АУДАН ӘКІМІ С.МАМЫТОВТЫҢ АУДАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ, ЖАЗУШЫ П.ДҮЙСЕНБИННІҢ 80 ЖАС МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

0

Құрметті қонақтар!

Құрметті сарысулықтар!

Қадірменді Пернебай аға!

Кеше ғана тарихы текті бабалар заманынан тамыр тартып жатқан Сарысу ауданының 95 жылдық мерейтойын абыроймен атқардық. Сарысу ауданы − қазыналы қазақ тарихындағы талай тау тұлғалар мен қайталанбас қайраткерлердің кіндік қаны тамған құтты мекен.  Ауданның тарихын айтқанда Ж.Жабаевтың өзі бата алған төкпе ақын — Майкөт Сандыбайұлы, дала абызы, қобыз киесі — Ықылас Дүкенұлын, туған өлкеге жырдан алынбас қамалдай жауһар ескерткіш қалдырып кеткен — Мәді Шәутиев, қазақ киносының корифейі — Асанәлі Әшімов пен даңқты композитор — Илья Жақанов, бүгін сексеннің сеңгіріне келген қабырғалы қаламгер — Пернебай Дүйсенбинді ерекше атаймыз!

Еңбек Қызыл Ту орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының Гран-при иегері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Халықаралық, республикалық әдеби конкурстардың жеңімпазы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, жазушы Пернебай Дүйсенбиннің 80 жас мерейтойы құтты болсын ағайын! Ағамыздың  Сарысу тарихын тайға таңға басқандай етіп  қалдырған «Сарысунама»,  Жаңатас қаласының тарихына арналған «Жаңатас дастаны», «Ей, жезкиік, дүние-ай», «Бал дәуреннің бұлтсыз аспаны»,  «Жұмбақ жұлдыз сәулесі» тағы басқа кітаптары оқырман жүрегінен жол тауып, оң бағасын алды. Пернебай Дүйсенбиннің жазған шежіресі – қазақ тарихының бір бөлшегі, зайырлы мемлекеттің өткені мен бүгінін, болашағын, тарихы мен шежіресін, тілі мен ділін, азаттығы мен еркіндігін, халықтың бірлігі мен тәуелсіздігін шығармаларына арқау етіп келеді.

Осынау ғұмыр белесінде мағыналы өмір жолынан өтіп, кемеңгерлік пен кемелдікке жарқын көңілмен келіп отыр. Өмір жолының асқар биігі сексеннің сеңгіріне шығып отырған Пернебай Дүйсебин белгілі жазушы, журналист, ғұмырын еліміздің болашағына арнаған зиялы азамат ретінде танылды.

Пернебай Дүйсенбиннің әр шығармасында тіліміздің тереңдігін, ғажайып сұлулығын, кіршіксіз тазалығы мен мөлдірлігін жеткізе білгені оның хас талант иесі екенін дәлелдейді.

Шындық пен шынайылықты, адалдық пен ақиқатты тұғыр еткен турашыл тұлға әрдайым халықтың көңілінен шығып келеді. Біздің шағын ауданымызда осындай тұлғаның өмір сүріп, біздің зиялы қауым өкілдерінің көшін бастап жүргені үлкен қуаныш.

Құрметті Пернебай аға!

Бүгінгі мерейтойыңызда Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағыңызда береке-бірлік, ырыс-ынтымақ болуын тілеймін!

Қазақ әдебиеті жасай берсін!

Қарымды қаламгер

Құрметті аудан тұрғындары!

Қазақ руханиятының дамуына үлес қосқан талантты жазушы, жерлесіміз Пернебай ағамыз биыл 80 жасқа толып отыр, осы мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын!

Артында бай рухани мұра қалдырған бабаларымыз қашанда өнер мен әдебиетті биікке қойып, жадынан шығармаған. Өзіндік ұлттық дәстүрі қалыптасқан қазақ әдебиеті де әрқашан да құзар шыңның биігінен көрінген. Жазушылық Жаратушының таңдаулы адамдарға беретін ерекше қасиеті. Ол тәңір берген талантпен қатар тынбай ізденуді, үлкен еңбекті қажет етеді. Осындай сирек қасиеттердің бәрі Пернебай ағамыздың бойынан молынан табылды. Пернебай аға — қаламы қарымды қаламгер, балалар әдебиетін дамытушы, қылқаламды суретші, тарихшы-шежіреші. Бір басына бірнеше өнер қонған азамат.

Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі үлесі мен оны дамыту жолындағы еңбегін халқымыз лайықты бағалап, құрметке бөледі. Өңіріміздегі зиялы қауым мен оқырмандардың ағамызға құрметі ерекше. Егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, оқырманның шынайы құрметіне бөленген талантты жазушы ретінде қадірлейміз.

Шығармашылықпен риясыз айналысып, көптеген туындыларды дүниеге әкелді. Ағамыздың шығармашылығы туралы мақалалар мен талдаулар көптеген басылымдарда жарық көрді. Олардың қатарында көрнекті қаламгерлер, жазушылар Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин, Тұманбай Молдағалиев   оң бағаларын берді. Туындылар — өлеңдері, әңгімелері республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жарияланды. Ағамыздың салған суреттері Ресей және еліміздегі газеттерінде жарияланып, көпке танылды. Жеңістің 50 жылдық мерейлі мерекесіне орай «Қос Қыран. Бауыржан мен Панфилов» атты үлкен картинасы Жуалы ауданындағы батырдың мемориалдық мұражайының төрінен орын алды.

Пернебай ағаның жазған шежіресі — қазақ тарихының бір бөлшегі. Қазақ батырлары туралы да ізденіп, жүзден астам батырдың есімін жаңғыртып, жарыққа шығарды. Тарихи-танымдық, деректік, шежірелік, әдеби «Шежірелі Сарысу», «Үркердей болып көшкен жұрт…», «Сарысунама» атты тарихи деректік томдарын шығарды. «Шежірелі Сарысу» деректі фильмін дайындап, оның авторы әрі продюссері болды. Сарысу ауданының гербісінің авторы. Сарысу ауданының 90 жылдығына арналған деректі фильмді дайындады.

Ағамыздың шәкірттері бүгінде еліміздің әдебиет пен өнер саласында еңбек етіп жүр. Атап айтқанда, жазушы, журналист Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері Қали Сәрсенбай, әнші, Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, Қазақстан Републикасы Президенті сыйлығының лауреаты, мәдениет қайраткері,  философия ғылымдарының кандидаты Болатбек Төлепберген, Қазақстан Републикасы Мәдениет қайраткері Ардақ Исатаева. Пернебай ағаның еңбегін шәкірттері де ұмытпай, әлеуметтік желіде және республикалық басылымдарда ұстаздары жайлы жылы естелік жариялауда.

Пернебай аға — қарымды қаламгер, дарынды жазушы, кемел талант иесі ретінде төл әдебиетімізге сүбелі үлес қосқан жан. Мерейлі жасқа асқақ абырой, терең білім, толысқан тәжірибемен жетіп отыр. Ұзақ жылғы шығармашылық еңбегі өз жемісін беріп келеді. Ағамызға зор денсаулық, отбасына бақ-береке, ұлт руханиятына қосып жатқан қажырлы еңбегіне толағай табыс тілейміз. Әрдайым халқымыздың ыстық ықыласына бөлене берсін.

Ш.Мұсабеков,

аудандық мәслихаттың төрағасы,

Leave A Reply

Your email address will not be published.