ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОҚ ДЕ
Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, сыбайлас жемқорлықтың одан әрі таралмауы үшін оған бөгет болудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа
тиімді түрде түбегейлі қарсы тұруға болады.
Қоғам өмірінде түбегейлі шешімі табылмай тұрған мәселе, ол-сыбайлас жемқорлық. Елімізде осы мәселеге байланысты арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан түрлі жұмыстар да баршылық, дегенмен бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ.
Жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу-олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынып жете түсінуіне және орындауына көмектесудің алғы шарттарының бірі болып саналады. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны жас ұрпақ тәрбиесіне зиян болатындығы бәрімізді алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен кесірін тигізеді. Яғни, осы келеңсіз құбылыспен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе екендігі айқын. Сыбайлас жемқорлық- заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.
Қоғамның бақытты болашағын тежейді, елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіреді, жұртшылықтың заң мен әділдікке, билікке деген сеніміне сызат түсіреді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез-келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз керек. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне абыройсыздық ұялатады, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазіргі таңда қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр. Жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда. Еліміздің өркениетін дамытқысы келетін, өз ортасын құрметтейтін әрбір азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі және оның алдындағы басты парызы. Қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, етене сіңісіп келе жатқан бұл кеселдің тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосу және оған тосқауыл болу-біздің басты міндетіміз.
Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек
мобильділігі орталығы» КММ-нің
Сарысу ауданы бойынша Мансаптық орталық филиалы
Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады
Тіл-ұлттың жаны, рухы, халықтың жүрегі, өткені мен болашағы. Ұлы ақын-жазушы А.Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», — деп тілдің ұлтымыз үшін қандай маңызды екенін бір ауыз сөзге сыйдырған.
Тіл-мемлекеттің тұғырлы тірегі, бірліктің жығылмас туы. Бұл -халықтың кескін-келбеті мен айнасы іспетті. Тіл тек үш әріптен құралған жай сөз емес, өмір сынынан өткен, ұлттың баға жетпес қазынасы.
Қазақ тілі-Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ халқының ана тілі, шексіз бай, шұрайлы, көркем, дана, сұлу, рухани бай, Абай әрлеген, Жамбыл жырлаған, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі!
Тіл қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғап, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруы тиіс. Себебі, ана сүтімен дарыған тіл- ең басты байлығымыз. Сондықтан, менің ойымша, еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді меңгеріп, оның жоғалмауына өз септігін тигізуі қажет. Әрине, сот билігі — биліктің бір тармағы ретінде мемлекеттік тілді дамытуға мүдделі. Дегенмен, процестік заңнама талаптарына сай сот ісін жүргізу тілі талап қою берілген тілде іске асырылады.
Сот саласында сот ісін жүргізу тілін белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 14-бабында нақты көрсетілген.
Сондай-ақ сот практикасынан азаматтық іс бойынша құқықтық көмек беретін адвокаттар мен заңгерлер талап арыздарды көбіне орыс тілінде әзірлейтіні байқалады.Сотқа келген азаматтардың сот процесі кезінде орыс тілінде ойын еркін жеткізе алмай жататын кездері болады. АПК-нің 14-бабы 2-бөлігінде егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшының өз өкілі талап қою арызы (арыз) берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады деп көрсетілген. Заңның бұл талабы талап қоюшыға түсіндірілсе де, көп жағдайда азаматтар өздерінің бұл құқықтарын қолданбайды. Сондықтан, кәсіби құқықтық көмек көрсетуші заңгерлер сотқа берілетін арызды талап қоюшының өзі жетік меңгерген тілде әзірлесе деген тілек бар. Сарысу аудандық сотында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге арналған шаралар жүйелі түрде іске асырылуда: заңгерлер мен адвокаттар, мемлекеттік органдарымен бірлесе ауқымды шаралар ұйымдастырылып, сотқа талаптың мемлекеттік тілде әзірленуіне аса мән беру қажеттігі түсіндіріліп айтылуда.
Өзінің бағытын нақты ұстанған сот жүйесі жылдар керуенін артқа тастап, жүргізілген тегеурінді сот реформасының аясында биік асуларды бағындырды. Сот жүйесінің негізгі мақсаты азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және Рес-публика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан да сот алдында сот төрелігін сапалы атқару, әділ шешім шығару аталған құрылымдық жүйенің қоғам талабына сай үнемі жетіліп, оның ілгерілеуіне заманауи тетіктер мен кешенді сот реформаларын жүргізу қажеттілігімен қатар, яғни мемлекеттік тілді өз тұғырына қондырып, қазақ тілінде сот ісін жүргізу мәселесіне де жаппай көшетін қажеттілік туындататын уақыт жақын деп танимын.
Тіліміздің тағдыры өз қолымызда, тіліміздің мәртебесін көтерейік!
Ж.Төлепбергенқызы,
аудандық соттың судьясы