2 дана, автогрейдер — 1 дана тартылған.

Аудандардан келген еріктілер білек сыбана іске кірісіп, зардап шеккен үйлерге көмек көрсетті. Аталмыш шараға атсалысып жатқан Жамбыл ауданы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры, аудандық мәслихат депутаты Жандар Тоқсаба өз сөзінде: — Киелі құт қонған Сарысу ауданының орталығы Жаңатаста орын алған көлбеу су тасқыны бізді де бей — жай қалдырмады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ел басына күн туғанда ерік — жігерімен қиындықты еңсеруде ауданымыздың еріктілері білек сыбана іске кірісіп жатыр. Ағайынға қол ұшын беруді азаматтық міндет деп санайтын барша еріктілерге жігерлеріңіз жасымасын, сынаққа бірге төтеп береміз дегім келеді. «Бірлік бар жерде, берекелі тірлік бар» деген аталы сөзді санасына сіңірген жас ұрпақ жарқын болашаққа осылайша жол ашатынына сенім мол. Шараға қатысып жатқан барша еріктілерге алғысымды білдіремін,- деді.

Талай үйге тарпаң басып кірген тасқын судың салдарымен күресуде жұмыстар алдағы уақытта да жандана бермек.

Самат Тоқбанов,

 «Sarysý»

Халыќ ќалаулылары елмен бірге

Жаңатаста орын алған жайсыз жағдайды естіген сенат пен мәжіліс депутаттары хал-ахуалды анықтап, тиісті шаралар қабылдау мақсатында ауданымызға іссапармен келді.

Алдымен Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков жұмыс сапарымен ауданға атбасын бұрып, қатты жауын салдарынан  зардап шеккен үйлер мен мектеп ғимаратында болып, жағдаймен танысты.

Әрбір су кірген аулалар мен үйлерді аралап, тұрғындармен тілдесті. Аулалар мен үйлеріне су кіріп, зардап шеккен тұрғындарға орын алған төтенше жағдайға байланысты нақты шығындардың анықталып жатқандығын,  төтенше жағдайдың салдарын жою, қайта қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылатындығын,  бұл жұмыстарды өзінің бақылауында ұстайтындығын жеткізді.

Мұнан соң ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова зардап шеккен, су кірген үйлер мен Д.Қонаев атындағы орта мектебінде болды. Сондай-ақ, Жаңатас-Саудакент бағытындағы су басып, көлік қозғалысы тоқтаған автокөлік жолын барып көрді. Қазіргі таңда, көлік қозғалысы қайта қалпына келтіріліп, жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Мәжіліс депутатын орын алған төтенше жағдаймен және төтенше жағдайдың зардаптарды жою, қайта қалпына келтіруге байланысты атқарылып жатқан жұмыстармен  аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Аманов және аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов таныстырды. Мәжіліс депутаты орын алған жағдайға байланысты қайта қалпына келтіру жұмыстары өзінің жеке бақылауында болатындығын айтты.

Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан-ның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров пен «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Ынтықбайұлы ауданға табан тіреп, «Qazaq soda» ЖШС-нің құрылыс жұмыстарымен және «ЕвроХим — Қаратау» ЖШС-нің химиялық кешен құрылысының жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар, Мұқаш Зұлқарнайұлы мен Дауыл Ынтықбайұлы Жаңатас қаласындағы қатты жауын-шашын салдарынан  орын алған төтенше жағдаймен танысты. Су алған үйлерді аралап,  тұрғындармен тілдесті.

«Sarysý-Aqparat»

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

«Апат айтып келмейді» демекші ауданымызда  болмаған су тасқыны орын алды. Облыс, аудан басшылары тарапынан  табиғи  апаттан жапа шеккендерге көмек көрсетілуде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екендігін де сезінудеміз.

Ата-бабамыздың «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп сабырлық танытқан кездердің аз болмағанына тарих куә. «Мың өліп, мың тірілген» кезеңдерден де өткен халық екеніміз әмбеге аян. Сондықтан да орын алған ахуалда байбаламға, сары уайымға салынбай тығырықтан шығар жолда бір кісідей әрекет етсек алынбайтын қамал болмайтындығына көз жеткізудеміз.

Облыс, аудан басшылығы су тасқынына жапа шеккендерге қолынан келген көмегін аянар емес. Ауыр жағдайда күшіміздің бірлікте екендігі сыналуда. Уақытша қиындықты еңсереміз. Табиғи апаттардың алдын алуды, орын алған жағдайдан сабақ алуды, ақылға қонымды қадам жасауды, сабырлықпен әрекет етуді үйренетін боламыз.

Ең бастысы Тәуелсіз Еліміз орнында. Елде айтулы өзгерістер, жағымды үдерістер жүріп жатыр. Солардың нәтижелі, игілікті істердің көп болатындығына сенеміз.

Ж.ОРЫМБАЕВ,

Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Ризашылығымды білдіремін

Қаламызда бір сағаттай шелектеп жауған жаңбыр жұртты әбігерге салып, тосыннан келген табиғи апат аяғымыздан тік тұрғызды.

Жан-жаққа жайылған су төменгі елдімекендердің ішіне еніп, есімізді шығарды. Болған жайды естіген ауданның, облыстың басшыларының шұғыл әрекетке көшуінің арқасында судың беті қайтып, арнайы шаралар жасалды.

Бір сағатта жауған жаңбыр көрген түстей өтіп кетті. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзі келіп, үйлерді аралап, ештеңе де ескерусіз қалмайтынын, жан-жақтан көмек көрсетілетінін жеткізді. Көңілдерге үміттің оты үрленіп, жылы сөздерге жанымыз жылынып қалды. Тұрғындардың бойындағы үрей сейіліп, бүгінде су тартылып, қалпына келтіру жұмыстары жанданып жатыр. Еріктілер жан-жақтан келіп, білек сыбана жұмысқа кірісуде.  Осы орайда, келтірілген зардаптарды жоюда жылдам әрекет етіп, істің басы-қасында жүрген облыс әкіміне, аудан басшылығына алғысымды білдіремін. Қаламызда енді мұндай апат болмасын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілеймін.

Ж.Аубакирова,

Жаңатас қаласының тұрғыны,

зейнеткер

Leave A Reply

Your email address will not be published.