Жауғашардың жүйрігі

0

Сонау 60-шы жылдары біздің жастау кезімізде, ел ішінде ескі көз шежіре қариялар баршылық еді. Кейде біздің үйдегі әкей бар бәрінің бастары қосылып небір естелік әңгімелердің тиегі ағытылатын еді.

Бір өкініштісі сол қариялардың ауызынан шыққан алтыннан да қымбат сөздерді жазып алмаған соң көбі есте қалмады. Қазақ халқының тарихында болған елеулі оқиға  Сарысу елімен де байланысы бар мына бір әңгіме есімде сақталып қалды. Әрине кейінгі ұрпақ оқып, білсін деп жазып отырмын. 19-ғасырдың жетпісінші жылдарында тарихтан белгілі Арқада Ерейменде Керей елінде  бай Нұрмағанбет үш жүзге сауын айтып әкесі Сағынай биге ас береді. Қазақ тарихында бұрын-соңды мұндай үлкен ас болмаған дейді кейбір деректерде. Асқа тігілген үйлердің көптігі, алыс-жақыннан көптеп жиналған халық, құрбандыққа шалынған малдың саны да мыңнан асады деп айтылады.

Осы асты сол кезде көзімен көрген шетел сая-хатшылары мұндай үлкен жиынды еш жерде көрмегендерін айтып, жазады. Осы астағы аламан бәйгеде Ақан серінің Құлагері мәреге көз көрім қалғанда қанды қол қарақшының қолынан мерт болады. Егер де осы қайғылы оқиға орын алмағанда бұл астың да даңқы осыншама аспандамас па еді кім білсін?

Қазақтың ұмыт болған көп ас тойларының бірі болып қалар ма еді бәлкім? Ертеректе алыстағы мал ауылда кешкісін май шамның жарығымен үлкен кісілердің сұрауымен, ескі жыр-қиссалар оқушы едік. Бір жолы Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасын оқып отырып мына бір жеріне келгенде алыстан бәйге аттары көрініп, алдыңғы төрт ат жүйдек болып жыланды өзекке түсіп көрінбей кетіп, іле-шала үш ат қайта шыққанда бір ат жоқ шықпай қалды деп қалың ел дүрлігіп кетеді ғой. Ол ат сол жерде күтіп тұрған қанды қол қарақшының қолынан мерт болған. Оқ бойы келе жатқан Ақан серінің Құлагері еді. Ал  енді Көмбеден өтіп жатқан аттардың бірінші болып Батыраштың көктұйғыны, екінші Шорманның Шорағы дей келе он екінші болып Жауғашардың жүйрігі деген жерге келгенде әкем басын көтеріп тоқта-тоқта деп мені тоқтатты да осы бір әңгімені айта бастады. Сонау бала кезімізден құлағымызға сіңісті болған осы бір оқиғаның тарихы тағы да есіме түсіп отыр. Бұрынғы үлкендерден естуімізше, бұл Жауғашар деген кісі Арқадағы Сарысу жерінде кіндік қаны тамған, қолы ашық  дәулетті  кісі екен.

Міне, осы кісінің сол өлкеде алдына қара салмаған жүйрік торы аты болған. Бір жыл бұрын сауын айтылған осы асқа торы атты жыл бойы баптап дайындаған екен. Көзі көрген кісілердің айтуынша домаланған кішкентай торы ат еді дейді. Үш жүздің басы қосылған Ереймендегі осы аста аламан бәйгеде үш жүз алпыс ат бәйге жолына қосылыпты деп отыратын еді. Бұрынғылар оның ішінде 30 атқа бәйге тігілген екен. Осы қырғын жорықта бірталай ат жолда зорығып өлген екен дейді. Қазақ жерінің түкпір-түкпірінен келген 360-пырақтың ішінен 12-ші болып келген торы ат сол заманда бүкіл Сарысу елін даңққа бөледі десем артық айтқандық емес шығар.

Дүбірлі астың аяғы бүкіл қазақ елін дүр-сілкіндірген Құлагердің мерт болуы, зар еңіреген Ақан қайғысы бүкіл ел қайғысына айналады. Кешегі күндері осы ас кезінде Ақанның әнін тыңдап, жігіттің сырттанын көзімен көріп әбден тәнті болған атамыз елге келген соң көп кешікпей ұлды болып, Ақан серінің құрметіне деп есімін Ақанбек деп қойыпты. Ақанбектен Қарымбай      туылады. Қарымбай ағамыздың Бекбосын, Қанат деген балалары осы күні Өндіріс ауылында, Тараз қаласында тұрып жатыр.

Қ.Төлеутаев,

Өндіріс ауылының тұрғыны, зейнеткер

Leave A Reply

Your email address will not be published.