ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНДА ӨРТТЕН АБАЙ БОЛЫҢЫЗДАР

0

Пеш алдындағы қаптаманың, пеш қабырғаларының құрылысы мен сылағының ақаулығы, тазаланбаған түтіндік, пештің жанында қойылған тез жанғыш заттар – осының бәрі күтпеген және түзетілмейтін үлкен қайғыға әкеліп соғуы мүмкін.

Әдетте, күн суытып, жылыту маусымы басталған кезде электрлік жылыту құралдары мен пештердің ақаулығы немесе оларды орнату және пайдаланудағы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылық салдарынан орын алатын өрттердің саны күрт өседі. Өкінішке орай, мұндай өрттердің нәтижелері өте қайғылы жағдайларға – адам өліміне, үлкен материалдық шығындарға әкеліп соғады. Пеш жағумен байланыс-ты өрттің шығу себептері, әдетте, түтіндіктерде жиналатын күйенің жануынан қабырғалардың қызуы нәтижесінде түтіндіктердің кірпіш қалауында пайда болатын жарықтар болып табылады. Ал бөлмелерді жылыту үшін электрлік жылыту құралдарын, сонымен қатар қолдан жасалған электрлік жылыту құралдарын пайдалану нәтижесінде электр сымдары оқшауланған жерлердің тұтануына негіз болатын электр торабына шамадан көп күш түсуіне, түйісу аумағының қатты қызуына әкеліп соғады.

Жылыту құралдары мен пештерді пайдаланудың төмендегі қарапайым ережелерін сақтай отырып, қайғылы жағдайларға жол бермеуге болады:

— жылу беру маусымы басталар алдында жылыту құралдарын тексеріп, жөндеу жұмыстарын жүргізу;

— жеке меншіктегі үйлерде жылыту кезеңінің алдында және одан кейін 3 ай сайын түтіндіктер мен мұржаларды күйеден тазарту;

— шатыр асты бөлмелердегі барлық түтін жолдары мен құбырларын жүйелі түрде тексеріп отыру қажет. Бұл күйенің нәтижесінде пайда болған күйіктер мен жарықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Оларды тез арада балшықпен сылап, құбырларды әктеу қажет;

— пештің алдындағы еденге көлемі 50х70 см қаңылтыр қағылмаған жағдайда пештің есігін ашып, оны жағуға болмайды;

— пештерді қатты қыздыруға және қатты отынмен жағылатын пештерді жағу үшін бензин, керосин, басқа да тез жанатын сұйықтықтарды пайдалануға болмайды;

— желді күні пештерді, ас үйлік ошақтарды жағу уақытша тоқтатылуы тиіс;

-жылыту пешінің жанында ағаштарды, жанғыш заттарды, тез жанғыш сұйықтықтарды сақтауға, жағылған пештерді, керосин шамдарын, керогаздарды, примустарды қараусыз қалдыруға, пештің жағылуын балаларға қарауды тапсыруға болмайды.

Егер сіз электрлік жылыту пешін пайдалансаңыз, онда оның орнатылуы мен қолданылу ережелерін білуіңіз және сақтауыңыз қажет:

— электрлі жылытқыштар тек зауытта жасалған болуы қажет. Олардың энергияны көп қажет ететін қабылдағыш екенін және үйдегі электр жүйесіне көп жүк түсіретінін естен шығармау қажет. Оқшаулаудың күйген иісі, электр сымдарының, розеткаларының қатты қызуы және олардың күюі, электр есептегіштегі  тежегіштердің үнемі күйіп немесе ажырап кетуі–үйдегі электр жүйенің шамадан тыс жүктелуінің және электр жылытқышты пайдалану қауіпті екенінің бірінші белгісі.

— электр жылытқыштарды жанғыш заттармен жабуға немесе бүркеуге, олардың үстіне кір кептіруге, оларды жанғыш заттар мен материалдардың жанына орналастыруға болмайды.

— қосылған құралдарды үнемі  бақылауда ұстау қажет, үйден кеткен кезде оларды міндетті түрде өшіру керек.

Құрметті тұрғындар! Естеріңізден шығармаңыздар! Бейқамдық және отпен абайсыздық болжап болмайтын зардаптарға айналуы мүмкін.

Өрт болған жағдайда міндетті түрде «101» немесе «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалыңыздар!

Ә.Бекенов,  

Сарысу ауданының Төтенше  жағдайлар бөлімінің аға инженері,

азаматтық қорғау аға лейтенанты

Ветеринариялық анықтама

Ветеринариялық анықтама — жануарды және жануарлардан алынатын өнім мен шикізаттың орнын ауыстыруға (тасымалдауды), союға жіберуді жүзеге асыруға беріледі.

Ветеринариялық анықтаманы 3 түрлі нысанда беріледі.

1 нысан-тірі жануарларды немесе биологиялық объектіні тасымалдауға (мал базарға, мал сою пунктілерге және т.б)

2 нысан- жануарлардан алынатын тамақ шикізаттарын тасымалдауға (сүт, ет, бал, балық, жұмыртқа және т.б)

3 нысан-жануарлардан алынатын азық-түлік қатарына жатпайтын шикізатарын тасымалдауға (тері жүн былғары, жем-шөпке) беріледі.

Ветеринариялық анықтама алу үшін жануардың, жануарлардан алынатын өнім мен шикізаттың, жем-шөптің орнын ауыстыруды (тасымалдауды) жүзеге асыратын өтініш беруші жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымның (ветеринариялық пункті) ветеринария саласындағы маманына өтінішпен жүгінеді.

Ветеринария саласындағы маман, жануардан алынатын өнім мен шикізатты қарап тексергеннен кейін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорда немесе одан алынған үзіндіде жануарлар туралы мәліметтер, ветеринариялық паспорт, сондай-ақ жүгіну сәтінде аумақтың эпизоотиялық ахуалын ескере отырып, көлік құралының ветеринариялық-санитариялық ахуалын бағалау негізінде қол қойылған және мөрмен куәландырылған ветеринариялық анықтаманы береді.

Берілген ветеринариялық анықтамалар жануарға, жануардан алынатын өнім мен шикізатқа, жемшөпке берілген ветеринариялық анықтама межелі пунктке дейін, ал жануардан алынған сүтке берілген ветеринариялық анықтама берілген сәтінен бастап бір ай ішінде жарамды.

Аудандық ветеринариялық

Станциясы

Жемқорлық әлемдік сипат алмауы тиіс

        Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып,  бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған

кеселдің бірі.

Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез-келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз керек.

Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кейбір мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.

«Әділдік жоқ жерде пара белең алады», «Дүние – байлық неге керек, денсаулығың болмаса, Төрелігін неге керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақыл сөз сот саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің де бағдары іспеттес. Шынында, біз әділ төрелік жасап, жемқорлықтан жоғары тұрған жағдайда ғана халық сеніміне ие боламыз. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Сондықтан қоғамды жегідей жеп жатқан қауіпті індетпен көп болып күресуіміз қажет. Елдегі бұл ауыр індетті жою үшін күресті өзімізден, айналамыздан бастап, нәтижеге қол жеткізуге, жемқорлықты жою үшін аянбай күресу – әрбір қазақстандық азаматтың әрі адамзаттық парызы.

 Д.Кадерқұлқызы,

аудандық соттың судьясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.