Комиссия отырысы өтті

0

жуырда аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Жиынға комиссия мүшелері, құқық қорғау органдары және тиісті сала қызметкерлері қатысты. Күн тәртібіндегі бірінші «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы жоспардың орындалу барысы, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің талаптарына сәйкес айыппұлдар салу, өндіру туралы» мәселеге байланысты Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Қ. Алдабергенов және  Түркістан ауылдық округінің әкімі А. Шортанбаев хабарлама жасады. Хабарламашылар ауылдық округтердегі тұрғындардың өмір қауіпсіздігін сақтау және әртүрлі құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында жергілікті құқық қорғау органының қызметкерлерімен бірлесе отырып, әр бағытта атқарған жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, құқық бұзушылықты болдырмау туралы ауыл тұрғындарына, мектеп оқушыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Елді мекендердегі әлеуметтік нысандарға, үлкен автокөлік жолының бойы мен әлеуметтік нысандар орналасқан негізгі көшелерге бейнебақылау камералары орнатылған. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің талаптарын бұзған азаматтарға тиісті хаттамалар толтырылып, ескертулер берілген, айыппұлдар салынған. Ішкі істер бөлімінде есепте тұратын азаматтарды қоғамдық жұмысқа тарту жолға қойылған. Биылғы жылы ауылдық округтерде қылмыс тіркелмеген. Күн тәртібіндегі «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы жоспардың орындалу барысы, пробация қызметінің адамдарын жұмысқа орналастыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы» екінші мәселеге байланысты «Мансап» орталығы аудандық филиалының директоры Д. Борсықов баяндама жасады.

-2023 жылдың 1 қазанына пробация қызметінде 66 адам есепте тұр. Жыл басынан жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 38 адам тартылған. Сарысу ауданы әкімінің қаулысына сәйкес пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 4 адамға квота белгіленген. Бұл бойынша «Казфосфат ТКӨК» ЖШС-не 2 адам, «Жаңатас-Су-Жылу» КМК-на 2 адам жұмысқа орналасты,-деп жоспар толық орындалғанын жеткізді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі құқық бұзушылықты болдырмау, олардың алдын алу бойынша жұмысты одан әрі жандандыру керектігін айтып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берді.

«Sarysý-Aqparat»

Ағынды ақпарат

Заңғар ойлы қарттарым

Қарттар күнінің мән маңызын жастарға ұғындыру мақсатында Саудакент  ауылдық мәдениет үйінің  ұйымдастыруымен  «Заңғар ойлы қарттарым!»-атты дөңгелек үстел  ұйымдастырылды. Кешке мәдениет саласының ардагері, Рәтбек қажы Сүлейменұлы  қатысып,  өзінің өмір жолы мен еңбектерін, өңірдің дамуындағы үлесін айтып,  адамгершілік пен мейірімділік, ізденіс пен білімділік туралы ақыл кеңестерін ортаға салды. Мәдениет үйінің әншілері Әбілахат  Рысдаулетов пен Әсел Базарова «Қос бәйтерегім», «Туған жер» т. б әндерді шырқады.  Кешті жүргізуші: «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел»-дейді. Қарияларымызды құрметтеп, ардақтау – біз үшін парыз. Қазыналы қарияларымыз аман жүрсін! – деп іс-шараны қортындылады.

 

Қобыз – өнердің пірі

Ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қазақтың атақты күйші қобызшысы, композитор, қылқобызда ойнаудың асқан дүлдүл шебері Ықылас Дүкенұлының туғанына 180 жыл толуына арналған  «Қобыз – өнердің пірі» — атты әдеби-сазды кеш өткізілді.

Бас қосуда техникалық шығармашылық орталық директорының орынбасары Қалдарбеков Қамбар  киелі қобыздың шебері — Ықылас Дүкенұлының өмір жолына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, Ықылас Дүкенұлы атындағы саз мектебінің оқытушысы Мұқанова Гүлзира Ықылас күйлерін нақышына келтіре орындап берді.

Сонымен қатар «Отбасы –бақыт мекені» атты отбасы мүшелерімен кездесу кеші өткізілді.  Шараға Байқадам ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы С.Башенов, ауыл ардагерлері Ж.Әмірбеков пен М.Өзекбаев қатысты.

Еңбек ардагерлері  отбасы құндылығы туралы, отбасы игілігі үшін талмай  еңбек ету керек екенін,  отбасы тәлімінің мәні туралы  кеңінен тоқталып өтті.

Ауыл өнерпаздары  Ұ. Хасанова  «Жақсы адамдарым», М.Оспанова  «Қазақ қызы» атты әндерді шырқап, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кеш қонақтарына  Саудакент ауылдық мәдениет үйінің атынан бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Ана тілім-құдыретім

 

Сондай-ақ «Ана тілім — құдіретім» атты дөңгелек үстел өткізілді.

Шараның  мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, қазақ тілінің мәртебесін жоғарылатып, айбынын асқақтату.

Іс-шарада мектеп оқушылары  Дүйсен Інжу, Батырбай Алтынай, Айтбек Жанай, Амантай Сезім М.Жұмабаевтың  «Қазақ тілі», А.Құнанбаевтың  «Сегіз аяқ»,  М. Әлімбаевтың «Ана тілім ғажап деп айта аламын», Т.Молдағалиевтің  «Үйретеді кім оған ана тілін» т.б. қазақ ақындарының тіл туралы жазған ең үздік шығармаларын оқып, білімділіктерін көрсетті.

Ақын өлеңдерін оқи отыра оқушылар отанын сүюге, туған жерін, ана тілін құрметтеуге деген құндылықтарды бойларына сіңірді.

Туған өлкем-жұмақ мекенім

Ауылдық мәдениет үйінің  ұйымдастыруымен   туған жерін сүйіп,  қадірлеу мақсатында «Туған өлкем – жұмақ мекенім»   атты дөңгелек үстел  өтті. Ауылдың тарихы, жері, ауылдан шыққан белгілі азаматтар туралы  кеңінен түсіндірілді.

Кешті жүргізуші Базар Асел   атамекеннің қаншалықты ыстық болатындығын ұғындыра өтіп,  «Туған өлкем – жұмақ мекенім » деген ұлы ұғымның маңызын, құндылығын ерекше сезіммен тебірене жеткізді.

Одан кейін Дария Алмасқызы, Әбдеш Алтынай, туған жер туралы ақындардың өлеңдерін оқыды.

Бейімдеу орталыєында

Ел аймағында қазан айының екінші жексенбісі  мүмкіндігі шектеулі азаматтардың күні аталып келеді. Бұл дата Біріккен ұлттар ұйымының ұйғарымымен 1992 жылдан бастап атап өтілуде.

Бұл ең күшті және жүрегі таза адамдардың күні. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша назар аудару мақсатында ауданымызда іс-шаралар өтті.

Осы күнге орай Жаңатас қаласындағы мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында  өткен аптада «Ертегілердің таңғажайып әлемінде» атты мерекелік іс-шара және атаулы күн аясында «Жамбыл облыстық  жастар ұйымы қауымдастығы»  «Дойбы» ойыны ұйымдастырылды. Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар трапынан  Алғыс хаттар мен арнайы сый-сияпаттар табыс етілді. Балалардың жүздеріне күлкі ұялатып, шаттық сыйлады.

С.Есқараев,  «Sarysý»

Мейірімділік жїрек жўмсартар

төзімділік пен батылдықты паш еткен мүмкінлігі шектеулі жандардың атаулы күніне орай аудандық мәдениет үйінде кеш өткізілді

Шараға «AMANAT» партиясы аудандық филиалының  кеңесшісі Мадина Пірімбек, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Бейсен Шалабаев мен  бөлімше меңгерушісі Ақгүл Раманқұлова қатысты. Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Бейсен Шалабаев сөйлеп, шараға қатысушыларды мерекемен құттықтап, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық әрқашан жасала беретінін жеткізіп, бөлімшеде есепте тұрған 28 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы дайындалған сыйлықтарын (азық-түлік жиынтығы) тапсырды. Мұнан соң «AMANAT» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Мадина Пірімбек сөз сөйлеп,  партияның  демеушілігімен 28 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы дайындаған сыйлықтарын табыс етті. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Самат Тоқбанов, «Sarysý»

Мемориалдаєы сенбілік

«KIELI TABIGAT» республикалық экологиялық акциясы аясында ауданымыздағы «Ықылас Дүкенұлы» мемориалына тазалық жұмыстары жүргізілді.

Ықылас Дүкенұлы мемориалы – тарихи және сәулет өнері ескерткіші. Ықылас Дүкенұлы мемориалы (архитектор Э.Байтанаев, А.Еспембетов пен Г.Сахариева) Жаңатас – Тараз – Шолаққорған (Жамбыл облысы) автожолдарының қиылысындағы ауылдың оңтүстік шетінде орналасқан. Мемориал 1993 жылы күйші-қобызшысы Ықылас Дүкенұлының туғанына 150 жыл толуы қарсаңында тұрғызылды. Тұтас құймалы темір-бетон мен күйдірілген кірпіштен тұрғызылып, оның сыртқы жағы мәрмәр және гранитпен қапталған. Өзара үйлесім тапқан үш бөлімді құрылыс белдеулік осьпен тартылған. Мемориалдың негізгі көлемі – гөрхана негізіндегі дөңгелек (жерлеу орны), тік көтерілген биік конус тәрізденіп біткен; ал алғы беті жағынан көлденең биіктігі 5,4 м әшекейлі шынымен бөлінген. Ықылас Дүкенұлы мемориалының құрылысы қабырғаларында майшам-«шырақтар» қоятын қуыстар жасалған; интерьерінің ортасында жазбалары бар мемориалды тақта орнатылған. Мұнда Ықылас Дүкенұлы жерленген бейіттен (Шығанақ ауылының солтүстік-шығыс жағынан 30 шақырым жердегі Шу өзенінің етегінен) бір уыс топырақ әкелініп, мемориал басына құлпытас орнатылды.

Осындай тарихи-мәдени ескерткіші бар аталмыш орында Сарысу ауданының белсенді жастары, «Жастар ресурыстық орталығының» қызметкерлері, ерікті жастармен бірге тазалық жұмыстарын белсенді түрде атқарды.

95 жылдық тарихы бар Сарысу жерінде осындай мәдени-тарихи мемориалды нысанның бары баршамызды қуантады. Тарихи жерлерді сақтау, болашақ ұрпаққа таза әрі мұра етіп жеткізу біздің замандастарымыздың міндеті деп білеміз!

Назерке Айнабекова, «Жас-тар ресурстық орталығы» КММ-нің «Ұйымдастыру және бақылау» бөлімінің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.