ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ- ұлт құндылығы

0

Кез-келген жұрттың өзіне ғана тән ұлттық құндылықтары

 болады.

Көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, бүгінге дейін аман-есен алып келген ата-бабамыздың ерліктері әр ұрпақтың жадында жаңғыруы қажет. Сан ғасырлар бойы күмбірлеген күйі, әуелеген әуезді әні, асқақтаған айтысы, таңды таңға ұрған эпостық жырлары, шешімі шебер шешендік сөздері, мақал-мәтелі мен жұмбағы, жаңылтпашы мен өтірік өлеңі, қоржыны ортаймаған қара өлеңі, ең бастысы, қасиетті тілі қаншама қазақ баласын адами қалыпқа салып, бүтіндей ұлтты қалыптастырып шығарды. Ұлттық тәрбиені қалыптастырып, елдік сананы жаңғырту мақсатында Д.Қонаев атындағы орта мектебінде «Ұлттық тәрбие — ұлт құндылығы» тақырыбында форум өткізілді. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға қала әкімінің орынбасары М.Бегеев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Б.Бетаева, қала және ауылдық округтердегі мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп жанынан құрылған «Аталар мектебі», «Әжелер мектебі», «Әкелер мектебі» және «Аналар мектебінің» мүшелері мен оқушылар қатысты. Мектеп фойесінде күмбірлеген күй ойнап, қазақы киімдегі қыз-жігіттер келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алды. Қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, таныстырылды. Д.Қонаев атындағы орта мектептің директоры Г.Өмірбекова келген қонақтарға алдымен «Әжелер мектебі» мүшелерінің ұйымдастырған көрмесімен таныстырды. Мұнда ұлттық салт тұсаукесер рәсімі көрініс тауып, әжелер қауымы ұршық иіру мен диірмен тартудың әдістерін көрсетті. «Ата өнері — ұрпаққа мұра» бөлімінде «Аталар мектебінің» мүшелері оқушылардың  сұрақтарына жауап берсе, «Аналар мектебінің» мүшелері «Ұлттық қолөнер — тәрбие көзі» бөлімінде сәндік қолданбалы бұйымдарын ұсынып, «Әке көрген-оқ жонар» бөлімінде «Әкелер мектебінің» мүшелері ер тоқым жасау, қамшы өру, теріні илеу сияқты бұйымдардың жасалу жолдарын көрсетті. Сонымен қатар, мектептің спорт залында ұлттық спорттың күрес, арқан тарту және асық ату түрлері көрсетіліп, салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығы түсіндірілді. Сондай-ақ, форум барысында оқушылар белсенділік танытып, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан  көрініс қойып, ескіліктің құрбаны болған қос ғашықтың тағдырын еске түсірді. Өте әсерлі шыққан көрініске көрермендер ерекше қошемет білдірді. Шара соңында аудандық білім бөлімінің әдіскері Б.Бетаева мен Д.Қонаев атындағы орта мектептің директоры Г.Өмірбекова «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында іске асып жатқан шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Дәстүр мен ұлттық құндылық қайта жаңғырып, ұрпақтар сабақтастығы орын алған шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

С.Тоқбанов, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.