ӘКЕ-ОТБАСЫ ТІРЕГІ
Әке…Осы сөзді айтсақ, бойыңа қанат біткендей, құс сияқты қалықтайтындай сезімде боласың. Арманға жетелеп, ерлікті білдіріп, күннің бар жарық нұрын өзіңе жиып алып, соған қарай төніп тұрған шыңды көргендей боласың.
Нұрға бөленген мейірлі де, мейірімді, тірек болар, пана болар, жол көрсетер шың-әке. Иә,әке-асқар тау, асқар шың! Әкенің жігерлі, жылы жүрегінен еркелетіп айтқан әр сөзі жүрегіміздің бір бөлігіне барып мәңгілік өнеге болып құйылып жатқандай. Осындай мейірімді адам, бізді мына өмірдің кейбір қиыншылығынан қорғап, асқар белдерінен демеп, алып бәйтерегімен өмірдің аптабынан қорғап тұрған асқар тау дерсің. Әке- әркімге де асқар тау, ана-өмір сыйлар, нәр берер бұлақ, бала — жағасындағы балауса құрақ. Әр әке арманы-құрақтың өсіп қатаюы, шыбықтың шыңдағы шынар боп өсуі, балаларының, өз елінің аспанында қалықтар қыранға айналуы деп білеміз. Әкелерді ардақтау, оларға құрмет көрсету мақсатында аптаның жұмасында аудандық мәдениет үйінде Әкелер күніне арналған «Әке -отбасы тірегі» атты аудандық форум өтті. Алдымен келген қонақтар фойеде тақырыптық кітап және сурет көрмелерін тамашалады. Шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов, Қазақстан Журналистер Одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Мәдениет саласының үздігі, облыстық «Ғұмыр-дария» газетінің директор-бас редакторы Миллионов Жаңабай, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Жұмаділдаев Жанат, ардагерлер кеңесінің мүшелері, мекеме және бөлім басшылары мен жастар қатысты. «Айжан қыз» би ұжымының «Шашу биімен» ашылған форум әкелерге көрсетілген құрметтің белгісі екенін танытты. Мұнан соң «Сарысу» халық театрының орындауында «Әке – отбасының тірегі» атты қойылым көрсетіліп, қатысушыларды бір серпілтіп тастады. Форумның ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы барша әкелерді айтулы мерекемен құттықтап, әкенің қоғамдағы рөлінің ерекше екенін айтып, ауданымыздың дамуына, келешек ұрпаққа ұлағатты жол көрсетіп, еңбек етіп жүрген әкелер қауымын ауданға сіңірген еңбегі үшін медалі, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапаттады. Шарада сөз сөйлеген қонақтар әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке — отбасының асырау-шысымен қатар, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез — құлқы, өзгелермен қарым — қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі, баланың алатын өнегесі, қарап өсетін нысанасы. Отбасының пейіл — береке, ынтымағы үшін де әкенің рөлі маңызды. Жақсы қасиеттерді бойына жинақтаған әкеден алатын тәрбие де салиқалы болатынын жеткізіп, жылы лебіздерін білдірді. Қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарға толық жауап алды. Форум концерттік бағдарламаға ұласып, аудандық мәдениет үйінің әншілері әуелете ән шырқады.
Әкем айтќан асыл сґз
Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Әкелер күніне» арналған «Әкем айтқан асыл сөз» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл кештің мақсаты — әкенің отбасындағы рөлін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау.
Саудакент ауылдық мәдениет үйінің директоры Ғ.Жақсыпейлов қазіргі қоғамның қозғаушы күші әкелердің жас ұрпақ алдындағы парызына тоқталды, отбасы мықты болса елдің іргесі де мықты болады дей келе, кеш қонақтарының дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі. Бұл іс-шараға бала тәрбиесінде өз жауапкершілігін сезінген, белсенді үлгі көрсетіп жүрген, ұрпағына саналы тәрбие беріп, көпке үлгі болып отырған, баланың бойындағы ұлттық рухтың туын тік көтеріп ұстауына, өздерінің тәлім-тәрбиесі арқылы мұрындық болып жүрген Өзекбаев Майтон мен Әубәкіров Мұраттың отбасы қатысып, өз ой- пікірлерін ортаға салып, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас хақында өз көзқарастарын білдірді.
Кеш қонағы Әубәкіров Мұрат пен Маштакова Салтанат қазақтың сиқырлы күйлерінен «попурри» орындап берді. Мәдениет үйінің әншілері «әке» тақырыбындағы әндерді шырқады. Саудакент мәдениет үйінің атынан кеш қонақтарына сый-сияпат жасалды.
Самат Тоқбанов,
«Sarysý»