СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ҚОҒАМ БОЛЫП КҮРЕСЕЙІК
Тәуелсіз еліміздің экономикасының дамуына кедергі келтіретін, қоғам дертіне айналған мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық.
Үлкен әлеуметтік дерт болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдатып отыр.
Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі-осы зұлымдықпен күресу болып табылады.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.
Сыбайлас жемқорлық – ұлтымыздың қауіпсіздігі мен еліміздің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Сондықтан да онымен күресті тек заң қызметкерлері ғана жүзеге асырады деп бойымызды аулақ салмай, бірлесе күресу баршамыз үшін маңызды іс.
Осыған байланысты, Сарысу ауданында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» жөніндегі насихат жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. «Сарысу Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жыл басынан бері 56 түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіп, тұрғындар мен мекеме, бөлім қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстары жасалды. Сонымен қатар, мекеме басшыларымен «Адал көмек» акциясы аясында 37 тікелей эфир, атқарылған жұмыстарды баяндады. Үстіміздегі жылдың шілде айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаментінің ұйымдастыруымен «Көшпелі кеңес беру» алаңы өткізіліп, келушілер бірқатар мәселелер бойынша сұрақтарына жауап алды. Бүгінде мекеме, бөлім басшыларымен кері байланыс орнату үшін арнайы чат ашылған. Тұрғындардың әрбір өтініші назарда болады. Аталмыш шаралар жоспарға сәйкес іске асып келеді. Аталған бағытта атқарылып жатқан шаралардың басты мақсаты – мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғам институттары қызметін үйлестірудің тиімділігін арттыру жолымен қоғам өмірінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету.
Олай болса қоғам, оның әрбір мүшесі болып жемқорлықпен күрес жүргізуіміз қажет. Қазіргі қоғам дерті саналатын жемқорлық бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр. Жемқорлыққа тосқауыл қойып, алдын-алу және оған жол бермеу аталған дерттің жойылуына біршама себеп болары анық. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білуіміз қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін халықтың құқықтық сауаттығын арттыру қажет.
Елімізде осы мәселеге байланысты арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан түрлі жұмыстар да баршылық, дегенмен бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ. Ендеше, жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу-олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынып жете түсінуіне және орындауына көмектесудің алғы шарттарының бірі болып саналады. Атап айтқанда, ол үшін ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда ғана адам адамгершілікке жат-қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, сыбайлас-жемқорлық-бұл қызмет дәрежесін жеке мақсатта пайдалану. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны жас ұрпақ тәрбиесіне зиян болатындығы бәрімізді алаңдатады.
Сондықтан кез-келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз керек. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне абыройсыздық ұялатады, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Олай болса, жегі құртты жеңу еліміздің әрбір азаматының адалдық пен адамдық борышы.
С.Мамытов, аудан әкімі