ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК
Саф өлеңнің жүйрігі, ақиық ақын, қазақ поэзиясының мұзбалағы «Барлығы да, Поэзия, сен үшін»,–деп әдебиет патшалығының ғажайып ханзадасы һәм бірегей сардары ретінде салтанат құрған Мұқағали Мақатаевтың құдіретті өлеңдері халқының жүрегінде. Шындығында, Мұқағали бойындағы тамаша талантын жұртына арнаған.
Осыған орай Балалар-жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 28 қаңтар күні қосымша білім беру мекемелерінің оқушылары арасында «Жырлайды жүрек» атты шығармашылық байқауының аудандық кезеңі өткізілді.
Бұл «Жырлайды жүрек» атты шығармашылық байқауы ақиық ақын, тау тұлғалы талант, дарынды дарабоз, «Ғасыр ақыны» атанған, миллион сырлы сезімнің иесі-Мұқағали Мақатаевқа арналды.
Аталған байқауға қосымша білім беретін 6 мекемеден 26 оқушы қатысты. Байқаудың ережесіне сай «Көркем сөз», «Сахналық қойылым» номинациясы өткізілді.
«Көркем сөз» номинациясы бойынша орта топтан Саудакент ауылдық аула клубынан қатысқан Кеңесбек Айгерімнің оқушысы Сәпиева Ажар І орынды, екінші орынды Балалар-жасөспірімдер орталығынан А.Почтаеваның шәкірті Жомарт Аружан, ал 3-орынды Игілік ауылдық өнер мектебінен А.Купенованың оқушысы Сәуір Гүлзат иеленді.
«Көркем сөз» номинациясы бойынша кіші топтан Балалар-жасөспірімдер орталығының оқушылары Нұрбігүл Жолдыбай І-орынды, Мырзатай Аяжан және Саудакент ауылдық аула клубының оқушысы Махажан Аспандяр, Балалар-шығармашылық орталығынан қатысқан Алтынбек Сезім, Игілік ауылдық өнер мектебінен Орынбасар Бекнұр 2-орындарды жеңіп алды. Сонымен қатар, Жаңатас қалалық аула клубынан Қайрат Мейірім, Балалар-жасөспірімдер орталығынан Қантай Әбілмансұр, Жаңабек Айару 3-орынды қанжығаларына байлады.
Байқаудың «Сахналық қойылым» номинациясы бойынша орта топтан Игілік ауылдық өнер мектебі «Ер тұран» тобы І–орынды, Жайылма ауылдық балалар өнер мектебінен Жеңіс Кәусар 3-орынды иеленді.
6 ақпан күні Тараз қаласында өтетін облыстық кезеңге жолдама алған үш қатысушыға сәттілік серіктерің болсын дейміз.
Назира Идрисова, Балалалр-жасөспірімдер орталығының Бұқаралық бөлім меңгерушісі