КӨП ТҮКІРСЕ КӨЛ

0

Қылышын сүйретіп қытымыр қыс келгенде, күн де ызғар тартып, адамды әуреге салары белгілі. Саршұнақ аязға дайын болудың қамы жасалып, сақадай сай болу үшін қысқы отынның қоры толықтай жетуі керек.

Қара көмірдің бағасы шарықтап, қымбатшылық жайлап тұрған шақта бірінің қалтасы көмірдің бағасын көтергенімен енді бірінің қалтасы көтермесі анық. Осындайда ақжолтай мейірімді ауыл азаматтары жиналып, тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созуда аянып қалмауда. Тәу етер Тәуелсіздік күніне орай ауыл азаматтары қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, игілікті іске ұйытқы болып келеді. Жуырда «Жайылма қайырымдылық қорының» қолдауымен Жайылма ауылының аз қамтылған және көпбалалы 4 отбасына бір тоннадан көмір түсіріліп берілді. Қорға қаржылай қолдауды жас ауыл азаматтары бір жағадан бас бір жеңнен қол шығарып, бірліктің үлгісін танытты. Қайырымдылыққа тамшыдай болса да үлес қосқан атпалдай азаматтарға отбасылар шексіз алғыстарын жеткізіп, жылы лебіз тілектерін жолдады.

Жалпы, ауылдың айшықты көрінісі бірлікпен жарасым тапқандай. Жүректері «Әр қазақ менің жалғызым» деп соғатын азаматтардың ісі қашан да асқақ абырой мен береке сыйлайды. Сауапты істен құр қалмай, сансыз істерде «Сен тұр, мен атайын» дейтін ауыл жанашырлары ынтымақтың үлгісін ісімен дәлелдеп келеді. Тәуелсіздік күніне қайырымдылық қоры тұрмысы төмен жандарға осындай сый жасады.

Мұндай игілікті шаралар, алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Қол ұшын беруге әзір тұратын ауызбіршілігі мол ауыл азаматтарының берекесі арта берсін.

Табысын тоќымадан тапќан тігінші

«Адам ісімен өнеге» демекші, өмірдің ағысында қиындықтарға қарсы тұрып, бәсекелестік пен қабілеттілік сыналатын шақта сынақтардан сүрінбей өтіп жүрген жандар арамызда бар.

Мереке қарсаңында тігіншілік өнерін бойына сіңіріп, адал кәсіптің нанын тауып жатқан жандардың бірі — Жаңатас қаласының тұрғыны, 1 -топ мүмкіндігі шектеулі жан Бақыт Алпамысованың шаңырағына барып, мерекемен құттықтап, тілдесіп қайттық. Өмірдің ақ пен қарасында алға ұмтылып, таңмен таласа тұрып тірлігіне қым-қуыт кірісіп кететін Бақыт әпке 1967 жылы 15 мамырда Жайылма ауылдық округіне қарасты Қызылдихан ауылында дүниеге келген.  1974 жылы отбасымен бірге кеншілер шаһары — Жаңатас қаласына көшіп келеді. Осы жерде училищеде аспаз мамандығын бітіріп, атқарған. Қолынан сан өнерді дарытқан жас маман сауыншы болып жұмыс істеп, ауылдарды аралайтын. Алдына мақсат қойып, болашаққа қол созған  жас маман 1986 жылы тұрмыс құрып, отбасылық өмірді бастан кешіреді. Әйел бақытын сезініп жүрген жас келіншек екі баланы өмірге әкеліп, ана атанып орындалған арманына қол жеткізіп, тұрмыстың тізгінін қолына алып, шаңырақты шаттыққа бөлейді. Осылайша жолдасы Сабыр Алпамысовпен Жаңатас қаласында бақытты жанұя болып қамсыз тіршілікті кешіп жүреді. Адамның басына сынақ келемін десе, бір ақ сәт дегендей, 2011 жылы әкесі қайтыс болып, қатты күйзеліске түскен Бақыт Орынбайқызы ауыр дертке шалдығып қалады. Асқар тау әкеден айырылу аса қиын. Сол жылы ауданнан арнайы квота бөлініп, Астана қаласына жұлынға операция жасатып, білікті дәрігерлер жанына араша бола білген. Дегенмен сол сәттен кейін бір аяғынан жан кетіп, арбаға таңылуға мәжбүр болған екен. «Құр жатқанға береке келмейді» дегендей, аяғынан жан кетіп, күйзеліске ұшыраса да сынға сынып қалмай 2012 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына тіркеліп, 2013 жылы «Бизнестің жол картасы»,  бағдарламасы арқылы қайтарымсыз 505 мың теңге грантқа қол жеткізеді. Бөлінген қаражатқа екі тігін машинасын алған тігінші сол уақыттан бері бел жазбай жұмыс жасап келеді. Алайда жүрегі жұмсақ нәзік жанды тағдыр тағы аямады. Әуелі 2019 жылы жолдасынан айырылып, баз кешеді. Балаларының әкесі, қамқоршысы болған жолдасының қазасы есеңгіретіп жүргенде 2021 жылы кіші ұлы Рахат орда бұзар 30 жасында оқыс жағдайда қаза тауып, қапыда ардақты ана ұлынан көз жазып қалады. Қос қазадан шаңырағы қара жамылып, қайғыдан қан жұтқан анаға бұл сынақтар расында ауыр тиді. Әйел жаны нәзік келеді емес пе?  Шырғалаңға салған тағдырға шара бар ма? Бәрінен бұрын көзінің нұры болған, ерекше жақсы көретін кіші ұлының қазасы жанына батты. Болашағынан зор үміт күттіріп, елдің тұтқасын ұстайды деп ойлаған боздақтың өмірден қыршыннан кеткені болашақты бұлыңғыр еткендей болды. Алайда, қайғысымен бірге қуанышы қатар жүзген дүниенің жақсылығынан күдер үзбеді. Үміттің сәулесі жылт еткендей қылаң беріп, мықты болуды шешті. «Тірі адам тіршілігін жасайды» дегендей, қиындықтарға мойымай ауыр қазаның жүгін көтере білді. Бүгінде үлкен ұлы Рауанның қолында тұрып жатқан Бақыт әпке екі немере сүйіп отырған бақытты әже. Қолына ұршықты иіріп, құрақ көрпеше, шұлық пен киімдерді тігіп, түрлі тапсырыстарды уақытылы әрі сапалы жасайтын тігіншінің тұтынушылары күннен күнге артып келеді. Қолы бос уақытта кітап пен газетті жанына серік етіп, бір сәтке рухани азық алып жүр. «Абай жолын» оқыған кәсіпкер Абайша толғанып, дүниенің терең сырларына қанық болғандай. Одан бөлек Мұқағалидың жырларынан нәр алып, бойына қуатты сіңіреді екен. Ақын — жазушылардың шығармаларын оқып, ойға терең философияны меңгерген ардақты ананың көңілі қазақтың дархан даласындай кең. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкері А.Жанжолова оқырманға арнайы келіп, сүйікті кітаптары мен басылымын жеткізіп тұрады. Кәсіпкермен дидарласқанымызда көзінен ауыр мұң тыйылып, жарқын келешекке ұмтылған бақытты шағын көрдік. Әңгімесі әсерлі, мінезі тым қарапайым. Кешегі сауыншы келіншектен кәсіпкер келіншек атанып отырған Бақыт әпке өз кезегінде алдағы жоспарларымен бөлісті: — Мен тігіншілік өнерін анамнан үйрендім. Жас кезімде бұл салаға қызығушылық болғандықтан кәсіпті осыдан бастауды жөн көрдім. Қазірде тұрақты тұтынушылар көбеюіне байланысты кәсібімді кеңейтсем деген жоспарым да бар. Ұлым  мен келінім маған жәрдемдесіп, қолдан келгенше қолғабыс етіп жүр. Мемлекеттен тиісті жәрдемақымды аламын. Тұрмысқа қажетті заттарымды да қамтамасыз етеді. Одан бөлек аудан әкімдігінің мамандары қайырымдылық шаралары кезінде мені де назардан тыс қалдырмай көмектерін аямайды.

Осы орайда, тиісті қолдау көрсетіп жүрген аудан басшылығына алғысым шексіз, — деп сөзін түйіндеді. Ендеше, еңбектің нанын тоқымадан тапқан кәсіпкерге мол табыс тілейміз.

Самат Тоқбанов,  «Sarysý»

Интерактивті сабақ өтті

Апта ішінде Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мектеп оқушыларына «Жер сілкіну туралы негізгі түсініктер. Оқушылардың жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдары» атты интерактивті сабақ өткізді.

Шараның басты мақсаты — оқушыларды осындай қауіпті апаттар кезіндегі қабылдау керек шешімдермен таныстыру, сонымен қатар жер сілкінісі туралы түсінік қалыптастыру.

Дәріс онлайн режимде өтті. Яғни, аудан және Жаңатас қаласы мектептерінің оқушылары да сабақты видео портал арқылы көріп отырды.

Дәріс барысында  аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Ә.Бекенов өз сөзінде:

-Жер сілкінісі кенеттен пайда болады және қас-қағым сәтте өтеді. Сол себептен, қай жерде болмасаңыз да, үйде, жұмыста, далада, көлікте апат орын алған жағдайдағы өзіңіздің іс-әрекеттеріңізді алдын-ала жоспарлап қойғаныңыз абзал. Отбасы мүшелеріне осындай жағдайда не істеу керектігін және алғашқы медициналық көмек көрсету ережелерін үйретіңіз. Ең қажетті заттарды, құжаттарды, ақша мен қолшамды қол астында ұстаңыз. Бірнеше тәулікке жететін ішуге арналған су мен консерваларды сақтаңыз. Қауіпті, улы,химиялық заттарды бөлек,шеттетілген жерде ұстаңыз. Жанұяның ересек мүшелері пәтерді тоқсыздандыруды,магистральдік газды және су құбырын өшіре білу керек. Ең алдымен балаларға, қарттарға және мүгедек адамдарға қауіпсіз жерге жетуге немесе мүмкіндік болса далаға шығуға көмектесіңіз. Көпқабатты үйлердің берілген аймақтың сейсмологиялық деңгейін есепке ала отырып тұрғызылатындығын естен шығармаңыз, сондықтан үрейге еркіндік беріп,сасқалақтамаңыз,-деді.

Сонымен қатар төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері оқушыларға жер сілкінісі мен оқыстан келген өзге де табиғи апаттар кезіндегі қауіпсіздік шараларына дайын болуы, сауатты іс-әрекеттер жасауы, сонымен қатар, апатты жағдайда өзін-өзі ұстай білу дағдыларын қалыптастыру  керектігін жан –жақты түсіндіріп өтті.

Сабақ барысында тыңдаушылар жер сілкінісінің пайда болуының басты себептерін біліп, оның интенсивтілігі туралы түсінік алды. Бұдан бөлек эвакуация шаралары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Барлық оқушылар арнайы дайындалған видеороликті тамашалап өз ойларымен бөлісті.

ата-аналармен кездесу

Жайылма ауылдық балалар өнер мектебінде ұстаздар  «Ұлт-аспаптар» мен «Сәндік қолданбалы және бейнелеу өнері» бөлімі бойынша жұмыс жасайды. Домбыра сыныбының мұғалімі Омарова Күлайша мен қолөнер сыныбының мұғалімі  Өтебекова Кәмшаттың ұйымдастыруымен ата-аналармен кездесу кеші өтті.

Кеш өтетін бөлме көрнекіліктермен  кешке сай әдемі безендірілген. Қолөнер сыныбының мұғалімі Кәмшат Өтебекованың оқушыларымен жасаған дүниелері көрме ретінде қойылып, жасалды.  Көрмедегі жасалған дүниелер көз тартады. Домбыра сыныбының мұғалімі Күлайша Омарова концерт өткізді.

Басқосу барысында Күлайша Омарова мен Кәмшат Өтебекова оқушыларының сабақ үлгерімі,  жетістіктері т.б мәселелерін айтып,  мультимедиядан жасаған слайдтарын көрсетті.

Іс-шара  оқушылар дайындаған концертпен жалғасын тапты.  Домбыра сыныбының мұғалімі К.Омаровамен оқушылары Мәлік Аяжан,  Тәжібай Кәусар,  Шәмші Маржан,  Сатыбалды Аянамен  «Кеңес» пен «Келіншек» халық күйін орындады.  Сонымен қатар өнер мектебінің оқушылары  Елеубай Азамат,  Аяжан Айым, Абай Жания,  Көшен Бегімдер  қазақтың ұлттық күйін тартса, «Өзбек биін»  Қалхаман Айғаным,  «Лязго» биін Нұрлыбек Шұғыла, Төлеубек Інжу, Көшен Бегім, Абай Жаниялар мың бұрала биледі.

Өнер мектебінің түлектері Сұлтан Ақнұр, Амангелді Сағыныш, Бидайбай Әмина Құрманғазының «Балбырауын» күйін  орындап берді.

Сондай-ақ  өнер мектебінің мұғалімі  Кәмшат Өтебекованың оқушылары күнделікті  қолданыстағы заттардан жасаған киім үлгісін көрсетті. Концертті «Ұстаз-ана» әнімен Тайлақ Аягөз аяқтады. Ата-аналармен қызықты ойындар ойнатылып,  жеңімпаздарға сыйлықтар берілді.

Кездесу кешін мектеп директоры  Ә.Абенов қорытындылап,  келген ата-аналарға Алғыс хат тапсырды.   Ата-аналар атынан  Ақмарал Ыбыраева алып,  ұстаздардың еңбегінің зор екенін,  қолөнер сабағында әр оқушымен жұмыс жасау үшін материалдарды өз қаражатына алып,  әдемі дүниелер жасаудың қандай еңбек екенін айтса, еңбек ардагері Бибіжан Жұматаева домбыра аспабы әр қазақтың үйінде болу керектігін жеткізді.

С.Есқараев,  «Sarysý»

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.