Ілияс Жансүгіровтың туғанына 130 жыл
Қара өлеңнің
ќўлагері
Өткен аптада «AMANAT» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында қоғам қайраткері, ақын І.Жансүгіровтың туғанына 130 жыл толуына арналған «Ілияс — қара өлеңнің құлагері» атты аудандық ақындар мүшәйрасы өткізілді. Сайысқа өнері мен бабы келіскен жас ақындар қатысты. Байқау барысында қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы жыр арнаса, екінші кезеңде ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Тартысты өткен мүшәйраның қорытындысы бойынша бірінші орынды аудандық мәдениет үйінің қызметкері Аманбаев Бекайдар қанжығасына байласа, екінші орынды Саудакент ауылдық аула клубы бұқаралық бөлімінің меңгерушісі Ишанбеков Мадияр еншіледі. Жүлделі үшінші орынды аудандық кітапхана қызметкері Қойлыбаева Балкерім місе тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды.
Лудомания —
қоғам дерті
Құмар ойынның зардабы
Жақында аудандық мәдениет үйінде Жаңатас қаласындағы Орталық мешіттің бас имамы А.Карипбаевтың, «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры А.Пазылбековтың және Жаңатас көпсалалы колледж білімгерлерінің қатысуымен бүгінгі қоғамның бас дертіне айналған — «Лудоманияның алдын алу мақсатында — «Құмар ойынның зардабы» тақырыбында қысқа метражды кино көрсетілім көрсетіліп, осы тақырып төңірегінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тақырып аясында бас имам А.Карипбаев: «Қазіргі қоғамдағы адамдар өмірінде басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Бір сәттік құмарлық адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратқан жоқ, сондай-ақ, рухани тұрғыда да әбден азғындатып отыр. Құмардың соңынан еріп өз өмірін тәрк еткендер көптеп барады. Діни тұрғыда теріс ұғым болып табылатын бұл дерт — жастардың физикалық ойлау деңгейін төмендетуіне жол бермейік, — дей келе, жастарды иманды әрі сауатты болуға шақырды.
Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Олардың негізгі пациенттері – букмекерлік кеңсе ойыншылары екені даусыз.
Сондай-ақ, А.Пазылбеков жастар арасында орын алып кеткен осынау дерттің зияны мен зардабын ескере отырып, қоғам жастарын береке мен бірлікте болуға, білімді де парасатты болуға шақырды.
Самат Тоқбанов,
«Sarysý»
Діни экстремизмнен аулақ болайық
Жалпы дін мәселесіне келгенде қандай бір ақпараттарды тек арнайы сала мамандарынан алған абзал. Қате алған білім сауатсыздыққа жетелейді. Ал сауатсыздықтың соңы экстремизмге алып келеді.
Ауданда осы орайда түсіндірме жұмыстары жан-жақты өткізіліп жатыр. Жуырда Жаңатас көпсалалы колледжінде колледж жастарының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында Жаңатас қаласы әкімінің орынбасары М.Бегеев төрағалығымен Дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері (АТТ), сондай-ақ Сарысу аудандық теолог маманы М.Мырзағараевтың қатысуымен Жаңатас көпсалалы колледжіндегі білім алып жатқан жастарға «Діни экстремизмнен аулақ болайық» тақырыбында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, терроризмге жол бермеу және діни сауаттылықты арттыру мақсатында насихат жүргізілді.
Жиынға қатысушылар көкей-леріндегі сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
Түн тыныштығын бұзбайық
Шуағын шашып, жаздың жаймашуақ күндері өзімен бірге ыстық лебін ала келді.
Маусымның басы жаңбырлы болғанымен алғашқы онкүндігінде күн көкжиектен көтеріліп, далада мидай ыстық орнады. Жаздағы аптап ыстық жылда келетін табиғаттың заңы екені айтпаса да белгілі. Осы орайда, тұрғындар күндізгі ыстықтан соң келетін түнгі салқынға қол жеткізу үшін түнде терезені ашып ұйықтайтыны бәрімізге белгілі. Түнгі тәтті ұйқымен қауышып, алаңсыз ұйықтап жатқан тұрғындар тек тыныштықты қалайды.
Алайда… осынау мүлгіген тыныштықты бұзып, балаларды шошытатын көліктер мен мотоциклдің дыбыстары әсіресе жол бойында тұратын көпқабатты үйдің тұрғындарының мазасын қашырады. Көшеде жылдамдықты асырып, одан қала берсе әуенді барынша қатты қойып, зулап бара жатқан көліктердің дауысы жаныңды түршіктіріп, қамсыз көңілді бұзады. Әсіресе мотоциклдің ащы дауысы миыңды жегідей жегенде ішіңнен «қап, мынаның дауысын — ай» деп кіжінесің. Шырт ұйқыда жатқан сәбилер аласапыран дауыстан оянып, түнімен жылап шығады.
Осындайда, бұларға тоқтам жоқ па деген ой еріксіз келеді. Терезеден қарасаң көліктерді тізгіндейтіндердің басым көпшілігі жастар. Әрине жастарға драйф керек, қызық керек. Бірақ сол қызықтың арты құқықбұзушылыққа ұласып жатады. Көшеде айқайлап, көліктің жылдамдығын асырып айдау сән емес керісінше, қылмысқа апаратын жол болмақ. Жастарға түн тыныштығын бұзбау туралы, көліктің жылдамдығын асырмау жайлы қанша айтылғанымен әзірге нәтиже көңіл көншітпейді.
Осы орайда, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Болат Айтжановты әңгімеге тарттық: — Бүгінде түнгі тыныштықты сақтау мақсатында көлік иелеріне құқық қорғау органдары өкілдері тарапынан түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Рейдтік шаралар кезінде де көліктің жылдамдығын асырмау жайлы да міндетті түрде ескертеміз. Жалпы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы
437-бабына сәйкес, жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін, сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғынжайда және оның сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу, сол сияқты тұрғын ғимараттарда және тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарының жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін тыныштықты бұзуы жеке тұлғаларға – бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді, — деді.
Осы орайда, қаламыздағы 3 шағынаудан, 7 үйдің тұрғыны Б.Малікбайқызы өз сөзінде былай деді: — Біз жолдың бойында тұрамыз. Жаз ыстық болған соң түнде терезені ашып ұйықтаймыз. Осы кезде түнде көліктердің дауысы қатты шығып, мазамызды қашырады.
Адамның ұйқысы бір рет бұзылған соң қайта ұйықтауы қиын ғой. Осыдан кейін түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай таңды көзбен атырамыз. Түнгі тыныштықты бұзатын көлік иелеріне шара қолданылса дұрыс болар еді, -деп мұңын шақты. Байқасақ, орынды өкпе.
Сондықтан, кінәні сырттан іздемейік. Түнгі қауіпсіздікті бақылайтын құқық қорғау органдары өкілдерінің жұмысын бағалап, тұрғындардың тыныш ұйқысы үшін тәртіпті алдымен өзімізден бастайық. Себебі тәртіпке бас иген құл болмайды!
С.қуандықұлы, «Sarysý»