Қалдырған ізің мәңгілік

0

Бұл өмірдің мәні мен мағынасы терең білім десек, сол ілімнің алтын шамшырағы, ақжолтай тілекшісі мен бағдар беруші басты адам — ол ұстаз екені айтпаса да белгілі. Ұлтымыздың ұлы перзенті Мағжан Жұмабаев атамыз айтқандай

«Зиялы қауым өкілдері бас қосқан жерде төрдегі орын ұстаздікі» деп бекер айтпаса керек.

Төрткүл дүниенің тылсым сырларын ашып, ғылымға шексіз сапар шеккенде адастырмай жол тауып беретін мұғалімдердің шәкірттеріне берері мол. Міне, осынау жауапкершілігі мол жұмысты мойымай көтеріп жүрген білім саласының мамандарына біз әрдайым бас иеміз.

Аптаның соңғы жұмыс күнінде қаламыздағы спорт кешенінде аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу» орталығы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 5 қазан- Ұстаздар күніне орай, білім саласының қызметкерлері арасында аудандық спартакиада өткізілді. Спорттық сайысқа аудандағы барлық білім ошағындағы ұстаздар қауымы мен сала мамандары қатысты. Шараның ашылу салтанатында аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Бердібаев, №26 балалар жасөспірімдер спорт мектебінің    басшысы, ауданның Құрметті азаматы С.Ниязов, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының Сарысу аудандық комитетінің төрайымы Г.Сұлтанбекова сөз сөйлеп, барлық ұстаздар қауымын мерекемен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Спартакиадаға қатысушылар спорттың кіші футбол, волейбол, ішке кіріспек және асық ату түрлерінен сынға түсті. Тартысты өткен жарыстың нәтижесінде жеңімпаз командалар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен, медальдармен марапатталды.

Мерекелік сәт түстен кейін аудандық мәдениет үйінде «Қалдырған ізің мәңгілік» атты салтанатты жиынмен жалғасын тапты. Жиында аудан әкімі С.Мамытов құттықтау сөз сөйледі:  — Құрметті ұстаздар!

Қадірменді білім саласының қызметкерлері, ардагерлері! Баршаңызды төл мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен құттықтаймын! Мұғалімдер күні – білім саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. 2023 жылы наурыздағы Үкімет қаулысымен Мұғалімдер күні елімізде жыл сайын 5 қазанда аталып өтілетін болды.Бүгінде, мұғалім болу – мамандық болса, ұстаздық ету – қасиетке айналып отыр. Ұстаздардың шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан ол әрдайым қадірлі тұлға ретінде ерекшеленеді. Ғалым да, ақын да, дарын да, дәрігер,  кәсіпкер де ұстаз алдынан білім-тәрбие алады. Оқушылардың білімді де,  білікті азамат болып өсуі жолында әрбір мұғалімнің еңбегі жоғары. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты деген» қағида қалыптасқан, бұл білікті ұстаздарға берілген жоғары баға.

Халық санасын оятып, ағартушылық еткен жан мәртебелі саналады. Әріп танымай партаға отырған баладан білімді,  тәрбиелі азамат өсіріп шығару –  ұстаздың ғана қолынан келетін еңбек. Аудан аумағындағы  жалпы педагогтар саны­1906 болса, жоғарғы санаттағы ұстаздар – 40, бірінші санатты ­ 84, екінші санатты ­114 мұғалім қызмет етуде. Бұл жетістік – үздіксіз еңбек пен төгілген тердің шынайы нәтижесі, басқа ұстаздарымыз да ұрпақ тәрбиелеу ісінде көптеген жетістіктерге жетуде. Тәуелсіз еліміздің ертеңі білімді ұрпақ десек, оларға білім беріп, кеудеге рухани нұр құятын, құрметті ұстаздар – Сіздерсіздер! Сондықтан, білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Қымбатты ұстаздар! Ұлттық тәрбие мен заманауи білімді ұштастырып, саналы ұрпақ тәрбиелеу – Сіздерге жүктелген абыройлы міндет Сіздерге мықты денсаулық, еңбекте шығармашылық табыс, отбастарыңызға бақ — береке тілеймін. Өскелең ұрпақты оқыту  мен тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын, — деп ауданымыздың әлеуметтік- экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар мұғалімдер мен сала ардагерлерін аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады. Одан кейін  аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков ұстаздарға ізгі тілегін жеткізіп, ұстаздарға облыстық және аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырды. Сонымен қатар, ұлағатты ұстаздарға Оқу — ағарту министрлігінің, облыс әкімдігі білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары және қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісі, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары тапсырылды. Мәртебелі марапатқа қауышқан білім саласының мамандарының қуанышында шек болмады. Лайықты қошеметкеризашылықтарын білдірді. Шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән салып, мерекелік кештің сәнін кіргізсе, «Айжан қыз» бишілер ұжымы мың бұрала биледі. Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің домбырашылар ансамблі күмбірлете күй төкті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.