Үміттің отын үрлеген
Тағдырдың тәлкегіне тап болып, ауыр сынақтарды бастан кешсе де мойымай күресе білген мүмкіндігі шектеулі жандардың жанарынан жігер мен алға ұмтылуды байқаймыз. Бүгінде оларға мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар мен қамқорлық көрсетіліп келеді. Қоғам арасында өзін еркін ұстау, адамдармен қарым- қатынас құруда ашықтық пен сезімталдықты қалыптастыра білген мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түскен. Осы орайда, Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің түкпір-түкпірінде оңалту және бейімдеу орталықтары ашылып, қызмет етуде.
30 тамыз-Конституция күнінде қаламызда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығы ашылды. Игі шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов, Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейрманов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, кәсіпорын басшылары, кәсіпкерлер және қала тұрғындары қатысты. Ашылуда сөз сөйлеген аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы барша тұрғындарды Конституция күнімен құттықтап, мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық көрсетуде мұндай игі бастамалардың маңыздылығын айтты. — Бұл орталық бүлдіршіндеріміздің өмір сүру сапасын жақсарту үшін қызмет ететін ерекше үлгідегі орталық болмақ. Осы келешек ұрпақтың ойы озық, білімі терең, тәлім-тәрбиесі жоғары болуы үшін мемлекетіміз ерекше көңіл бөлуде. Бүгінгі нысанның ашылуы соның айқын бір дәлелі.
Орталықта 2 балалар дәрігері, дефектолог, логопед, музыкант, психолог мамандары балаларға сапалы қызмет көрсетеді.
Сала мамандарының сапалы жұмысы жасөспірімдерімізді оңалтып, өз құрдастарымен тең қатарлы өмір сүруіне мүмкіндік береді деген сеніміміз мол. Себебі орталық заманауи, медициналық оңалту жабдықтарымен қамтылған. Бүгінде, 25 орындық орталыққа 23 бала тіркеліп, емдеу курстары басталды.
Осындай нысанның ауданда ашылуына қолдау көрсеткен облыс басшылығына үлкен алғыс білдіреміз!
Балаларымыздың ойы озық, білімі терең, тәлім-тәрбиесі жоғары болуына тілектеспіз,-деп, аудан әкімдігі атынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған кресло-арба сыйға тартты. Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейрманов құттықтау сөз сөйлеп, жаңадан ашылып жатқан орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков пен нысанды ашуға атсалысқандардың атынан жеке кәсіпкер Мұрат Төлепбеков жылы лебіздерін жеткізді. Жеке кәсіпкер Мұрат Төлепбеков орталықтың жұмысына қажетті құрал-жабдықтар алуға 500 мың теңге қаржылай сыйлықты орталықтың директорына тапсырды.
Ашылу салтанатының лентасын Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейрманов және аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков қиды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, аудандық мәдениет үйінің әншілері және орталықтың тәрбиеленушілері Назым Орынбасарқызы мен Қазына Мадияр ән шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Айта кету керек, балаларға қамқорлықпен қарап, сансыз сауапқа кенеліп жатқан жомарт жандар орталыққа тамшыдай болса да үлестерін қосып жатыр. Мәселен, «ЕвроХим- Тыңайтқыш» ЖШС-і құны 780 мың теңге тұратын кресло-арбадағы баланы ғимараттың бірінші қабатынан екінші қабатына көтеріп, түсіретін баспалдаққа арналған көтергіш құралын сыйға тартса, жеке кәсіпкерлер Тоқтасын Бләлиев, Талғат Наханов пен Әділбек Мейірбеков 3 кресло-арба сыйлады. Ал, ақтоғайлық жеке кәсіпкер Айдар Нұғманов тренажерлік жаттығу құралын әкелді. Ендеше, осындай атымтай жомарт азаматтар бар да орталықтың жұмысы жанданатынына сенім мол.
Самат Тоқбанов,
«Sarysý»