Ашық есік күні өтті

0

Архив және болашақ ұрпақ. Дәл осындай атаумен апта ішінде Саудакент ауылындағы аудандық мемлекеттік  архивінде ашық есік күні өтті.

Шараға  колледж студенттері,  мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.

Алдымен архив ісінің ерекшеліктері мен  басты бағыты туралы мекеме директоры А.Үкіжанова айтып өтті.

— Бүгін ашық есік күні еліміздің барлық архивтерінде өтуде. Мұрағат ісімен өскелең ұрпақты жақыннан таныстыру, қорда сақталған түрлі материалдар арқылы олардың отансүйгіштігін арттыру, таным көкжиегін кеңейту мақсатында ұйымдастырылып отырған шара. Жалпы әлемнің әрбір мемлекетінің өркениеттік өлшемі, дамуы барлығы осы архивтермен тікелей байланысты. Өйткені жазба тарихтың барлығы осында жатыр, – деді.

Одан соң архив қызметкерлері «Архив-құнды құжаттар қоймасы» тақырыбында келушілерге экскурсия ұйымдастырса, «Аталар ерлігі мәңгілік» атты жеке тектік қорлардан көрме ұсынды.

Ашық  есік күні аясында студенттер мен мектеп оқушылары, құнды құжаттармен танысып, тарихқа терең бойлады. Көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.  Мемлекеттік архив қызметкерлері де қойылған сауалдарға жан-жақты жауап беріп, архив құжаттарының қалай сақталатынын, бүлінген құжаттар қалай қалпына келтіретіндігін көрсетті.

С.Есқараев, 

«Sarysý»

Сарысу аспаны жырєа бґленді

«Өлеңге әркімнің — ақ бар таласы» дегендей өлең өлкесіне ұмтылып, поэзияның тылсым сырларын ашу ақынға берілген басты құндылық. Ақындардың шығармашылық дарынын шыңдап, өлең өлкесіне жол сілтейтін ауқымды басқосу — мүшәйраның маңыздылығы зор.

Сәрсенбінің сәтті күні аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің қолдауымен ауданымызға 95 жыл толуына орай және мемлекеттік жастар саясатын іске асыру аясында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Сарысуым – саялы өлкем» атты облыстық мүшәйра өткізілді. Шараға Тараз қаласы, Меркі, Қордай, Шу Талас және ауданымыздан қаламы мен дарыны асқан жас ақындар қатысты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сарысу ауданының «Құрметті азаматы», ақын  Бергентай Нұрмаханұлы, журналист, сазгер Диханбай Ақділда, айтыскер ақын Талғат Құсайнов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Гұлнұр Алтынбекова, кітапхана саласының маманы Айгүл Қойлыбекова мүшәйраға қазылық етіп, ақындар өнерін бағалап отырды. Ақындар сайыста 3 кезең бойынша сынға түсті.

Ақындарды қамшылап, делебені қоздырған мүшәйраның қорытындысы бойынша бас жүлдені Шу ауданының шымыр ақыны Серік Спанәлі, 1 орынды Меркі ауданының мықты майталманы Мұқағали Балтабай, 2 орынды ауданымыздың арқалы ақыны Бекайдар Аманбаев, жүлделі 3 орынды Қордай ауданының қуатты ақыны Әділет Құттыбай иеленсе, номинациялар бойынша  Тараз қаласының ару ақыны Марал Хантөреқызы мен Талас ауданының төкпе ақыны Зере Бақтыбай жеңіп алды. Барлық қатысушыға ұйымдастырушылар тарапынан аудан әкімінің дипломдары мен бағалы сыйлықтары тапсырылды. Шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Самат Тоқбанов,

«Sarysý»

Ардагерлер жарыс жолында

1 қазан-Халықаралық қарттар күні мерекесіне және Сарысу ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай, Жаңаарық ауылдық округінің ардагерлері арасында спорт түрлерінен жарыс болып өтті.

Осы күні қалыптасқан дәстүр бойынша бүкіл әлемде Халықаралық Қарттар күні атап өтіледі. «Қарты бар елдің – қазынасы бар» демекші, мереке қарсаңында қарияларымызға қандай құрмет жасасақ та артықтық етпейді. Себебі, ардақты аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз өздерінің саналы ғұмырын, қажыр-қайратын ел игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне жұмсап, Отанға, отбасына деген адалдыққа және абыройлы болуға тәрбиелеп келеді.

Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Үлкенге құрмет көрсету» деп атап өткендей, бұл да болса үлгі тұтатын ардагерлерімізге құрмет деп білеміз.

Округ ардагерлері арасында спорттық жарыс биылғы жылы 4-ші рет өткізіліп отыр. Жарысқа тұрақты түрде ұйымшылдықпен қатысып жүрген ардагерлеріміз баршылық. Әрине, бұл біз үшін құрмет және үлгі.

Биылғы жылы  спорттың 4 түрінен жарыс ұйымдастырылды.

Бұл жарыстың мақсаты-ардагерлерді қоғамдық өмірге тарта білу, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ардагерлердің денсаулығын нығайту, округ көлемінде спортты насихаттау, спорт жүйесін дамыту, ардагерлер арасында достық пен өзара татулық қатынастарды нығайту, ауылдық округтегі ардагерлердің спортқа қатысу деңгейін 40 пайызға жеткізу болып отыр.

Біздің ардагерлер аудан, облыс ардагерлері арасында өткізіліп келе жатқан спорттық жарыстардан тыс қалған емес.

Ардагерлеріміз  аудан, облыс ардагерлері арасында спорт түрлерінен өткен жарыстарда жеңімпаздар қатарынан көрініп абыройымызды асқақтата білді. Жарыстың ашылу салтанатында   Жаңаарық ауылдық  округінің әкімі Қ.Алдабергенов, ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Бакенов, Ақтоғай ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Ш.Салықбаев және аудандық мәслихаттың депутаты О.Мұқашов ардагерлерді келе жатқан мерекелерімен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс қорытындысы бойынша шахматтан Ақділда Диханбай, дойбыдан Нұғыманов Елібай, асық атудан Салықбаев Шәді, нысана көздеуден Өскенбеков Аманкелді бірінші орын алса, екінші, үшінші орындарды  Жакипов Береке, Қасымбеков Жексен, Өтешова Айжан, Төлеуов Серік, Алиев Есенғали, Нахипов Орынбасар, Мұқашов Оңласын, Бакенов Мұрат иеленді.

Жарысқа демеуші болған Сарысу ауданының құрметті ардагері  Райымжанов Шабданбек жүлделі орын алғандарды бағалы сыйлықтарымен  және диплом, медальдармен марапаттады. Сонымен қатар, ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Р.Шүкеев,

Жаңаарық ауылдық округі әкімі

аппаратының бас маманы

Оқушылардың қуанышында шек жоқ

«Жаңатас қалалық аула клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде  жаңа оқу жылының басталуына орай  «Мектебім-мейірім мекені»  тақырыбында салтанатты жиын болып өтті.

Жиынға аула клубына қарасты  мөлтек аудандарда орналасқан топтардан азанғы ауысымнан 120 бала қатысты. Іс-шара Мемлекеттік Әнұранмен басталды.

Салтанатты жиында мекеме директоры Ақерке Досжанова сөз сөйлеп, оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады. Осы оқу жылында әр түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, шығармашылықтарын өркендете беруге жылы лебізін білдірді.

Іс-шарада кіші топтың бүлдіршіндері «Наурызым» және шет ел, «Тока» билерімен, Түктібай Мерей «Тәуелсіз елдің ұраны» әнін тамылжыта шырқап,  мерекенің көркін қыздыра түсті. Сонымен қатар, әр топтың балалары үш тілде тақпақтарын орындап, өздерінің үш тілде еркін сөйлейтіндерін білдірді. Жиын соңында балалар мен мұғалімдердің  қолдарынан шыққан туындыларынан ұйымдастырылған көрмені келген қонақтар мен оқушылар қызыға тамашалады.

«Sarysý-Aqparat»

Leave A Reply

Your email address will not be published.