ҚЫЗЫҚТЫ КЕШ

0

Жайылма ауылдық балалар өнер мектебінде ұстаздар «Ұлт-аспаптар» мен «Сәндік қолданбалы және бейнелеу өнері» бөлімі бойынша жұмыс жасайды. Ән айту сыныбының мұғалімі Игенбаева Дариға мен бейнелеу өнері сыныбының мұғалімі  П.айзрахманова Гүлсараның ұйымдастыруымен ата-аналармен кездесу кеші өтті.

Кеш өтетін бөлме көрнекіліктермен  кешке сай әдемі безендірілген. Бейнелеу өнері сыныбының мұғалімі Пайзрахманова Гүлсараның  оқушыларымен жасаған дүниелері көрме ретінде қойылып, жасалды.  Көрмедегі жасалған дүниелер көз тартады. Ән айту сыныбының мұғалімі  Дариға Игенбаева концерт өткізді.

Шара барысында Дариға Игенбаева мен Гүлсара Пайзрахманова  оқушыларының сабақ үлгерімі,  жетістіктері тағы басқа мәселелерін айтып,  мультимедиядан жасаған слайдтарын көрсетті.

Кеш оқушылармен дайындаған концертпен жалғасты. «Мектебім» әнімен Абылай Ермекбай концертті ашты. С.Мошанұлының «Сары бидай» әнін Ерасыл Айтбай, Б.Бейсенованың «Тұлпарым» әнін Раяна Қуанған, халық әні «Жанай керім»әнін Әділет Шарифулла мен Ерасыл Айтбай шырқаса,  » Құстар» биін Бегім Көшен, Жәния Абай, Раяна Қуанған, «Үнді» биін Нұрайша Ибрагим, «Тик-ток» биін Қарақат Жолдыбай, Ұлдана Тәжіхан, Даяна Балатай,  Кәусар Ибрагим,  Ақсезім Бөстек, Аяна Бөстек,  Аймира Балатайлар мың бұрала биледі.  Концертті «Туған жер» әнімен  Әмина Ермекбай аяқтады. Сондай-ақ мектеп директорының орынбасары Қанат Байулиев келген ата-аналарға Алғыс хат тапсырды.

Ата-аналар атынан  Өмірбекова Қарлығаш,  Кәрібаева Меку,  Тулеубаева Сәуле апайлар сөз алып,  ұстаздардың еңбегінің зор екенін,  ән үйретіп,  өнерге тәрбиелегеніне, қолөнер сабағында әр оқушымен жұмыс жасау үшін материалдарды өз қаражатына алып,  әдемі дүниелер жасаудың қандай еңбек екенін айтты. Басқа ата-анарда өз ойларын ортаға салып,  ұстаздарға ерекше алғысын білдірді. Алда да осындай кештер өтіп тұрса деп ұсыныстарын айтты.  Ата-аналармен кездесу кеші өте жақсы деңгейде өтті.

Өнерлінің өрісі кең

Өнерлі жастарымыз түрлі байқауларда ауданымыз-дың намысын қорғап, мерейін асқақтатуда.  Талантты жастардың өнеріне шабыт беріп, газетіміздің әр санында қалың оқырманның

назарына ұсынып келеміз. 

Жуырда Жайылма ауылдық балалар өнер мектебінің ән  айту сыныбының оқушылары Алматы қаласында өткен «Жеті өнер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Мәңгілік жаса- жаңғырған ұлы далам! »  атты республикалық шығармашылық байқауда жүлдегер атанды. Атап айтқанда  ән айту номинациясы бойынша Ермекбай Абылай І- орынды жеңіп алса, Ермекбай Әмина 2- орынды иеленді. Ал, Қуанған Раяна 3-орынды қанағат тұтты.

Ұйымдастырушылар тарапынан жеңім-паздар дипломдармен марапатталса, мұғалімі Игенбаева Дариғаға республикалық рухани-патриоттық байқауына қолдау білдіріп, жастардың санасын жаңғыртып, көкжиегін кеңейтуге, руханияты жоғары, елге еңбек ете білетін жігерлі, білім өресі биік ұрпақ тәрбиелеуге қосқан зор үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды.

С.Есқараев,  «Sarysý»

Гран-при иеленді

Өнер мен мәдениеті бай ауданымыз таланттарымен әрқашан мақтанады. Киелі өлкеміздің ұл-қыздары өнер саласын терең игеріп, түрлі байқауларда жоғары орындарды иеленуде.

Сонау өнер майталмандарының ізін жалғап жас буын жалындап өсіп келеді. Сайыстарда үздік өнер көрсетіп, алдына жан салмауда. Жылдың басында Алматы қаласында өткен 2024 жылдың 1 қаңтар күні «ZHULDYZ Art Kazakhstan»  Халықаралық байқау өткізілген болатын.Түрлі номинациялардан құралған сайыста ауданымыздан барған Әбілда ауылына қарасты Үшарал негізгі мектебінің 6-сынып оқушысы Смаил Мадина қатысып, «Аспаптық өнер» кезеңі бойынша Гран При дәрежелі лауреат атанып,  Халықаралық байқауға  Түркия елінде, Ташкент қаласында және Ыстық көлінде өтетін «ZHULDYZ Art Kazakhstan» байқауына тегін қатысуға жолдама алды. Ауданымыздың мерейін арттырып, мәртебесін көтеріп жүрген өнерлі қыздың жетістігі ауданымыздың жетістігі болып табылады. Ендеше,  жүзден жүйрік шығып, жеңістерге ұмтылған Мадинаға алар асуың алда болсын дейміз.

К.Керімқұлова,

  Үшарал негізгі мектебі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

жеѕіспен оралды

Спортты жанына серік етіп келе жатқан жас өрендеріміз талай сайыстарда жүлделі орындардан көрініп келеді. Жуырда Орал қаласында 2011-2012 жылы туылған жасөспірімдер арасында

футзалдан Қазақстан Республикасы чемпионаты болып өтті. Аталған чемпионатқа  Сарысу ауданындағы №26 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жас футболшылары қатысты.

Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен барлығы 16 команда қатысты. Командалар ішінде кәсіпқой клуб тәрбиеленушілері де қатысты. Атап айтар  болсақ алматылық «Қайрат», рудныйлық «Аят», оралдық «Бәйтерек» және елордалық «Астана» командалары болды.   Жаңатастық жас футболшылар өз ойындарын елордалық «Астана» командасымен бастап 5:1 есебімен жеңіске жетті. Екінші ойын күні Түркістан облысы құрама командасымен кездесіп 1:1 есебімен тең түсіп, келесі ойын күні Қарағанды облысы, Сарань қаласының командасын 4:1 есебімен жеңіске жетті. Жарыстың соңғы ойынында Атырау облысы «Майкөмген» Құлсары ауданының командасынан 4:3 есебімен есе жіберіп, жалпы 4 ойында 7 ұпай жинап жақсы нәтижеге қол жеткізді.

2024 жылдың 23-27 наурыз күндері аралығында кезекті финалдық ойындар Алматы қаласында өтеді. Жас спортшыларымызға сәттілік тілейміз.

Футзалдан Орал қаласында өткен ҚР чемпионатына қатысу үшін қаржылай демеушілік көрсеткен қаламыздың алып компанияларының бірі «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Жаңатас қаласының командасы ойыншылары мен ата-аналарының атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. Осындай игілікті істердің басында табылып, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне және дамуы мен қалыптасуына қосқан қомақты үлесі үшін алғысымызды білдіре отырып, еңбектеріне табыс тілейміз.

«Sarysý-Aqparat»

«QAZ Intellekt» сайысы

Тәуелсіз

Қазақстанымыздың болашағының жарқын болуы әрі дамыған

мемлекеттер қатарынан көрінуі және сол әлемдік дәрежеге көтерілуінде — бүгінгі қоғам

жастарының үлесі басым.

Еліміздің өркендеп-өсуі, асқақтауы, болашағымыздың жарқын болуы тікелей жастарға байланысты. Әрбір қоғамда жастар мықты болса, қоғамның діңгегі де берік болатыны анық. Біздің қоғамның басты міндеті — жаңа заман үрдісіне лайықты, қажырлы, қайратты, бәсекеге қабілетті, ғылымның мол жетістіктерімен қаруланған, ұлтжанды, елжанды, өз ісінің маманы болу үшін білімді толық меңгерген саналы ұрпақ қалыптастыру.

Қай кез болмасын халқымыз елдің болашағы, жарқын келешегі -жастар қолында деп, олардың тәрбиесі мен біліміне көңіл бөліп отырған. Жарқын болашақтың бастауына айналған жастардың саналы болып қалыптасуына деген талап — өркениет көшбасшысына айналуға жетелейді. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішінде шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі – жас-тарды біліммен сусындаған өз елінің патриоты болуға тәрбиелеу.

Осы орайда, ауданымызда мемлекеттік жас-тар саясатын іске асыру мақсатында жақында Игілік ауылындағы Шоқай датқа атындағы орта мектебінде  мекеменің дәстүрлі форматта ұйымдастырып, өткізіп жүрген «QAZ Intellekt» интеллектуалды-зияткерлік ойыны өтті. Интеллектуалды-зияткерлік ойынын өткізудегі басты мақсатымыз – ел тарихын жастар арасында дәріптеп, түрлі зейінді дамытуға арналған ойындар, түрлі салалар мен олардың маңызын білу арқылы өзара пікір алмасып, оқушы мен ұстаздар арасындағы қарым-қатынасты нығайту.

Аталмыш ойынға мектептің 10-11 сынып оқушыларынан жасақталған «Сұңқар», «Мадрид», «Лашын» және ұстаздардан құралған «Жалын» командасы қатысты. 5 кезеңнен тұратын ойын тартысты әрі қызықты өтті. Дәрежесіне қарай Отанымыз туралы, логикалық, математикалық және түрлі саланы қамтыған сұрақтар қойылып, командалар өз білім деңгейлеріне қарай ұпайлар иеленді.

Қорытынды нәтижесі бойынша үздік шыққан және 1 ғана ұпай басымдықпен ұстаздардан жасақталған «Жалын» командасы І-орынды иеленді. ІІ-орынды «Сұңқар», ІІІ-орынды «Лашын» командасы қанжығаларына байласа, «Мадрид» командасы ойынға белсене қатысқаны үшін марапатталды. Ойын жеңімпаздарына мекеме атынан арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ойынға қатысуға белсенділік танытып, командаларды ерекше дайындықпен іс-шараға жұмылдырғаны үшін Шоқай датқа мектебінің басшылығына және ұстаздар ұжымына алғыс білдіреміз.

Отанымыздың тарихы мен шежіресін кеңінен қозғайтын осындай маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.

Н.Айнабекова,  аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Ұйымдастыру және бақылау»

бөлімінің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.