Аудан әкімі С.Мамытовтың Кеңес әскерлерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылғанына 35 жыл толуына орай құттықтауы

0

Құрметті аудан тұрғындары! Қадірменді ауған соғысының ардагерлері!

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Кеңес әскерлері 1979 жылы  желтоқсанда Ауғанстан шекарасынан өтіп, соғыс қимылдарын бастады.

Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің қай-қайсысы да жауынгерлік, азаматтық борыштарына адалдық танытып, қайсарлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті.

Ауған соғысының біздің халқымыз үшін  қасіреті мен зардабы аз болған жоқ. Шайқас барысында жеңіс пен жеңіліс, ерлік пен орны толмас шығындар да болды.

Осы соғыста Кеңес Одағы 14 мыңнан аса жауынгерінен айырылды. Қазақстаннан 22 мыңнан аса жауынгер аттанып, 900-ден астамы қаза тапты. Жамбыл жерінен екі мыңнан аса жауынгерлер қатысты. Солардың арасында сарысулық жерлестеріміз де болды.

Жамбыл жерінен аттанған жауынгерлердің 70-і қасіретті Ауған жерінде қаза тапты. Солардың ішінде Жайылма ауылының түлегі Мәлтаев Серікбек соғыста ерлікпен қаза тапса, саудакенттік Ысқақов Ораз хабар-ошарсыз кетті. Осы уақытқа дейін дерек жоқ.

Соғыстан аман-есен елге оралған ардагерлердің біразы соғыс салған зардаптың әсерінен кейіннен қайтыс болды. Соғыс тоқтатылған 1989 жылдың 15 ақпаны Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күн ретінде тарихта қалды.

Қазіргі таңда ауданымызда 25 ауған соғысының ардагерлері тұрып жатыр. Ауған соғысының ардагерлері түрлі салада еңбек етіп, ауданның дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді.  Ауданымыздың тыныс-тіршілігіне, қоғамдық, саяси және мәдени өміріне белсене араласады. Ауған соғысында қыршын кеткен боздақ жауынгерлерімізді әрқашанда еске алып, рухтарына тағзым ету,  елге аман-есен оралып, ортамызда жүрген ардагерлерімізді құрметтеу біздің басты парызымыз.Біздің ендігі міндетіміз-ауған соғысындағы жауынгерлердің ерлігін насихаттай отырып, осы жауынгер азаматтарымыздың бейнесі арқылы жас ұрпақты жан-жақты, патриоттыққа, Отансүйгіштікке тәрбиелеу, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.

Қадірлі ағайын!

Уақыт өткен сайын Ауғанстандағы он жылға созылған қасіретті соғыс  біртіндеп алыстап барады.  Елі бар да ерлер есімі мен ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Баршаңызды осынау айтулы күнмен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, бақ – береке тілеймін.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бейбіт күніміз баянды болсын!

Ауған асуында от кешкендер

Құрметті сарысулықтар!

Қадірлі Ауған соғысының ардагерлері!

Қазақстандықтар үшін 15 ақпан – тарихи күн. Ауғанстан жеріндегі соғыс тарих беттерінде өзіндік із қалдырғаны барша жұртшылыққа аян.

1989 жылы Кеңес әскерлері ауған жерінен шығарылды. Бұл тарихи оқиғаға да биыл 35 жыл толып отыр. Баршамызға белгілі, мыңдаған шаңыраққа орны толмас қайғы әкеліп, қасіретке душар еткен соғысқа елімізден көптеген сарбаздар қатысты. Ауданымыздан да аттанған азаматтар отты кезеңді бастан кешірді. Ауған соғысына қатысқан бір жерлесіміз соғыста ерлікпен қаза тапса, біреуі хабар-ошарсыз кетті. Қазіргі таңда ауданымызда Ауғанстанда әскери борышын өтеген  24 ауған соғысының ардагерлері тұрады.

Барша халқымыз жат жерде намысты ту етіп ұстап, ерліктің үлгісін көрсеткен ауған соғысы ардагерлеріне әрқашанда тағзым етеді. Ауған соғысында мерт болғандар мен ардагерлердің алдында әрқашан бас иеміз. Бастан кешкен отты күндердің жастарға патриоттық тәрбие беруде маңызы ерекше. Батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, өздерінің Отан алдындағы борышын адал орындаған майдангер азаматтар қашанда жастарымызды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі.

Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен              от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жерімен, елімен қауышқан майдангер жауынгерлерге шексіз алғысымызды білдіреміз.

Өндірдей өрен шағында қолдарына қару алып, жат жерде өздерінің әскери борышын абыроймен өтеген ауғандық жауынгерлеріміз, өз жерлестеріміздің қатерлі күндерде қаймықпаған жанкешті ерліктері, Отан алдындағы міндеттеріне адалдығы, бейбіт өмірдегі жарқын істері мен қоғамдық жұмыстарға белсенділіктері,  түрлі кәсіпті игерудегі ерен еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес. Ауған қасіреті мен онда қаза тапқандар есімі біздің жадымызда мәңгі сақталады. Ауған соғысы ардагерлерінің жүріп өткен жолдары, ержүректілігі мен төзімділіктері жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде үлкен өнеге болып қала бермек.

Құрметті Ауған соғысының ардагерлері!

Сіздерді  Отан алдында борышын адал атқарған абзал азамат, өз елінің патриот жауынгері ретінде жоғары бағалаймыз.  Сол ауыртпалығы мол оқиғаларды, қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткеріп, бүгінде Қазақстан халқының игілігі үшін бейбіт жолда қызмет етіп жатырсыздар.

Бастан кешкен Ауғанстандағы от-жалынды күндердің куәгері, ардагер ретінде Сіздермен мақтанамыз, бүгінгі және болашақ ұрпаққа үлгі бола бересіздер. Сіздерге  зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт тілейміз, абыройларыңыз асқақтай берсін. Аспанымыз ашық болсын, бейбіт өмір жасай берсін.

Ш.Мұсабеков,

аудандық мәслихат төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.