Үлгілі отбасы
Отбасы – адам өмірінде кездесетін бағалы құндылықтың бірі. Жер жаһанда жанұясынан жылулық, ата-анасынан махаббат, шаңырағынан шаттық іздемейтін адам жоқ-ау, сірә? Өйткені, күрмеуге келмейтін қысқа ғұмырда көңілді көтеріп, жанды жадырататын бірден-бір орын отбасы.
Сонымен қатар отбасы – адамзат баласының қанаты қомданып, өмірге бейімделетін алғашқы баспалдағы. Жұмыр жердегі әр пенде ата-ана ақылымен болашағына бағдар жасайды, өн бойына өнеге дарытып, тәрбие мен тағылым қалыптастырады. Жайылма ауылының тұрғындары, ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен, үлгілі отбасы 57 жыл отасып, немере, шөберенің қызығын көріп отырған Амангелді Есмаханов пен Балкүл Шардарбектің өмір жолдары кейінгі жастарға үлгі-өнеге. Амангелді ата еңбек жолын Әйтеке би атындағы мектепте 1960 жылы аға пионер вожатый болып бастаған. Осы мектепте бастауыш сынып, еңбек, тарих пәндерінің мұғалімдері болып жүріп жоғарғы оқу орнын бітірді және 2005 жылға дейін осы жоғарыда аталған мектепте жұмыс істеп, зейнеткерлік демалысқа шықты. Ал Балкүл апа осы мектепті «Күміс медальмен» бітіріп, еңбек жолын осы мектепте бастады. 1967 жылдан 2007 жылға дейін үздіксіз бала тәрбиесі жұмысымен айналыс-ты. 20 жыл осы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып зейнеткерлік демалысқа шықты. Екеуі де еңбекте абыройлы болып «Қазақ халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, республикалық, облыстық деңгейдегі марапаттардан кенде болған жоқ. Бірнеше рет республикалық конференцияларға делегат болып сайланды. Амангелді ата мен Балкүл апа 3 ұл, 2 қыз өсіріп тәрбиеледі. Балаларының барлығы мектепті үздік аяқтап, ұстаздық мамандықты таңдады. Үш немере ұлдардың жолдастары да ұстаз.Атадан 17 немере, 8 шөбере бар.
Ата-аналардың арманы орындалып, атадан тараған ұрпақтар республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет етіп жатыр. Бір жарым жаста әкесінің түсін танымай қалған баладан бүгінде осыншама ұрпақ тарағанына шүкіршілік. Ауылдың қай тұрғынынан сұрасаңыз да бұл әулетті өздеріне үлгі тұтатынын мақтана айтып, келген қонаққа төрін берер, жалғыз атын сойып берер нағыз қазақи отбасы екенін шын пейілдерімен айтып береді.
«Sarysý-Aqparat»
Берекелі шаѕыраќ
Қоғамда өнегелі жолды қалыптастырып, татулық пен бірлікті ту еткен отбасылар көп. Салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды жоғалтпай, шаңыраққа береке кіргізіп жүрген «шағын мемлекеттің» бірі — 4 қыз, 4 ұлды өсіріп, олардан немере сүйіп, қызығын көріп жатқан Кеңесәлі ағамыздың әулеті.
Тоқпанов Кеңесәлі Әкімбекұлы-1958 жылы 12 шілдеде қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданына қарасты, «Шу» совхозында дүниеге келген. Жұбайы Әуілбекова Роза Қырғызәліқызы 1961 жылы 15 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, «Қолқайнар» совхозында дүниеге келген. Екеуі 1980 жылы 20 қарашада үйленіп, шаңырақ көтерді. 1990 жылы кеншілер қаласы - Жаңатас шаһарына көшіп келіп, тұрмысын моноқалада жалғастырады. Кеңесәлі ағамыз «Казфосфат» ЖШС-інде «K-70» ауыр жүк көлігінің жүргізушісі болып, Роза апамыз түрлі кәсіпкерлік нысандарда аспаз болып қызмет атқарды. Бүгінде 8 ұл-қыздан 22 немере көріп отырған үлгілі отбасының шаңырағы әрқашан шаттыққа толы. Кез-келген қонақты жылы шыраймен қарсы алып, бар тәттілерін алдына тосатын Кеңесәлі ағаның ұл-қыздары үмітін ақтаған салиқалы ұрпақ болып қалыптасып келеді. Үлкен қызы Алмагүл 4 ұлды жеткізіп отырған аяулы ана. Екінші қызы Айнұр үй шаруасындағы әйел. Ортаншы қызы Ақнұр Тараз қаласында білім ордасында бастауыш пәнінің мұғалімі болса, кенже қызы Ұлдана Тараз қаласында кәсіптік гуманитарлық колледжде мұғалім. Үлкен ұлы Мұрат Астана қаласында мемлекеттік органда жұмыс жасаса, екінші ұлы Жақсылық Ұлттық Ұлан әскери бөлімінде бөлімше бастығы қызметін атқарып жүр. Ортаншы ұлы Жамбыл той саласында қызмет жасаса, кіші ұлы Қасым-Жомарт Қарағанды қаласындағы Б.Бейсенов атындағы ішкі істер министрлігі Қарағанды академиясына өз күшімен грантқа қол жеткізіп, тергеуші мамандығы бойынша үздік білім алып жатыр. Міне, ата-ананың үміті ақталды деген осы шығар. Атпалдай ұлдары мен жандары нәзік қыздары өмірде өз орындарын тауып жатыр. Бұл отбасының бір ерекшелігі, салт-дәстүр мен ырым-тыйымдарды қатты ұстанады. Кеңес ағамыз балаларына обал, сауап, борыш деген ұғымдарды үнемі үйретіп жүреді. Тура жолдан адастырмайтын дария көл ақылшы әкенің айтқаны бұлтжытпас заң, талқыланбайтын тапсырма болып қалыптасқан.
Отандасқандарына 43 жыл болған Кеңесәлі ағамыздың әулеті ортасында сыйлы, бар білген ақылын балаларына, жастарға айтудан шаршамайды. Ендеше, осындай тірегі мықты, тілегі бір іргелі шаңырақтың берекесі арта берсін!
Самат Қуандықұлы,
«Sarysý»