ЕРЛІК-елдіктің тұғыры

0

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай, кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды. Аудандық кітапхананың

ұйытқы болуымен «Ауғанстанмен шыңдалған жандар»  атты кездесу  кеші өтті.

Кездесуге өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып,туған жерімен қауышқан интернационалист — жауынгерлер Сыздықов Марат, Чужбеков Алым, Жақыпбеков Жаңатай, Әмірбеков Әділбек, Искендіров Саят, Нұрмағанбетов Жексен, Нұрпейісов Сәкен  қатысты.

Шара барысында кітапхана қызметкері Балкерім Қойлыбаева Сырбай Мәуленовтың «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңін жатқа айтса, Раушан Қадырбекова «Соғыс енді болмасын», «Ауғанстан» және мәдениет үйінің өнерпаздары Бақытов Әмірғали мен Абдрахманов Жанарбек «Ауған соғысы», «Біздің елдің жігіттері» әндерін орындады. Бақтыбек Смағұлдың «Тағдыр тозағы» кітабы туралы кітапхана қызметкері Ақжарқын Жанжолова тоқталды. Одан кейін  ауған соғысының ардагерлері Ауғанстандағы әскери қызметі туралы естеліктермен бөлісті.  Сондай-ақ, «Ауған ақиқаты» кітап көрмесіне кітапхана қызметкері Луйза Рахымбаева библиографиялық шолу жасады. Кездесуге келген ардагерлерді облыстық мәслихат депутаты, аудандық кітапхананың директоры Айтбала Жолмаханова құттықтап, жастарға патриотизмнің озық үлгісін көрсетіп жүрген ауған соғысы ардагерлеріне сый-құрмет көрсетіп, жерлес жазушымыз Қали Сәрсенбайдың «Дүлдүл» атты кітабын сыйлады.

***

Бүркітті қалалық кітапханасының ұйымдастыруымен  «Ұрпағы ұлық-таған Ұлы тұлғалар» атты саяси панорама өтті. Іс-шараны кітапхана қызметкері Тұрсынбай Әсем жүргізді. Кеш аудан соғысында ерлікпен қаза тапқан батыр  жауынгерлерімізді 1 минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды.

Кешке ауған соғысының ардагерлері Сыздықбаев Марат, Чужбеков Алым, Самельянов Флюр, Иманбеков Марат, Жақыпбеков Жаңатай қатысып, соғыстың зардабы мен ержүрек жауынгерлердің ерлігі туралы айтты және оқырмандардың дайындаған  сұрақтарына жауап беріп, ізгі тілектерін арнады. Кешті  Кітапханамыздың тұрақты оқырмандары  «Айлин» би тобы «Құстар биімен ашып, кітапхана қызметкері Р.Қадырбекова «Ауғанстан», «Соғыс болмасын», атты патриоттық әндерді шырқаса, Абай атындағы орта мектебінің оқушылары Е.Нышанбай, А.Әтейбек, П.Исахмет, Б.Ерман, ауған жауынгерлеріне арналған жалынды жырларды оқыды. Кеш » Айлин» би тобының үнді биімен жалғасты. Кітапхана қызметкері Д.Мамаева «Ауған асуында от кешкендер» атты арнайы дайындалған кітап көрмесімен таныстырып өтті.

Шара соңында  аудандық кітапхананың кітапхана ісін дамыту бөлімінің әдіскері Аяулым Жамбылқызы шараға белсене қатысқан оқырмандарды Алғыс хаттармен марапаттады.

***

Жаңатас көпсалалы колледжінде «Ауған соғысындағы аңыз бен ақиқат» атты ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өткізілді. Шараға «Аудандық ауған соғысы ардагерлер кеңесі»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сыздықбаев Марат бастаған ардагерлер, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры А.Пазылбеков, колледж директоры Н.Түйтебаева,  колледж қызметкерлері мен жастары қатысты.

Шара барысында жастар  ардагерлермен кездесіп, сұхбат алмасып, колледж кітапханашысы С.Абдирова қысқаша библиографиялық шолу жасады. Студент жастар өз арнауларын арнады.  Сонымен қатар, студент жастар арасында  «Қаһарман- 2024» атты  әскери – патриоттық  ойыны ұйымдастырылды. 6 кезеңнен тұрған шараға 10 топ қатысып, бақ сынасты. Әділ қазы алқасының шешімі бойынша 3- орынды — 01-23, 03-23 топтары, 2 -орынды — 09-23. 10-23 топтары және 1 — орынды — 05-23, 06-23 топтары иеленді. «Ең үздік командир» номинациясымен 09-23 тобының студенті Сағымбек Жұлдызхан және 01-23 тобының студенті Швецов Павел марапатталды.

Шараға «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі демеушілік танытты.

***

Өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді ұялатып, оқушыларға ардагерлердің ерліктерін ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, есімдерін қастерлеп, Қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілікке деген дағдыларын қалыптастыру мақсатында Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінде «Ауғанстан- жүректегі жара», «Ауғанның асуында от кешкендер», «Ауған соғысы ақиқаты» тақырыптарында  сынып сағаттары және «Ұрпаққа үлгі болған- ерлік» тақырыбында спорттық жарыстар өткізілді. Ұйымшылдықпен өткен шараға белсенді жастар қатысты.

***

Балалар-жасөспірімдер орта-лығы «Атамекен» бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ауғанның асуында от кешкендер»  атты ардагерлермен кездесу кеші өткізілді. Ауған соғысының ардагерлері қатысып, соғыс кезіндегі отты күндердің естеліктерімен бөлісті.

Орталық оқушылары патриоттық «Көк тудың желбірегені», «Қазақ биі», «Мен Қазақпын», «Ақ сиса» әндерін шырқады.   Кездесу барысында жастар ардагерлерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып жауап алды. «Атамекен» бірлестігінің қызметкерлері ардагерлерге  арнайы  дайындаған сыйлықтарын  табыстап, естелік суретке түсті.

***

Шара ауылдық округтерде де жалғасын тапты. Саудакент ауылдық мәдениет үйі мен Саудакент ауылдық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен «Ерлік – елдіктің тұғыры»  атты ауған соғыс ардагерлерімен кездесу  кеші  болып өтті.

Шарада қаза тапқан батыр ағаларымыз бен есіл боздақтарымыздың рухына тағзым етіп, 1 минуттық үнсіздік жарияланды. Сау-дакент ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлмағанбетов Арқабай ерен ерлердің есімі мен ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, ерлер есімі ел есінде сақталатынын, Отанына адал болған ардагерлерге қандай құрмет көрсетілсе де жарасатынын айтып, ізгі лебізін білдірді. Ауған соғысының   ардагерлері  Дәулетов Жайлау, Ақмолдаев Асхан, Сыздықов Амантай, Игіліков Мәмбеттер  жас ұрпаққа өздерінің басынан кешкен оқиғалары туралы  айтып, ой бөлісті.  Кеш соңында мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық тақырыпта ән шырқады, ардагерлерге арнау өлеңін оқыды және ардагерлерге Байқадам ауылдық округі аппаратының естелік сый-сияпаты табысталды.

***

Сарысу орта мектебінде Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай сынып сағаттары жүргізілді.

Атап айтсақ, «Ауған асуында от кешкендер» тақырыбында 10-сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге ауған соғысының ардагері Шукеев Боранқұл және ауған соғысының ардагері болған, қазіргі уақытта өмірден озған Момынов Әбушахманың жары Құлыбекова Зағипа, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бакенов Мұрат және Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппараты бөлімше басшысы Райымжанов Шабданбек қатысты. Кездесуде Шукеев Боранқұл сол бір кездегі ауған соғысының қасіреті мен зардабы жайлы айта отырып, қасындағы майдандас достары, бауырлары жайлы да еске алып, олардың ерліктерін сөз етті. Ол кезде бейбіт өмірде жүрген ауыл баласын соғыс алаңына қатысып, соғыстағы болған қиыншылықтары мен қорқыныштары туралы  әсерімен бөлісті.

Момынов Әбушахманың жары Құлыбекова Зағипа да өз сөзінде, жарымен отау құрып, тұңғыштары дүниеге келген соң майданға аттанған кездегі соғыстағы көрген қиыншылықтары, отбасында барлық ауыртпашылықтың өзіне түскені жайлы айтты.

Кездесу соңында ауған соғысының жауынгері Шукеев Боранқұл елімізде енді соғыс болмауын айта келіп, жастарға Отанына адал қызмет ете беруіне тілек білдірді.

Ауған асуында от кешкен

Редакциямыздың поштасына хат келді. Хатта былай делінген: — «Мен Жаңабай Оспановпын.  Жасым 87 — ге келді. Ұзақ жылдар бойы аудандық электр жүйесінде басшылық қызмет атқардым. Айтайын дегенім,

Қайрат ұлым ауған соғысының ардагері.

Қазіргі  таңда өмірден өткен. Ұрпағы Байқоңыр қаласында.

Ұлымды газетке шығарып, кейінгі ұрпақты Отанын, елін-жерін қастерлеуге шақырып, патриоттық  тәрбие беру мақсатында  үлгі етсе деймін. Сол себепті аудандық газетке хат жолдап отырмын,»-делінген.

Редакцияның шығар-машылық ұжымы хатты оқып шығып, Жаңабай атамен және бауырларымен хабарласып,  Қайрат Оспанов жайлы толық мәлімет алып, газетке жариялауды жөн санадық.

Оспанов Қайрат  Жаңа-байұлы  1969 жылы Саудакент ауылында дүниеге келген.  Қазіргі Б. Адамбаев атындағы мектептің табалдырығын аттап, озат оқушылардың қатарында бітіріп шығады. Бозбала  Байқадам кәсіптік-техникалық училищесінде жүргізуші  мамандығын ойдағыдай тәмамдайды. Қайрат ең алдымен Отан алдындағы борышын өтеп, елімнің гүлденуіне үлес қосамын деп алдына мақсат қояды. 1987 жылы әскер қатарына алынады. Әзірбайжан елі, Степанакерт қаласындағы  6 айлық ауған жеріне даярлау орталығына жібереді, ол жерден автокөлік мамандығына Қ.Оспановты дайындайды.   Тәжірбиелік әскери  оқу-жаттығудан өткеннен кейін, жас сарбаз қатарлас жауынгерлерімен бірге  1988 жылдың сәуір айында ауған жеріне кіреді. Білмейтін ел, танымайтын жер, атылған оқ пен отқа оранған техникалар. Бұны көрген елден барған сарбаздар тайсалмай,  соғыс тактикасына көшті. Ауғанда Қайрат «Урал» автокөлігін айдап, қару — жарақ тасыды. Қайрат жат жерде көптеген қиындықтарды бас-тан кешірді.

Қ.Оспановпен бірге екі жыл майдан даласында болған жерлес, қарулас досы  Ералы Нұртай былай деп еске алады:

-1987 жылдың  11 қарашасында Байқадам ауылынан әскерге кеттік.  Қайрат екеуміз, сол  жылдың 28 қара-ша күні  Әзірбайжан жеріндегі Степанакерт қаласындағы 6 айлық ауған жеріне даярлау орталығына түстік. Сол жерде автокөлік мамандығына даярлады.  1988 жылы сәуір айында ауған жеріне кеттік.  Ауған жерінде  Кайрат «Урал» авто көлігін айдап,  қару-жарақ тасып жүрді. Мен жаяу әскер бөлімінде «БТР» ұрыс техникасын айдадым. Ауғанда Қайраттың еңбегі жоғары болды. Қару-жарақ тасу оңай емес, екеуміз сирек кездесіп жүрдік. Кайрат іссапарда көп жүрді. Аса көп  әңгіме айтпайтын, маған «тыныш жүр  саған бір нәрсе болса ауылға қалай барам» деп жүруші еді.  Содан  1989 жылдың 13 ақпаны күні ауған жерін артқа тастап шықтық. Одан кейін  Өзбекстан елі, Термез ауылынан 20 шақырым болатын «пос учқызыл» деген жерде қалған әскери міндетімізді өтедік. Қайрат «Танк»  мен «Розвет» ротасында жүргізуші болдық. Менің ақылшым еді.  1989 жылы  аяғында екеуміз аман — есен туған жеріміз Байқадамға оралдық. Азамат еді, жатқан жері жайлы болсын,-деп  өміріндегі, балалық шағындағы қиын күндерді бірге кешкен Қайрат бауырын  еске түсіріп,  көзіне жас алды.

Қайрат аға әскерде жүргенде  көптеген Алғыс хаттар және жоғарғы Құрмет грамоталармен марапатталған. Әскерден кейін Байқоңыр қаласындағы Космодромда жоғары қызмет атқарды.  Ақаділ Ағабекұлы бауыры жайлы былай деп еске алады:

— Қайрат ағам, бауырмашыл, биязы, қамқор жан еді. Мектеп те, училищеде оқып жүргенде  спорттың  футбол,  волейбол  түрлерімен жиі айналысты. Облыс, ауданаралық байрақты бәсекелерде топ жарды. Қатар өскен жолдастары әлі жиі еске алып отырады. Әскерден кейін сырт жақта  болды. Кейінгі өскелең жастар өткен ғасырдағы соғыс жылдарындағы қаһарман батыр аталары мен ағаларын үлгі тұтып,  еліне абыройлы қызмет етсе деймін,-деді.

Әкесі Оспанов Жаңабай   1937 жылы дүниеге келген. Қазіргі таңда 87 жастағы ақылшы қария. Ол кісінің жастық шағы екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келеді. Буы-ны қатаймай жатып,  еңбекке ерте араласады.   «Аудандық электр жүйесінде» қатардағы жұмысшыдан басшылыққа дейін өседі.    Анасы қайтыс болған.  Бауырлары, аға-әпкелері, іні-қарындастары еліміздің өңірлерінде еңбек етуде. Өмірлік жұбайы балалары Байқоңыр қаласында тұрады. Қайрат аға соғыс салған жазылмас дерттен 2010 жылы  мезгілсіз тал бесіктен, жер бесікке аттанып кетті,  ағайын-туыстары көз жазып қалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.