МАҢҒАЗ ЖЫРДЫҢ ИЕСІ-МАРАЛТАЙ

0

Өлең өлкесінде ойып тұрып орын алатын жерлес ақынымыз — Маралтай Райымбекұлының отты жырлары қазақ поэзиясына тың өзгерістер мен жаңалықтар алып келді. Алпауыт күшті жырдың иесі талантымен талай жанды баураған өршіл ақынның шығармалары әлем әдебиетіне де аударылып, оң бағасын алып жатыр.

Осындай тарпаң мінезді тарлан ұлды түлеткен Сарысу топырағының киелі екеніне титтей де күмән қалмайтыны анық. Аптаның жұмасында аудандық мәдениет үйінде 25 қазан-Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ақын Маралтай Райымбекұлының шығармашылығын насихаттау, жас ақындарға рухани қолдау көрсету, таланттар мен дарындарды тану, олардың шығармашылық қабілеттерін анықтау мақсатында «Маралтай оқулары» облыстық байқауы өтті.

Мәдени тынығу кешінің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Серимов сөз сөйлеп, Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеевтің және аудан әкімі Сәкен Мамытовтың құттықтау хатын оқыды.

Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, ақын  Ғалым Жайлыбай, ҚР Жазушылар Одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Өмірбек Мейірхан және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы,  ақын Маралтай Райымбекұлы әділқазылық жасады. Құрметті қонақтар Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Халықаралық «Алаш » әдеби сыйлығының лауреаты, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Ғалым Жайлыбай, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Өмірбек Мейірхан, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Хамит Есаман сөз сөйлеп, ауданымыздың мақтанышы Маралтай туралы ізгі тілектерін жеткізе келіп, байқауға қатысушы ақындарға ақ жол тіледі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Маралтай Райымбекұлы да өз кезегінде дәстүрге айналып бара жатқан «Маралтай оқуларының» жас ақындар үшін берері мол екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Сайыс 2 номинация бойынша өтті. Алғашқы кезең бойынша ақындар Сарысу ауданының 95 жылдығына арнаған арнау өлеңдерін мәнерлеп оқу керек болса, екінші кезеңде Маралтай Райымбекұлының өлеңдерін жатқа айту бойынша сынға түсті.

Байқауға облыстың түкпір-түкпірінен келген 28 үміткер қатысып, бақ сынады. Байқау қорытындысында Сарысу ауданының 95 жылдығына арналған арнау номинациясы бойынша тараздық Аян Шораев 1-орынды,  байзақтық Диана Әбдіманап 2-орынды, мойынқұмдық Жанасыл Жарылқасын 3-орынды иеленді. Екінші кезең бойынша Маралтайдың өлеңдерін жатқа оқу номинациясында Т.Рысқұлов ауданынан келген Арайлым Мейрамханқызы 1-орынды, сарысулық Жансезім Амантайқызы 2-орынды, Талас ауданынан келген Жандос Үсен 3-орынды иеленді. Барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары тапсырылды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Шарада аудандық мәдениет үйінің әншілері әуелете ән шырқаса, «Айжан қыз» бишілер ұжымы мың бұрала билеп, байқаудың көркін аша түсті.

Самат Тоқбанов, «Sarysý» 

Leave A Reply

Your email address will not be published.