ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ
«Білім» атты теңізден, «Мектеп» атты кемеден түлеп ұшқан оқушылар сынақтардан сүрінбей өтіп, алдарына қойған мақсаттарға ұмтылуда. Алдағы даңғыл жолда адаспай, білімін шыңдап, еліміздің мақтан тұтар тұлғаларына айналу үшін армандарға аттанады.
Ауданымызда түлектер мектепті үздік бітіріп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Биыл мектеп бітіруші түлектердің 15-і «Алтын белгі», 36 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды.
Осы орайда, аптаның бейсенбісі күні аудан әкімі Сәкен Мамытов аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлерін салтанатты түрде қабылдады. Шараға аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, қоғамдық кеңестің төрағасы , мектеп директорлары, ата-аналар мен түлектер қатысты. Салтанатты шарада аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы оқушыларды жетістіктерімен құттықтап, бұл жетістік білімді де өнегелі ұрпақ тәрбиелеу жолындағы аудан мектептерінің педагогикалық ұжымының еңбегінің арқасы екендігін айтты.
Марапат иелеріне үлкен өмірде биік белестерді бағындыру жолында сәттілік тіледі.
Бойына отансүйгіштік қасиет дарыған, білімді, ой-өрісі кең азамат болып қалыптасуларына, күш-жігерлерін еліміздің берекесі мен байлығын арттыруға жұмсауға, өмірден өз орындарын табуға тілектестігін білдірді.
Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков жүзден жүйрік шыққан түлектерді құттықтады. Жайлаукөл орта мектебінің және Донда Сенбин атындағы орта мектептің түлектері Ағаділ Ақмаржан мен Нұржан Мадияр барлық ұстаздар қауымына, ата-аналарға алғысын айтса, өз кезегінде ата-аналар атынан сөз сөйлеген Жұмабекова Гүлзина мен Қойшыбаев Нұржан түлектерге сәттілік тіледі.
С. қуандықұлы,
«Sarysý»