«Ана тіл – бәріміздің анамыз,
өйткені ол –ұлтымыздың анасы».
Қазақ тілі – қазақ халқының жан сезімін және рухани байлығын ғасырдан-ғасырға жалғастырып келе жатыр. Ол сезім мен байлыққа қол жеткізіп, кенелу қазақтың тіл мәдениетін толық меңгеру арқылы ғана мүмкін болмақ. Сонымен қатар тіл дегеніміз –ұлттық болмыс пен психология аясындағы ең сезімтал әрі нәзік сала. Олай болса, мемлекеттік тіл тағдыры қазақ ұлтының да тағдыры екені баршаға аян.
Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Тілі мен дінінен айырылған ондай жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлденең көк аттының қолжаулығына айналады. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс соның айғағы.
Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тілі.
Кез-келген мәселеге бүгінгі және келешек уақыт тұрғысынан қарауға болады. Олай болса, біз өз тіліміздің тағдыр-талайына бей-жай қарай алмақ емеспіз. Бұл – шындық. Турасын айтқанда, тіл – халықтың өзегі, болмысы, байлығы. Қарапайым ғана мысалмен ой сабақтасақ, дүниеде өз тіліңнен айырылып қалу қандай үлкен қасірет десеңізші. Тіл – қолдан құрастыра салатын, бір зауытта жасай салатын зат емес қой. Ол халықпен, ұлтпен бірге жаратылатын, қанатын сол халықпен бірге кеңге жаятын құбылыс. Туған тілін өз халқы қаншалықты құрметтейтін болса, сол халықтың да дәрежесі соншалықты биік болады. Бүгінгі біздің бойымыздағы кемшілігіміз – өз тілімізді өзіміз құрметтей алмай келе жатқанымыз. Қазақ қоғамында осы сана-сезімді қалыптастыруға күш салуымыз керек. Ана тіліміздің қадір-қасиетін бәріміз бір адамдай сезінсек ұтылмаймыз.
Қазақ тілі үшін бәріміз де қарыздармыз, сондықтан қолымыздан келген қамқорлығымыз бен көмегімізді өз тілімізден аянып қалмайық, өйткені тіл – біздің ертеңгі ұрпақтарымыздың панасы.
Фариза Ақназарова,
Тілдерді оқыту орталығы
аудандық бөлімшесінің оқытушысы