ХИРУРГ, ҒАЛЫМ, ҚАЛАМГЕР
Үшбас ауылынан түлеп ұшып, туған жердің мақтанышына айналған тау тұлға Сағындық Ордабеков бүгінде жетпістен асып қария атанса да бойында қуаты тасыған жігерлі тұлға. Медицина саласында 350- ден астам ғылыми-практикалық жұмыстары журналдар мен жинақтарға енді. 7 монография, 8 оқулық, 3 ғылыми, 4 көркемдік кітап, медицина саласында ашқан жаңалығы үшін 4 авторлық құқық, рационализаторлық ұсыныс үшін 12 куәлік шығарылды.
Жамбыл облысы мен Тараз қаласындағы хирургия саласының дамуына үлкен үлес қосып, ондаған хирург мамандарын даярлап шығарды. Сағындық Ордабекұлының жетекшілігімен 5 кандидаттық, 14 магистрлік диссертациялары қорғалды. Осындай елеулі жұмыстардың иесі, қарымды қаламгерге арналған Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Ең үздік ауылдық кітапхана» облыстық байқауы тау шатқалында, көгалды кең жазиралы даласы, табиғаттың тылсым құбылыстары мен жақпар-жақпар таулары бар, табиғат сұлулығы салтанат құрған қасиетті Сарысу өлкесінде жалғасын тапты. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Үшбас ауылдық кітапханасы ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина саласының ардагері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі және Нью-Йорк академиясының мүшесі, жоғары санатты дәрігер – хирург, қаламгер Сағындық Ордабековтің шығармашылығына арналған біраз жылдар бойы өткір қандауырды үшкір қаламмен қатар ұстап, журналистиканы дәрігерлікке серік етіп жүрген Сағындық Ордабековтің қатысуымен «Хирург, ғалым, қаламгер» атты құрметті адаммен «Алғашқы» жобасы өтті. Атаулы іс-шараны Түркістан ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы Жаныс Арыстанбеков ашып, кеш қонағын құттықтады. Жамбыл облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Әбдинова Эльмира Елеусізқызы ізгі тілегін жеткізді. Іс-шара барысында «Ғылымның қия жолында» кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапхана қызметкерлері кейіпкердің шығармасынан Балкерім Қойлыбаева «Ананың ақ сүті немесе перзенттік парыз» монологін оқыса, Раушан Қадырбекова Қадыр Мырзалиевтың сөзіне жазылған, Шәмші Қалдаяқовтың әні «Тамды аруы», Қалдыбек Құрманәлінің сөзіне жазылған Елена Әбдіхалықованың әні «Кірмеші жиі түсіме», Әнуарбек Дүйсенбиевтің сөзіне жазылған, Арман Дүйсеновтің әні «Ағажан», Бақытжан Алиев Назым Арапбаеваның сөзіне жазылған, Бауыржан Есебаевтың «Аққуым менің» сынды халықтың ықыласына бөленіп жүрген жауһар жырлардан шашу шашты. Кеш соңында жерлесіміз рахметін айтып, өзінің жазған кітаптарын кітапхана қорына өткізу үшін орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмахановаға тапсырды.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»