Сиқырлы әлемге саяхат
Балаларға ғажайып әлеммен танысып, беймәлім шаққа саяхат жасау оларға берілетін ең тәтті сыйлық. Осыған байланысты ауданымыздың 95 жылдығына орай, балаларға қуаныш әрі көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында қаламызға қыркүйек айының 29 мен қазан айының 1 күндері арнайы Мәскеуден «Diamond шапито» цирк өкілдері келді.
Үш күн қатарынан өткен шара барысында цирк өкілдері балаларға тамаша көңіл — күй ұсынып, бар өнерлерін ортаға салды. Құрамында Диана Коломанди, Ксения Колчанова, Владимир Пирогов Антон Егоров бастаған цирк қызметкерлері сапарын Солтүстік Қазақстан облысынан бастап, еліміздің түкпір-түкпірінде өнер көрсетіп келеді екен. Аталмыш цирк ұжымының директоры Диана Коломанди әр сапар барысында ыстық ықылас пен құрметке бөленіп жатқанын көріп, марқайып қалатынын айтты. Цирк барысында әртістер күрделі акробатика, көпіршік әлемі, көңілді Америка, робот — адам сынды қойылымдарын ұсынса, ортаға арнайы үйретілген сілеусін, жылан, ақылды күшік пен жанат жануарлары өз өнерлерін көрсетті. Цирктің басты кейіпкері клоун әзілге толы қимылдарымен көпшілікті күлкіге қарық қылды. Шарада балалар жылан, күшік және жанатпен естелік суретке түсіп, қолмен ұстауға мүмкіндік алды. Цирк қызметкері Антон Егоровты сұхбатқа тартқанымызда: — Біздің негізгі мақсатымыз- балаларға қуаныш сыйлау. Себебі балалардың қуанышы бізге асқан шабыт сыйлайды. Жаңатасқа келген үш күннің ішінде халық бізді жылы қабылдады. Цирк сахнасында ине шаншар орын болмады. Сапарымыздың сәті ауданның 95 жылдығымен тұспа-тұс келіп жатқанына қуаныштымын. Барша аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтаймын. Алдағы уақытта тағы да келетін боламыз,-деп ағынан жарылды. Айта кетейік, Антон қазақша таза сөйлейді екен. Бұл да тілге деген, елге деген құрметтің белгісі деп білдік. Аталмыш шараның жоғары деңгейде өтілуіне үлесін қосып жүрген «Сарысу-Аманат» қайырымдылық қоры өз кезегінде қордың атынан 150 билетті тұрмысы төмен отбасыларға және көпбалалы отбасыларға тегін таратты. Игі бастамаға белсенділік танытқан қордың бұл өнегелі ісі көпке үлгі болары анық.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»
Қаржы игеру талаптары
Сарысу ауданы әкімдігінің қаржы бөлімі коммуналдық мемлекеттік мекемесі жергілікті бюджеттің атқарылу есебі және коммуналдық меншігін басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтерді іске асырады. Сонымен қатар аудан әкімдігінің қаулысына сәйкес бірыңғай мемлекеттік сатып алудың ұйымдастырушысы болып табылады.
Мұндағы мақсат-мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру, адал бәсекелестік, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу және мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы.
Ағымдағы жылдың басынан қаржы бөлімінің тарапынан 1376,2 млн.теңгені құрайтын 109 мемлекеттік сатып алу конкурстары ұйымдастырылды. Мемлекеттік сатып алу қорытындысымен 127,0 млн.теңге үнемделді.
2023 жылдың 1 қазанға Сарысу ауданы бойынша кіріс бөлігінің жоспары 9,8 млрд.теңге болса, нақты түскені 10,6 млрд. теңге, орындалу көрсеткіші 108,0 пайызды құрады. Оның ішінде:
Бюджетке түсетін салықтық түсімдер 147,8 пайызға орындалды.
Салықтық емес түсімдер 131,6 пайызға қамтамасыз етіліп, бюджетке 7,2 млн. теңге артығымен түсті.
Негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер жоспардағы 52,6 млн. теңгенің орнына 166,7 млн. теңге түсім жасалынып, 141,0 млн.теңгеге артық орындалды.
Бюджеттің шығыс бөлігінің есепті кезеңге жоспары 9,9 млрд.теңге кассалық шығындар 9,9 млрд.теңге немесе 100,0 пайызды құрады.
Төртінші деңгейлі бюджетке тоқталсақ, Сарысу ауданы бойынша 1 қала және 9 ауылдық округтен тұрады. Салықтық түсімдердің 8 түрі, салықтық емес түсімдер 3 түрі, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер 3 түрі және шығындардың 7 бағдарламасы ауыл бюджетіне берілді. Нақтылай айтқанда, салық және салықтық емес төлемдер, яғни табыс көзінен алынбайтын жеке табыс салығы, мүлік салығы, жер салығы, көлік құралдарына салық, бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін алынатын төлемақы, сондай-ақ ауыл әкімдері салатын айыппұлдар, коммуналдық объектілерді сатудан түскен кірістер және аудандық бюджеттен берілетін трансферттер.
Е.Имашев,
Сарысу ауданы әкімдігінің қаржы бөлімі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы