ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

0

Қаламызда жаңбырдың мөлшерден тыс көп жауып,  көлбеу судан қалыптасқан тасқынға байланысты су алған аулалар мен көшелердің жағдайын бақылау мақсатында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жаңатас қаласына келіп, су алған аулаларды аралап көріп, ахуалмен танысты.

Тұрғындармен кездесіп, орын алып жатқан табиғи апаттың салдарымен күресуде әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау шаралары ұйымдастырылатынын жеткізді. Мұнан соң облыс басшысы аудан әкімдігінің мәжіліс залында жедел штаб отырысын өткізіп, орын алған жағдайдың қайталанбауы үшін себебін зерделеу бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді. Ербол Шырақпайұлы аталған жағдай тікелей бақылауында болатынын айтты. Бүгінде ауданда ахуал тұрақты.

Аудан әкімінің

баспасөз қызметі

Ќауіпті бірге еѕсереміз

Тылсым табиғаттың құпия сыры көп. Жазиралы жаздың жаймашуақ күнінде ел қамсыз қарекетке кірісіп, алаңсыз бір күнді бір күнге жалғап жатты. Алайда, аптаның соңғы күніндегі мүлгіген тыныштықты кешқұрым қара бұлтпен келген жаңбыр бұзып, аяқ астынан елді әбігерге салды. Шелектеп жауған жаңбырдың соңы көлбеу су ағынына ұласып, бір қатар жеке  үйлерді су басып жатты.

Қаннен-қаперсіз жатқан жұрт қапелімде орын алған табиғаттың тосын мінезіне тап болды.  Жаңатас — Саудакент бағытындағы автокөлік жолын су басып, көлік қозғалысы тоқтатылды. Қатты жауын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, тау бөктеріне жақын орналасқан көшелердегі үйлердің аулаларына су кірді. Ресми ақпараттарға сүйенсек, Жаңатас қаласында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, бірқатар көшелердегі 400-ден астам үйдің ауласы мен 47 үйдің ішін су алды. Қазір ахуал тұрақты, су деңгейі төмендеді. Адам, мал шығыны жоқ. Шығынды есептеу, қосымша нақтылау шаралары жасалды. Жергілікті атқарушы орган және төтенше жағдайлар департаментінен жұмылдырылған 50-ден астам адам тұрғындарға көмектесіп, су айдау жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, 17 бірлік техника тартылып, 11 мотопомпа қолданылды. Қажетті техникалар санын арттыру үшін жедел шаралар қолға алынды. Арнайы техникалардың көмегімен суды тоқтату, бағытын бұру жұмыстары үздіксіз жасалды. Зардап шеккен тұрғындар үшін қабылдау пункттері дайындыққа келтірілді. Азаматтарды тасымалдауға арнайы көліктер қарастырылды. Жалпы, төтенше жағдай салдарын жою, қалыпқа келтіру бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде жаңбырдан кейін су деңгейі төмендеді. Жаңбырдан кейінгі қауіпті сейілту,  судың ағысын бұру, аулалардағы суды айдау жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Қауіп жоқ, ахуал тұрақты, жағдай толық бақылауға алынған. Ауданда қатты жауын салдарынан ауласына, үйінің ішіне су кірген тұрғындарды орналастыратын қауіпсіз орын, арнайы үй-жай (эвакуациялық орын) дайындалған. Тұрғындарды үй-жайларға, қауіпсіз жерге тасымалдауға арнайы көліктер мен аудан жастары жұмылдырылды. Барлық арнайы  қызметтер жұмыс жасап тұр. Су айдау, су бұзған жерлерді бекіте отырып,  көшелерді лай су мен батпақтан тазалау  жұмыстары жасалды.

Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың басқаруымен төтенше жағдай салдарын жою жөніндегі штаб отырысы  өткізіліп, жағдайды реттеуге байланысты жұмыстар жүргізілді. Су кірген нысандар мен үйлер зерделенді. Толық зерделеу жүргізу үшін арнайы комиссия құрылып, тұрғындарға, зардап шеккен нысандарға заң талаптарына сәйкес барлық қажетті көмек, қолдаулар көрсетіліп жатыр. Біз бұл қиындықты да бірге еңсереміз!, — делінген.

Ел басына күн туғанда етегінен саз кешіп, істің басы-қасында жүрген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері су басқан өңірлерді аралап, жиналыс жасап, аудан әкіміне тиісті тапсырмалар берді. Аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, мәслихат депутаттары, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, аудандағы құқық қорғау органдарының өкілдері, жедел жәрдем қызметі күндіз — түні қауіптің салдарын жою үшін қалтқысыз қызмет етіп жүр. Өз кезегінде тұрғындар да тосыннан келген сынаққа қарсы тұрып, жедел түрде іске кірісіп жүрген аудан басшылығына ризашылықтарын білдіруде. Адам қолымен жасалмайтын табиғи апаттың қай кезде келерін білмейміз. Тек төтенше шараларды қабылдау арқылы қарманып қалуға болады. Сондықтан, талай қиындықтарды еңсеріп, қауіпке қарсы тұрған сарысулықтардың жігері жасымағай.

 

Самат Тоқбанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.