«QAZІNTELLEKT» Ойыны
Ойдың ұшқырлығын анықтап, жастардың білім деңгейін тексеретін сайыстар түрлері ауданымызда кеңінен өткізіліп келеді. Командалық ойынның негізгі мақсаты — ұйымшылдық пен бірлікті насихаттау болып
табылады.
Бүгінгінің жастары икемді істе именіп қалмай интеллект болуды көздейді. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында жуырда Жайылма ауылдық округіне қарасты ауылдық кітапханада мекеме жастары арасында «Qazlntellekt» форматындағы интеллектуалды-зияткерлік ойыны өтті. Бұл ойын «Жастар ресурстық орталығы» мамандарының ең ұтымды деп тапқан ауқымды жобасы. Ойынға округ жастарынан жасақталған 5 команда қатысты. Ойын барысында командалар түрлі кезеңдерді қамтыған тапсырмалар мен сұрақтарға жауап беріп, өзара сынға түсіп, білімдерін шыңдады. Алғырлық пен тапқырлықты талап ететін сайыстың қорытындысында: ақ халатты абзал жандардан құралған команда 1-орынды иеленсе, Жайылма ауылдық әкімі аппаратының мамандарынан жасақталған жастар тобы 2-орынды жеңіп алды. Жүлделі 3-орынды «Мәдениет» командасы місе тұтты. Сонымен қатар, ауыл жастарынан және спорт мектебінен құрылған командалар ойынға белсене қатысқаны үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Осы ойынды әр ауылдық округтерде жоспар бойынша жастар арасында өткізу арқылы іріктеу кезеңдері аяқталып, оза шыққан командалар финалға жолдама алып, бақтарын сынап, мекеменің бағалы сыйлықтарына ие болады. Жастардың интеллекті көзқарасын қалыптастыру арқылы қоғаммен қарым-қатынас тығыз орнап, көкжиегі білім нәрімен кеңейген жас-тар қалыптаса берсін дегіміз келеді.
Чемпион атанды
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру тетігі оларды жүйелі спортқа баулу болып табылады.
Бүгінде балалардың сүйікті спортына айналған кіші футбол тек салауатты өмір салтын қалыптастырып қана қоймай жетістіктерге де жетелейді.
Бүгінде ала доп шеберлері ауданымыздың намысын түрлі сайыстарда қорғап, топ жарып келеді. 2024 жылдың 12-14 ақпан күндері аралығында Тараз қаласында футзалдан 2013-2014 жылы туылған жасөспірімдер арасында Жамбыл облысының чемпионаты болып өтті. Аталған чемпионатқа Сарысу ауданындағы №26 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары қатысып, қарсыластарын шақ келтірмей чемпион атанды. Чемпионаттың үздік ойыншысы болып Алдабергенов Альтаир танылды. Жеңімпаздарға жүлдені кіші футболдан спорт шебері Серік Жаманқұловтың өзі арнайы келіп табыстады.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»
Есептегі элемент
Аудан аумағында ІІО профилактикалық есебінде тұрғандар тарапынан қайта қылмыс жасау деректерін және бұрын жауапкершілікке тартылғандармен жасалатын қылмыстарды алдын алуға бағытталған жұмыстарды жандандыру мақсатында 2024 жылдың 12-20 ақпан күндері аралығында Сарысу ауданы аумағында «Есептегі элемент» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. «Есептегі элемент» іс-шарасы аясында ІІО профилактикалық есебінде тұрған, «Әкімшілік қадағалауда», «Мерзімінен бұрын шартты түрде босатылғандар» және пробация есебінде тұрған «Шартты түрде сотталғандар» тарапына профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Есептегі элементтерді тексеру барысында «әкімшілік қадағалау» санаты бойынша есепте тұрған тұлғаның әкiмшiлiк қадағалау туралы заңнамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 480 бабымен жауапкершілікке тартылды.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы» туралы Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес қорғау нұсқамасы шығарылған тұлға, қорғау нұсқамасын бұзып сонымен қатар Сарысу аудандық сотымен шығарылған мінез құлқына ерекше талаптарын бұзғаны үшін, Т. есімді азамат ҚР ӘҚБтК-нің 461 бабы және ҚР ӘҚБтК-нің 669 бабымен жауапкершіліке тартылды.
А.Жақыпбеков,
Сарысу АПБнің ЖПҚБ бастығы, полиция подполковнигі