Жалаңдаған жаланың құрбаны болған-есіл ер…

0

Жанайдар Садуақасов-Сарысу ауданынан шыққан белгілі тұлғалардың бірі.  Жанайдар-Бәйсейіт пен Дінмұхамед (Мұқыш) Әділовтердің жақын туысы. Жағалбайлыда Алакөз  деген ата  бар.  Одан-Самырат, Байтүгел, Жантүгел,  Тоқсаба, Мама, Жадыгер тарайды. Әділовтер Байтүгелдің ұрпағы болса, Жанайдар Жантүгелдің  ұрпағы. Жантүгелден-Мәшжан, Сасық. Мәшжан бай болған. Оның төрт әйелінен  төрт бала өсіп-өрбіген.

Тұлға

Олар Қалдыбай, Серікбай, Еркебұлан, Дүйсенбай. Дүйсенбайдан Ақмахан, Жалмахан. Жалмаханнан Сәдуақас, Қожабек, Қожахмет, Керімбай, Ақсұлтан. Садуақастан Жанайдар, Сағынай, Ырзыхан, Құрман. Құрман Жезқазған облысы Жаңаарқа  ауданы  “Жеңіс” совхозында  көп жылдар бойы  кәсіподақтар комитетінің төрағасы болып қызмет істеді.

 

Жастық шаққа саяхат

Жанайдар Садуақасов-1897 жылы туған. Жастай оқыған. Әуелі Ақмола қаласындағы бастауыш класта тәрбие алып, кейін жоғарғы дәрежелі училищеге  ауысты. Оны үздік бітірісімен  Бәйсейітке ілесіп, Омбы қаласындағы гимназияға  келіп  түсті.

 

Бетбұрыс

Жанайдардың үлкен өмірге бетбұрысы  осы кезеңнен басталады. Ұлағатты адамдармен  араласып, олардан тәлім алды. Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов сияқты  біртума  адамдармен бірге жүріп, олардың  жүргізіп жүрген саясаттарына  ден қойды. Жазушы революционер Ф.А. Березовскиймен дос болып, оның үйімен жиі араласып тұрған.  Омбыда  қазақ жастарының “Бірлік” ұйымы жұмыс істейтін. Олар  патшалық  Ресейдің  отарлық  саясатына  қарсы күресті. Бұл ұйымға көбінесе Алаш  партиясының  басшылары  басшылық етті. Қазан төңкерісінен кейін “Бірлік”  ұйымындағы  жастар  екіге  бөлінді. Жанайдар  большевиктер партиясы  құрған  Кеңес өкіметін  жақтаушылар жағында болды.

 

 Чектар бүлігі

Осыдан көп  кешікпей чектар  бүлігі  басталды. Олар  Совдепті құлатып, оның  мүшелерін  жаппай ата  бастады. Ел билеу  тағына Колчак отырды да өзін “Сібірдің билеушісімін” деп жариялады. Билік қолына тиісімен  ойына келгенін істеп  бақты. Колчактың  жан түршігерлік  қыспағына  халық шыдай алмады. Жанайдар  бастаған жастар ұйымы  халықпен бірге көтеріліске қатысты. Көтеріліс қанжоса  етіп  басылды. Жанайдар бой  тасалап, елге  қашып  келді. Сөйтіп Жанайдардың  оқудағы  шағы осындай  арпалыспен өтті. Ол жас болса да  саясат ісіне  ерте  араласты.

 

Большевиктер партиясы қатарында

Ақмоланы жаудан азат етісімен Жанайдар большевиктер партиясы қатарына енді де, алғашқы  жұмысын  да  осы жерден бас-тады. Ол осында  халық соты болып сайланды. 1920 жылы  Ақмола уездік  атқару комитетінің нұсқаушысы болып, партия  жұмысына  ауысты. Одан кейін  уездік халық-ағарту бөлімінде  саяси-ағарту  жұмысын басқарды. Кешікпей оны Ақмола  уездік атқару комитетінің  жауапты хатшылығына жоғарылатып, бюро мүшесі болды.

1920 жылы  Ақмола губерниясында  шонжар  байлардың  ұйымдастыруымен  Кеңес өкіметіне қарсы күрес бұрқ ете түсті. Бұл көтерілісті басуға  халық  арасында  үгіт-насихат  жұмысын  жүргізуге Жанайдар белсене  араласып, өзін  тағы бір  қырынан танытты. Осыдан соң ол Черкасск қаласының атқару комитетінің төрағалығы  қызметіне жіберілді.

 

Қызмет баспалдағы

1922 жылы Орынбор  қаласында  Қазақ  АССР-ы Кеңесінің  III  съезі  ашылып, Жанайдар  Садуақасов  Орталық  Атқару Комитетінің  жауапты хатшылығына сайланды. 1924 жылы Адай  уездік  ревкомының  төрағалық  қызметіне  ауысты. Онда  бір жыл жұмыс істегеннен  кейін  Қазақ АССР-ы Қаржы халық  комиссарының  орынбасары болып, Қызылорда  қаласына көшіп келді. Одан кейін  1926-1927 жылдары  Сырдария губерниялық  атқару  комитетінің  төрағалық  қызметіне сайланды. Жанайдар Садуақасов партия қайда жіберсе де ол қажырлылықпен еңбек етіп, іскерлігін танытып, адал қызмет етті. 1928 жылы оны Өлкелік  партия  комитеті заң халық комиссарының  төрағасы және республика прокуроры қызметіне  ауыстырды. Ол мұнда да іскерлігін  танытты. 1929-1938 жылдар аралығында  Қазақстан  өлкелік партия комитетінде түрлі бөлімдерді басқарды. Халық басына  түскен нәубетті жылдарда  ол сол зардаптарды  жоюға белсене атсалысты.

 

Өлім мен өмір тайталасы

Бұл бір өлім мен  өмір тайталасып тұрған  заман еді.  Адамдар  аштан қырылып жатты. “Балапан-басымен, тұрымтай-тұсымен” дегендей күн туды. Біреуге біреудің  қайыры  болмады, әркім өз басын  сағаттады. Далада  көмусіз  жатқан  өліктерді  көргенде Жанайдардың  қабырғасы қайысты. Бір ауданның  мыңдаған  босқынын  ас-ауқатпен  бірдей  қамтамасыз  ету  оңай шаруа емес-тін. Әр жерден  асханалар  ұйымдастырылды.  Арбамен, түйемен  Әулие Ата қаласынан астық  тасу  қыстың  көзі  қырауда  тіпті қиындай түсті. Жанайдар аудан  басшыларының  бәрін астық  тасу, азық-түлік тарату, баспана  тауып беру ісіне жекті. Күн сайын олардан ақпарат алып отырды. Оның талай рет көз ілмей  шыққан  түндері болды.

 

Ауыл  белсенділері аянбай еңбек етті…

Осындай тынымсыз жұмыста бірқатар адамдар ширақтығымен көзге түсті. 7-ауылдан-Әлжанов Шәмшілда, Кенжебаев Әбдірахман, Сембеков Досымбек, 3-ауылдан Жұманбаев Әмірбек, Көлбаев Молдабек,  Стамбеков Төлебай, 4-ауылдан-Жақыпбеков Сердәлі, 1-2-ауылдан-Қабанбаев Оспан, Әбішев Әйнекбай, Дүйсенбаев Кәрібоздар жан аямай еңбек етті.  Ауданда  жұмыс істейтін  Мұстафаев Аужан, Тасыбаев Бедербай, Қуатбеков Мұқаш, Үсенбаев Хамза,  Жұманбаев Кемал, Әлібеков Сыздықбай, Бәкежанов Мейір көлік жинау, астық тасу, оны үлестіру, тірі қалғандарға қамқорлық жасап,  орналастыру ісін тиянақты жүргізді.

 

Ауданды құруға жан-тәнімен еңбек еткен жан  еді…

Сол кезде ауылдық кеңестің төрағасы, кейін аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болған Аужан Мұстафаев былай дейтін еді:

-Сарысу ауданының босып келген  халқын  орнықтырып, өз алдына аудан етуге  Жанайдар  Садуақасов айрықша күш салды. Ол республика басшыларына ұсыныс жасап, онысы қабылданғаннан  кейін шұғыл асығыс  түрде бәрімізді жинап алып, қай жерге  орналасатынымызды  ақылдасты. Әркім әр түрлі ұсыныс айтып жатыр.

-Қалаға жақын Аса өзені мен Билікөл маңын аудан  орталығы етсек дұрыс болар деп ойлаймын,-деді ол. -Бізге ақылдасып алу үшін біраз мұрсат беріңіз,-дедік біз.-Жарайды. Сонымен біз әрі ақылдасып, бері ақылдасып, Талас ауданы мен Созақ  ауданының  аралығындағы ен байтақ бос жатқан жерді қаладық. Жанайдар басын шайқады. -Ерік өздеріңде. Кең далаға еркін жортып үйреніп қалған қазағым-ай, қалаға жақындағыларың келмейді ғой.

 

Біздің қалағанымыз беті ашық боз дала еді…

Расында да  солай болды. Біздің ойлағанымыз-кең жайылым, беті ашық боз дала. Қалаға жақындасақ тынысымыз  тарылатындай көрдік. Сөйтіп аудан орталығы Байқадам болды да, біз  осында орнығып қалдық. Егер Жанайдар болмағанда  біз бет-бетімізбен  шілдің құмалағындай шашырап кететін едік. “Қосы ауғанның-есі  ауады” демекші ол уақытта аштықтың  қыспағына түскен елде бір жерге тұрақтау деген ой болған жоқ. Оның несін жасырамыз.

Жанайдар Садуақасов 1932 жылы күзден 1933 жылдың көктеміне дейін Байқадамда  болып, босып келген елді орналастырды. Енді қайта көшуге олардың  мүмкіндігі жоқ еді. Сондықтан, Талас ауданына қарасты  үш ауылдық кеңесті босып келген Сарысу  ауданына қосып, өз алдына аудан етті. Әуелі 39 колхоз  құрылды. Қырғыннан тірі қалған адам қолына кетпен, күрек алып, жер жыртуға жұмылды. Ашаршылықтан  қалғандар Жер-Ананың емшегін сауып, өнім алуға тырысты. Аштықтың ащы демі олардың таңдайынан кетер емес. Ертеңгі күннің қамына  әр ауыл тайлы-таяғы қалмай  кірісіп кетті. Осындай тіршілік  қарекетін  қалыптастырғаннан кейін  ғана Жанайдар астанаға оралды. Ол қайғы ойлап,  қабырғасы қайысып оралды. Босқан елдің қаншасы өліп, қаншасы қалғанын бір құдайдан басқа ешкім білмейді.

Оның өмір жолдарын толық қамтып жазу оңай шаруа емес. Біз мұнда  өзімізге анық, көзкөргендердің  жадында сақталған  тұстарын әңгімелеп отырмыз. Ол 1937 жылы 17 қыркүйекте қамаққа алынып, содан қайтып оралған жоқ. Кеңес үкіметін орнату жолындағы оның көрген қиындықтары  мен арпалыспен өткен шақтарының  бәрі зая  болды. Құмға төгілген судай сіңді де кетті. Жалаңдаған  жаланың құрбанына айналды.

“Қазақ әдебиеті” газетінің 1992 жылғы 18 қыркүйектегі санында 1938 жылы ақпан айында Алматы қаласында атылғандардың тізімін беріпті. Содан үзінді келтірейік:

“25 ақпан 1938 жыл. Алматы.

Айтуаров Бабай, Аспандияров Санжар Жапарұлы, Бөкейханов Ғабдолла-Хакім, Жұбанов Құдайберген, Есқараев Сүлеймен, Жаманмұрынов Т.Жүргенов Темірбек, Қошанбаев Хасен, Құлымбетов Ұзақбай Желдірбайұлы, Құрамысов Ізмұхан Мұқашұлы, Меңдешов Сейтқали, Молдажаров Ілияс  Ысмайылұлы, Мусин Айтмұхамед, Нұрмахамедов  Хасен, Садуақасов Жанайдар, Садықбеков Сұлтанбек, Сарымолдаев Қабылбек, Сейфуллин Сәкен (Садуақас), Сұлтанбеков Жағыпар, Сырғабеков Нұғыметолла,  Таштитов Қайсар, Тоғжанов Ғаббас Садуақасұлы, Төреғожин Зейнолла Сейітжанұлы, Төлепов Мирасбек Нұрғалиұлы, Юсупов Шәкір!… Барлығы 25 адам. Бұлардың  бәрі де Қазақ халқының бетке шығар қаймақтары еді.

1936  жылдың  наурыз айынан  1937 жылдың  сәуір  айына дейін  Қазақ ССР-ы  Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 1937 жылы сәуірден 1937 жылғы қыркүйекке дейін  Алматы облыстық партия комитетінің  және Алматы қалалық партия  комитетінің хатшысы болды.

Жанайдар Садуақасов  республика жоғарғы Кеңесінің III-IV-V-VI-VII-VIII-IX шақырылған съездерінде  атқару комитетінің  мүшесі, өлкелік және орталық партия  комитетінің мүшесі, Қазақ ССР Орталық партия комитетінің, Алматы облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болып, күнделікті күрделі мәселелерді шешуге ат салысты. Ол дала қазағының  арасынан шыққан  дарынды басшы болды.

Жанайдар Садуақасов орталық партия комитетінде істеп жүргенде  республикалық “Социалистік Қазақстан” газетіне басшылық етті.

Ол 1937 жылы қыркүйекте  қамаққа  алынып, содан қайтып оралған жоқ. 1957 жылы Жанайдар Садуақасовтың ақталу қағазы келген.

Жанайдар “Халық жауы” деген  жала жабылып ұсталған соң, іле-шала оның артынан  елдегі күнделікті шаруашылық қаракетінен басқа ісі жоқ әкесі Садуақас та құрыққа  ілінді. Ол да сол  кеткеннен біржола  қайырылмай кетті. Ол кезде кенже баласы Құрман  бір жаста еді.

 

Құрманның қуанышы

1957 жылы Жанайдардың ақталу  қағазы келгенде  Құрман 21 жаста еді. 21 жыл сынаптай  сырғып  өте шығыпты. Ағасын тірі көрмесе де  осы бір хабар бойын  сергітіп, еңсесін  бір көтеріп тастағаны рас. Оның қуанышында шек жоқ еді. Бұрын ағасын “Халық жауы” деген атақтың өзі қабырғасына  аяздай бататын еді. Енді, міне, ағасы халықтың жауы емес, халықтың бетке ұстар сүйікті ұлы екені оның төбесін көкке бір елі жеткізбегендей болды. Оны тарихтың өзі сұқты көз  жаладан ақтап алды.

Кейін ес біле бастағанда Құрман Жанайдар ағасының артында бір ұл, бір қыз қалды, деп еститін. Енді сол жеңгесі мен бауырларын іздеп табу ойынан кетпеді. Бірде Жәйремде  тұратын  Барболов Темешәлі деген ағайыны  Карлагта Жанайдардың жұбайы Елизаветаны  көргенін айтты.  Темешәлі де он жылдық кесігін  өтеген  адамның бірі. Оның айтуы бойынша Елизавета түрмеден 1949 жылы босаған. Құрманның ақыл-ойы  асыл жеңгесімен бауырларын іздеп таппай тыным табар емес. Оның құлағы түрік жүрді. Іздеу сала бастады. Республикалық  басылымдарға жазды. Нәтиже болмады.

 

Табысу

Бірде  Ұлтуған деген  құдағиы Алматы қаласына барып қайтады. Ол кісі филология ғылымының докторы Бекбергенов Мақаш деген ағайының  үйінде болғанын, оның Жанайдардың Елизавета жөнінде біраз әңгіме шерткенін айтады. Құрман бұл сөзді ести сала бір саңлау табылғандай  сезінді де, көп кешікпей Алматы қаласына Мақашты іздеп келеді.

-Елизаветамен кездескенім рас,-деді Мақаш.-Ол Ташкент қаласында  тұрады. Нақты мекен-жайын білмеймін. Өйткені, Ташкентте 1967 жылы жер сілкінуден көптеген үйлер қирап, мыңдаған  адам баспанасыз қалды емес пе? Мен кездескен кезде ол жаңа үйге орналаса қойған жоқ еді.

Құрманды  үміт  алға жетеледі. Ол Мақашқа рахметін айтып, Ташкент қаласына сапар шекті. Бірден анықтама бюросына келіп, Елизавета Александровна Садуақасованы іздетті. Тапты-ау, әйтеуір.  Бұл 1969 жыл болатын. Елизавета 67 жас-та еді. Құрман аты-жөнін  айтқаннан кейін Елизавета оған жылап көрісті. Қайнысын  жібермей екі күн мейман етті. Айтылмаған әңгіме, шертілмеген сыр қалған жоқ. Жанайдардан бір ұл, бір қыз қалғаны рас екен. Қызы Әлия  жастай қайтыс болыпты. Ұлы Рүстемді екі жасында  Сұлтанбек  Мангелдиндегі сіңлісіне  табыстапты. Ол кезде күйеу  баласы Сұлтанбек Ташкент қаласындағы политехникалық институтта  партия ұйымының хатшысы екен. Обалы нешік Рүстемді  олар өз баласындай тәрбиелеп, оқытқан, үйлендірген. Қазір Рүстем Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында тұрады. Геологиялық-барлау басқармасының бастығы. Геология-минерология  ғылымының докторы, профессор. Оның да бір ұл, бір қызы  бар.

Құрман жеңгесінен бауыры Рүстемнің  мекенжайын жазып алды. Осыдан кейін  бірін-бірі көрмеген екі  туысқан құшақтасып табысты. 1971 жылы мамыр айында Рүстем баласы Едикті ертіп, әкесінің туған жері “Жеңіс” совхозына келді. Осындағы ағайын-туыстары Жанайдар тіріліп келгендей  көріп, ұлан-асыр той жасады. Рүстем ағайындарының  ыстық  ықыласына бөленіп, бірнеше  күн аунап-қунап жатты. Ол 1993 жылы жазда 58 жасында қайтыс болды. Артында Едик  бар.

 

Елизаветаның әңгімесі

…Елизавета Александровна 1902 жылы Минск қаласында теміржолшының отбасында  туған. Кейін әкесі Орынбор қаласындағы  Ташкент  теміржол басқармасына  жұмысқа  ауысып, осында көшіп  келеді де, алты қыздың ішіндегі ең үлкені Елизаветаны гимназияға  түсіреді. Сонымен қатар  Елизавета  музыкалық  білім алған. 1918 жылы әкесі қайтыс болған соң ол  гимназияны тамамдап, жұмысқа  орналасады. Ерекше  мақсаттағы бөлімшеге  іс-жүргізуші болып жұмыс істейді.

-1922 жылы,-дейді Елизавета албырт жас шағын еске алып,-Орынбор қаласына  Мәскеу театрының артистері келіп, спектакль қойды. Сол кезде Орал қаласынан  жол-сапармен келіп  жатқан  комиссар  Горячев мені театрға шақырды. Осында мен Жанаймен  алғаш  рет кездестім.  (Ол Жанайдарды осылай атайтын). Ол кезде Жанай Қазақ АССР-ы атқару комитетінің  жауапты хатшысы болатын. Екеуміз осы спектакльде  танысып, ол мені үйге дейін  шығарып салды. Содан  бастап  Жанай  біздің  үйге жиі келетін болды. Мен оған күйсандықта классиктер-Бетховеннің, Рахманиновтың, Моцарттың шығармаларын  орындап беретінмін. Ол менің  қасымда отырып, музыканы үнсіз тыңдайтын. Жігіт маған қатты ұнады. Ақырында екеуміз бірімізді-біріміз  сүйіп қосылдық. Жанай мемлекет меншігіне алынған  саудагер Волковтың үйінде  Абдолла Асылбековпен көрші  тұрады екен. Абдолла Қазақ АССР-ы облыстық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істейтін.

Біздің үйлену  тойымыз өте қызықты өтті. Тойды ол кездегі Қазақ АССР-ы Халық  комиссарлар  кеңесінің төрағасы  Сәкен Сейфуллин басқарды. Тойға Қазақ АССР-ы  облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Коростылев, атқару комитетінің төрағасы С.Меңдешов, партия және мемлекет  қайраткерлері-А.Асылбеков, Радусь-Зенькович, Әлкей және Қаскей  Өтекиндер, Н. Нұрмақов,  А.Бочалок  сияқты  белгілі  адамдар  қатысты. Тойда орысша және  қазақша әндер шырқалды. Әсіресе, Әлкей Өтекиннің дауысы да, ән салу мәнері де басқалардан  айрықша  болды. Ол бұл тойда  бар өнерін салды. Соның бәрі  көрген түстей болды да  қалды.  Жанайдар 1929 жылы  жаңадан Қазақстанның астанасы болған Алматы қаласына көшіп келді. Елизавета Пушкин  атындағы республикалық кітапхананың  кітапты сақтау  бөлімін  басқарды. Ол әрдайым  көңілді сергек  жүретін еді. Өзі қазақша әнді жақсы айтатын. Оларды сол кездегі Қазақ ССР-ы Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы  Левон  Исаевич Мирзоян жиі шақыратын да, Елизаветаға  күйсандық ойнатып, музыка  тыңдайтын. Ол кісі қазақ мәдениетін ерекше  бағалап, құрметтейтін еді.

Жанайдардың  жеке  кітапханасы қаладағы ең  бай  кітапхананың  бірі саналатын. Ол кітапқа  өте құмар-тын. Жұмыстан кейінгі уақытының  көбін кітап  оқумен өткізетін.  Ғылымға құштарлығы соншалық бәрін білгісі келіп тұратын. Сол кездегі  өзінің  білімін  жетімсіз деп санайтын. Көркем әдеби кітаптарды  ерекше  жақсы  көретін.  Бір кітапты бастаса  оны аяқтағанша асығатын, бас алмай оқитын. Кейде тамақ  үстінде де кітабы қолынан  түспейтін. -Кітап ақылдың азығы-деп отыратын еді ол. Жанайдар Қазақ АССР-ы республикалық  партия  комитетінің  көлік  жөніндегі хатшысы болып жүргенде  жоғарғы жүйедегі математиканы  меңгеруді  алдына  мақсат етіп қойды да,  маман профессорлардан  арнайы дәріс алды. Жұмыс  аяғында үйде отырып математикамен шұғылданатын.

-Бірде,- дейді Елизавета,-Жанайға сабақ  беретін  профессор  үйден  шығып бара жатып маған  бұрылды. “ Менің  оқушым керемет зерек  адам. Ол айтқанды  тез қабылдап, тез ұғынады. Біз  қазірдің өзінде  жоғарғы жүйелі математиканың  дәрістерін тамамдап та қалдық. Мен оның соншалықты  ұғымдылығына  қайран  қаламын,-деді”.

 

Рүстем туғанда-Сәкен Сейфуллин асаба

болып еді…

1935 жылы Мамыр мерекесі қарсаңында Елизавета ұл туды. Оның шілдеханасына көп адам жиналды. Л.И. Мирзоян басқарған  партия және мемлекет басшыларымен  қатар  ақын-жазушылар, ғалымдар, мәдениет  қайраткерлері  көп  келді. Соның  бәрі Жанайдарды сыйлайтын, құрметтейтін адамдар еді. Талай-талай жақсы тілектер  айтылды. Соңында  балаға ат қою дәстүрі болды. Біреулер: “Атын Мейрам қояйық” деп ұсыныс жасады. Бұл кезде Тұрмағамбет Ізтөлин Алматыда таудың  бөктеріндегі саялы  жерге тігілген киіз үйде “Рүстем дастанды” аударып жатқан. Сәкен бұл ұсынысқа  қарсы шықты.-Осында Тұрмағамбет аға отыр.  Ол кісі шығыстың  атақты  эпосы “Рүстем дастанды” қазақшалап жүр.  Оған Левон Исаевич  барлық мүмкіндікті жасатып, тікелей  өз қамқорлығына  алып отыр. Енді  бұдан былай “Рүстем дастан да” қазақтың төл  шығармасы болады. Соның құрметі үшін  баланың атын  Рүстем қоюды  ұсынамын,-деді ол.-Дұрыс айтады!-деп бірінші болып Л.И.Мирзоян қол соқты.  Сонымен  баланың аты  Рүстем қойылды. Сол Рүстем кейін Мангелдин деген фамилияға ие  болып, 58 жасында  дүниеден өтті.

 

Жанай бауырмал, әрі меймандос еді

-Жанай әрі бауырмал, әрі меймандос еді,-Елизавета,-мен оның  ойындағысын  мүлтіксіз орындап, қазақ дәстүріне бірден  қалыптастым. Үйге мейман көп келетін. Соның бәрін қабақ шытпай қарсы алатынбыз. Әсіресе, Жанайдың қаладағы достары үйге жиі бас сұғатын. Соның ішінде жерлес болғандықтан ба, Сәкен  көп  келетін. Сырт  қараған  адамға ол менмен, тәккаппар сияқты көрінетін. Бірде  мен: “Сәкен, бір  мезгіл бетпердеңді түсіріп, өзіңнің  қандай адам екендігіңді жасырмай  көрсетіп отырсаңшы”-деп  қалжыңдадым. Сәкен шек-сілесі қата күлді де: “Келін қатырды. Мықтап қатырды. Қабылдаймын.  Қабылдамасқа шара жоқ” деп орнынан тұрып келіп арқамнан қақты. Содан  кейін күлдіргі әңгіме  айтып,  үйдің  ішін жадыратып  жіберді. Домбыраға қосылып ән  салды. Өзі сондай сері, сырбаз жігіт еді. Бірде  қызық болды.

 

 “Кушайте, Садвакас Жалмаханович, кушайте”…

Елден атам Садуақас, қайнағам Ықыш келді. Олар  семіз  бір жылқы сойып әкелді. Қазақша ет асып, біраз көршілерімізді  шақырдық.

Алдындағы тамақты атам самарқау  алып отырды. Әлде  тамақты  ұнатпай отыр ма деп қуыстандым. Атамның қасына  келдім де мен: “Кушайте, Садвакас Жалмаханович, кушайте” деппін. Отырғандар ду күлді. Атамның реңі бұзылып кетті. Не болып қалғанын, не әбестік істегенімді білмей аң-таңмын. Сөйтсем қазақта атасының, қайын жұртының атын  атамайды  екен ғой. Оны бұрын Жанай маған айтпаған. Түсінгеннен  кейін  атамнан кешірім сұрадым. “Келінде кінә жоқ. Бұрын түсіндіріп айтпаған кінә сенде” деп ол кісі Жанайға ұрсып жатыр. Бірақ, менің осы сөзім “Кушай, Жалмахан” делініп, елге мысал боп тарап кетіпті,-деп Елизавета бір  күліп алды.-Демалыс кезінде  біз Мәскеуге, Қырымдағы курорттарға  баратынбыз.  Мәскеуге  барғанда  Тұрар Рысқұлов пен Абдолла Асылбековке  соқпай өтпейтін едік. Ол кезде Абдолла Темирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясында оқитын еді. Олар сағынысып көріскендіктен бе, ұзақ әңгімелесетін. Абдолланың жұбайы Бану мен екеуміз  абысын-ажындай сырлас едік. Өзі әңгімені майын тамыза айтатын.

 

“Тығыз шаруа бар” деп шақырды

Жанай соншалықты еңбекқор-тұғын. Түн жарымы өткенше  өз бөлмесінде отырып жұмыс істейтін. Баяндамасын, сөйлейтін сөзін өзі дайындайтын. Сонымен қатар газет-журналдарға  проблемалық мақалалар жазып, күрделі ой қозғайтын. Оның үлкен арманының  бірі-Қазақстандағы Кеңес үкіметін орнату және азамат соғысы мен коллективтендіру  кезеңін қамтып кітап жазу еді. Амал не, сол арманына жете алмады.

1937 жылдың 17-ші қыркүйек айының түні еді. Әлдекім үйге телефон соғып, Жанайды “Тығыз шаруа бар” деп шақырды. Жанай машинасын алдырып, үйден асығыс шықты. Содан қайтып оралған жоқ.Сол күні біздің басымызға қара бұлт төнген еді…

Жанайдар Сәдуақасов-ірі мемлекет және қоғам қайраткері. Ол Қазақстанда   Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатынасқан қайраткер. Оның Сарысу ауданы халқын аштықтан  құтқарып, қоныстануына зор үлес қосқан жан. Ол өз алдына жеке  аудан  болып  қалыптасуына, құрылуына тікелей өзі басшылық жасап, жоғарғы орындардың алдына мәселе қойып, Сарысу халқының бір орталыққа тұрақтап, өз алдына аудан болуы-тек қана Жанайдар Сәдуақасовтың еңбегі. Сондықтан, Жанайдар Садуақасовқа қандай құрмет көрсетсек те лайықты. Республиканың гүлденіп өсуіне, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына  айырықша еңбегі сіңген адам. Әрбір сарысулықтар Жанайдар Садуақасовтың аруағы алдында қарыздар,-десек артық айтқандық емес деп ойлаймын.

Республика, облыс, аудан орталықтарында Жанайдар Садуақасовқа ескерткіштер қойып, мектеп оқулықтарына  оның есімін кіргізіп, көше аттарын берсе, мәдениет, білім нысандарына атын беруге ономастикалық комиссиялар ұсыныс беріп жатса, рес-публика, облыс, аудан жұртшылығы бұл ұсыныстарды қолдайды, деп сенім білдіруге болар деп ойлаймын. Асыл азаматтарымызды  ардақтайтын мерзімі келді, деп есептеймін.

Майлыбай СМАҒҰЛОВ,

Қазақстан Республикасы

Журналистер одағының  мүшесі

Құрмалас сөйлем

Көзден кетсе де көңілден кетпейтін Сенбин Донда ағамызды көзкөрген аудан жұртшылығы жақсы таниды. Келместің кемесіне мініп, қайтпас сапар аттанса да жарқын бейнесі ел есінде. Саналы ғұмырын, өнегелі өмірін жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған ағамыз ұстаз деген ұлы ұғымды асқақтатып, ел-жұртының құрметіне бөленді.

Жас кезімізде көзіміз көрді. Сары алтындай сабырлы, тұла бойынан кісіліктің, адамгершіліктің сан қырлы асыл қасиеттері күн нұрындай төгіліп тұратын кісі еді. Ұзақ жылдар Маятас ауылындағы Карл Маркс сегіз жылдық мектебінде директор болды. Қазіргі таңда орта мектепке айналған білім ұясы асыл ағаның атында, халық игілігінде. Анадан арда туған, жаны жайсаң ағаның көзі тірісінде бала тәрбиесіне қатысты болған оқиғаны, үзік сырлы екі әңгімені оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Түтіні түзу шыққан алтын бесік ауылда төрт түлік мал ұстамайтын отбасы жоқ. Донда ағайдың да бала-шағаның несібесі деп сары қымызды сапыртқан жылқысы, айран ұйытып, май шайқатқан сиыры, қора ішін маңырап, шуға толтырған қой-ешкілері болды. Атқан таңмен таласа тұратын ауыл адамдары арқа-жарқа аман саулықтан соң төрт түлік малдарын өріске айдайды. Кешкісін ауыл шетінен күтіп алады.

Тал-дараққа оранып, кер маралдай керілген ауылдың оңтүстік шығысында қоршалмаған қорым бар. (Қазір қоршалған) Кешке қарай өрістен қайтқан мал алдынан шыққан Донда ағай қорым ішінде асыр салып ойнап жүрген бес баланы көзі шалады. Жандарына таянып 5-сыныпта оқитын балалардың жүздерін түстеп алады. Ертесіне сынып бөлмесіне енген Донда ағай қазақ тілі пәнінен сабағын өткізуді бастайды.

-Балалар, кеше үйге қандай тапсырма бердік,-деп сауал тастайды.

-Құрмалас сөйлем,-дейді оқушылар қосарлана үн қатып.

-Қане, кім тақтаға шығып, құрмалас сөйлем құрап жазады?

Шәкірттерінің ешқайсысы белсенділік танытып, тақтаға шыға қоймайды.

-Құрмалас сөйлемді пысықтауымыз керек. Тақта алдына кімдер шығатынын өзім айтайын,-деп Донда ағай кеше кешкісін қорым ішінде ойнап жүрген бес баланың фамилиясын атайды.

Балалар тақта алдына шыққан соң ағай асықпай әрекетке кіріседі. Алдымен тақтаның бетін бормен сызып бес бөлікке бөледі. Әр шәкіртінің қолдарына бор береді де:

-Ал, қане құрмалас сөйлем құрап жазыңдар,-дейді.

Өкінішке орай бес оқушы құрмалас сөйлем құрап жаза алмай іркіліп тұрып қалады. Ағай биязы үнмен тіл қатады.

-Мен айтып тұрсам жазасыңдар ма? Келісеміз бе?

-Иә, жазамыз ағай.

-Онда бастаңдар. Кеше біз бес бала ауыл шетіндегі қорымға барып, асыр салып ойнадық. Ол жерде демалып жатқан аруақтар барын біз ойламаппыз.

Өз кінәларын түсіне қойған оқушылардың айтылған сөйлемді тақтаға жазуға қолдары бармайды.

-Неге жазбай тұрсыңдар? Жаңа келісіп едік қой,-дейді Донда ағай.

-Кешіріңіз ағай. Енді қайталамаймыз,-дейді пысықтау оқушының бірі. Жанындағы төртеуі де қоштай жөнеледі.

-Дұрыс айтасыңдар. Солай етіңдер, балалар. Қорым ішінде аруаққа айналған бабалар дамылдап жатыр. Мәңгі ұйқы құшағында жатқан бабаларға тыныштық керек. Мазалауға болмайды. Қайта қорым жаққа көз қырын салып, қамқорлық жасай жүріңдер. Ішіне мал кіріп кетсе сыртқа айдап шығуды ұмытпаңдар. Ауылдың іші мен сыртында ойнайтын жерлер көп екенін өздерің де жақсы білесіңдер. Балалар, мен дұрыс айтып тұрмын ба?

-Иә, ағай, өте дұрыс айттыңыз. Солай етеміз.

Үйге берілген құрмалас сөйлем тапсырмасы осылайша тәрбие сағатына айналыпты. Бұдан кейін мектеп оқушылары қорым жаққа аяқтарын аттап баспайтын болған екен.

 

Жәй келіп, тұрсыңдар ма?

Мұғалім апай 8-сынып бөлмесіне кірсе ер балалар жаға жыртысып, жұдырық жұмсасып жатыр екен. Қолындағы сынып журналы мен кітап, дәптерін стол үстіне қойған соң:

-Қане, ер балалар соңымнан еріңдер,-дейді.

Соңынан ілескен жеті оқушыны директордың қызмет бөлмесіне кіргізген апай:

-Ағай, мына балалар бұзықтық жасады. Сынып бөлмесінде төбелес ұйымдастырды,-дейді.

-Жарайды, сабағыңа бара бер. Бұл балалармен өзім сөйлесемін,-дейді Донда ағай.

Тәртіп бұзған балалар босағада қаз-қатар оқтау жұтқандай состиып тұрып қалады. Донда ағайдың олармен ісі болмайды. Қолындағы қаламымен ақ парақ бетіне жазуын жазып, жұмысын жалғастыра береді. Бір уақытта жез қоңыраудың сыңғыр қаққан үні естіледі. Осы кезде ғана Донда ағай шәкірттеріне күлім қаға назар аударып:

-Балалар, жәй келіп тұрсыңдар ма?-дейді.

Қырық бес минут тікесінен тік тұрып, кінәларын біліп, директордың астарлы уытты сөзін түсіне қойған оқушылар:

-Кешіріңіз, ағай. Енді тәртіп бұзбаймыз,-дейді.

-Уәде беру де жақсы қасиеттің бірі. Солай етіңдер. Мен сендерге сенемін. Ел ертеңі өздерің екені естеріңде болсын. Қазіргі мектеп қабырғасындағы  міндеттерің жақсы оқып, сапалы білім, саналы тәрбие алу. Әрқайсыңды аялап, мәпелеп өсіріп отырған ата-аналарың сендердің келешектеріңнен үміт күтіп отырғанын да біліп жүргендерің дұрыс. Сабақтарыңа бара беріңдер.

Донда ағайдың қабақ шытпай, ренішсіз айтқан жылы сөзінен кейін балалар бөлме ішінен ой үстінде жаздай жадырап шығыпты.

 

 Құдайға шүкір

Кеңесбек Төлмағанбетов ағамыз биыл 84 жаста.  Еңбегінің рахатын, бейнетінің зейнетін, үкілеп өсірген ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты абыз  атаның бірі. Үлкенге құрметі, кішіге ізеті үзілмеген, кісілігі жоқ қарапайым, сөз саптаса шешен, әңгіме шертсе шежіре, оймақтай ойын айтса турашыл ағамыз өмір-өзеннің соқпақты өткелін кешіп, әдемі қартайып келеді.

Данышпан қазақ халқының боямасыз өмірдің  шынайы шындығын дәріптеген қанатты сөздері көп қой. Қартайған кісінің үш түрі болады дейді. Біріншісі-өнегелі қария, екіншісі-қазымыр қарт, үшіншісі-беделі жоқ қыдырма шал. Көпті көріп, көненің көзі болған, қазыналы қарт Кеңесбек ағамыз бірінші айтылған өнегелі қария санатынан десек артық айтқандық болмас еді. Ат жалын тартып, азамат болғаннан табан аудармай білім саласында тер төге еңбек етті. Қатардағы мұғалімнен мектеп директоры қызметіне дейін көтеріліп, көп құрметіне бөленді. Жайылма ауылындағы Әйтеке би (бұрынғы В.И.Ленин атындағы) орта мектептің ұжымына ұзақ жылдар басшылық жасады.

Кеңес үкіметі дәуірінде коммунистік партияның солақай саясаты қасиетті дінімізге түбегейлі тосқауыл қойғаны баршаға аян. Аудандық партия комитетінің лекторлары ауыл аймақтарды ат сабылта шарлап «Дін-апиын» деп үгіт насихат жүргізген кез. Әрбір өткен алқалы жиындар «Жолдастар» деп басталып, «Жолдастар» деп аяқталатын. Орыс тілінде қысқартылған сөздер қолданысқа енген уақыт-тын. Қарапайым халық аудандық партия комитетін «райком», аудандық атқару комитетін «исполком» дей салушы еді.

Аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Шабан Базилов мектеп директорының телефонына қоңырау шалады ғой. Кеңесбек аға телефон тұтқасын қолға алып байланысқа шығады.

-Алло… алло…

-Сізді жолдас Төлмағанбетов тыңдап тұр.

-Аман-есенсіз бе? Хал-жағдайларыңыз қалай?

-Құдайға шүкір,-дейді Кеңесбек аға.

Аржақтағы дауыс ырғағы шұғыл өзгеріп, тым қатқыл шығады.

-Бұл өзі орта мектептен бе, әлде діни медресседен бе?

-Білуге болар ма екен? Бұл қай мекемеден екен?-дейді Кеңесбек аға жайбарақат үнмен.

-Райкомнан… Үшінші хатшы…

-Астапыралла, не дейді құдайым-ау. Не ойлағанын кім білсін. Телофон байланысын хатшының өзі үзіп тастайды. Сөйтіп, Кеңесбек ағамыз партия мүшесі, мектеп директоры боп тұрғанның өзінде жаратқан ие бір Алланы ауызынан тастамаған көрінеді.

 

Көсемдер де сақал қойған

Өндіріс ауылының тумасы Беркімбаев Жаманқара қария жас кезінде «Коммунар» кеңшарында бухгалтер қызметін атқарыпты. Есепшот тастарын сырғыта қаққан білгір де сауатты есепші болған екен. Жігіт ағасы жасына жеткен соң жаратқан ие бір Аллаға құлшылық етіпті.  Адал тұрып, ақ жолмен жүріпті. Өз талабымен араб жазуларын үйреніп, құран кітаптарын оқи бастайды. Ағайын, көпшілік бас қосқан отырыстарда тәлімі мен тәрбиесі мол шариғат аяттарын уағыздайды. Тыңдаған жұртты ауызына қаратады. Өсіріп, сақал қояды.

Ел құлағы елу. Ол кісінің Аллаға құлшылық еткен әрекетінен, уағыздаған шариғатынан аудандық партия комитетінің хатшылары хабардар болады. Діни көзқарастағы салаға жетекшілік ететін үшінші хатшы шұғыл шақыртып, бетпе-бет сөзге келеді.

-Ұзынқұлақтан естіп жатырмыз, Жамеке. Дін жолын ұстанып, шариғатты насихаттап жүр екенсіз. Көшбасшымыз коммунистік партияның дінге қарсы екенін өте жақсы білесіз. Бүйректен сирақ шығарып жүргеніңізді қалай түсінуге болады?

-Бәріміз де құдайдың құлы, Мұхамбет пайғамбардың үмбетіміз. Жаратушы бір Алланың бар екенін естен шығаруға, құдіретінің күшті екенін жоқ етуге болмайды. Жаманқараның аспай-саспай қайтарған жауабына тіксініп қалған хатшы келесі сұрағына көшеді.

-Өзіңіз көпшілік орын кеңшар кеңсесінде қызмет істейсіз. Үлкен-кішілі келім-кетім кісілер өте көп. Қауғадай етіп сақал қойып алыпсыз. Ұят болатынын білмей жүрсіз бе? Тездетіп алып тастаңыз.

-Сабыр сақтаңыз, хатшы жолдас. Артық айтсам айып ете көрмеңіз. Қойған сақалымның қызметке, келім-кетім кісіге еш қатысы жоқ. Сіз айтты екен деп алып тастай алмаймын. Қауғадай болса да өзім көтеріп жүрмін. Пролетариаттың көсемдері Маркс, Энгельс, Ленин де сақал қойған. Кабинетіңізде ілулі тұр ғой. Суреттеріне назар салмайсыз ба?

Хатшы өзіне қарсы қойылған сұрақтарға жауап бере алмай абдырап қалыпты. Көмекейіне құм құйылғандай күмілжи сөйлеп:

-Шығыңыз, кете беріңіз,-деген сөздерді айтуға шамасы әзер келіпті.

Бескүндік жалған дүниеден озса да бір Алланың құдіретіне, құранның шапағатына бас иген Жаманқара ағамыздан ел-жұрты еске алып айта жүретіндей осындай әңгіме қалыпты. Көзі тірісінде ауыл шетінен мешіттің іргетасын көтеруге мұрындық болады. Бұл Алла үйі бүгінде «Жаманқара мешіті» деп аталады. Мұның өзі ауыл халқының діндар кісіге көрсеткен шынайы құрметінің белгісі екені айдан анық.

Темірлан Әбілдаев,      

           ардагер журналист

Аққулардың арманы немесе әнге айналған ғұмыр

… дүниеде жалғыз қалмау екен ғой, ақкулардың, арманы…

 Осы бір әнді естімеген, әсерін сезініп көрмеген жан жоқ шығар. Жаныңды жадыратып, лирикалық әуеннің ырғағына бөлейтін баяу ән құлаққа сондай жағымды құйылады.

Осындай керемет шығарманың иесі өнер айдынында өзіндік қолтаңбасы бар Манарбек Қойшыбаев көпке танымал сазгер. Ауданымыздың 95 жылдық мерейтойына орай, біз бүгін есімі еленбей жүрген  ағамыз туралы сыр шертеміз. Жалпы, ән әлемі кез-келген көңіл — күйдің құбылысын тап басып, мазасыз ойдың бір сәт серпілуіне себеп болатын әлем. Көзге көрінбейтін тылсым күш байлап, еріксіз бойды билейтін ғажап әлемнің адамға әсері терең ғой, шіркін. Осындайда тамаша туындыларды өмірге әкеліп, өлшеусіз дүниелерді халық құлағына жеткізіп жүрген сазгерлерге қол соғып, қошемет білдіргің келеді.

Әнге қанат қосып, шабытын шырқау көкке самғатқан Манарбек Қойшыбаев 1953 жылы 11 қыркүйекте  Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент ауылында дүниеге келген. 1960 жылы «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы орыс тіліндегі білім беретін мектептің табалдырығын аттап, білім алды. 1969 жылы қартайған әке — шешесінің жағдайына қарайласып, 9 және 10 — сыныптарды «Кешкі мектепте» оқып бітірді. Жас кезінен — ақ әнге деген құмары байқалған болашақ сазгер үнді кинофильмдердегі әнші-актер «Радж Капурдың» орындаған әндерін бір естігеннен — ақ, әнін де, сөзін де тез жаттап алатын. Бала көңіл алғыр болады емес пе? Осы әндерді орысша да, қазақша да орындап жүріп 7-10 сыныптарда қазақ эстрадасы мен орыс тілінде Полат Бюль-Бюль Оглы, А.Королев, Мүслім Магомаевтің әндерін ауданның орталық клубында жастардың сұрауы бойынша кеш бата би алаңдарында орындап жүрді. Осы бір кезеңдерде — ақ ауданға, облысқа аты белгілі бола бастаған «Сарыарқа» жастар ансамблінің эстрадалық тобында Мәжит Шоқалақов, Мейрамбек Исмаилов, Рашид Қойшыбаевтармен бірге түрлі аспаптарда ойнап, өнер көрсетті. Кейін бұл ұжым 30 шақты өнерпаздармен, Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінде өнер көрсетті. Аталмыш ұжым ұлт аспаптар тобына бишілер тобымен бірге «Айгүл» ансамблінің билері мен «Дос — Мұқасан» тобының дәстүрлі әндері қосылды. Бозбала кезден бастап саз әлемінің тылсым сырларын ұққан жас талант ән жазып, оны аспаптарда орындай бас-тады. Сол кездің өзінде әндеріне «құдалыққа түсушілердің» қатары аз болмаған. Ауылдағы мәдениет клубында қызмет ете жүріп өнердің майын ішкен майталман азамат талай әншілерді тәрбиелеп, құс қанатындай баптады. Талантты шәкірттерінің бірі белгілі әнші Сәкен Майғазиев Манарбек ағаның көз алдында өсіп, жетілді. Әнге деген әуестігін байқаған ұлағатты ұстаз бала Сәкенді өзінің балаларынан кем қылмай өсіріп, шығармашылығын шыңдады. Бұл туралы әнші журналистерге берген әр сұхбатында айтып мақтанады. Сазгердің «Аққулардың арманы», «Телефоным шырылдаса сен деймін», «Шудың бойын мекендеген бір елік», «Жиен бала», «Шу еркесі», «Мойынқұмның аруы», «Нәзіктеу ме едің, жүрегім», «Қандай бақытты еді…», «Таңғажайып Таразым» атты әндерін Сәкен Майғазиев, Әйгерім Қалаубаева сынды көптеген эстрада жұлдыздары орындап жүр.

35 жыл ауылдық мәдениет клубында қалтқысыз қызмет атқарған сазгер бүгінде құрметті зейнеткер. Қолы қалт еткен шақтары арасында қолына қалам алып, поэзия әлемінен де сыр шертіп, сөздерге ән жазуды әдетке айналдырған. Ақындық қасиетті қоса дарытқан өнер иесінің жырларын оқығанда жұп-жұмыр, теп-тегіс дүниені көресің. Ағамыз өлеңді жаза отырып, оны әнге де айналдыра алады. Алдымен әннің шығатынын содан кейін оған сөз жазылатынын білсек, сөзге ән жазудың қаншалықты күрделі жұмыс екенін түсінеміз. Сан талант иесінің «Сарысудың маржан шашқан шырақтары» өлеңінде;

«Мақпал түнге алтын алқа таққан маржандардан,

Қуат берген шуағымен бар жандардан.

Шалғай жүрсем «Аман ба» деп сұраушы едім,

Туған жердің шырақтарын барғандардан.

 

Оралғанда жақындатқан жырақтарды,

Талай жандар ғашық болып сыр ақтарды.

Арман қуған үміттерге бағдаршамдай,

Сарысудың маржан шашқан шырақтары.

 

Жауап іздеп өмір қойған сұрақтарға,

Жүрсекте біз құшағымен жырақтарда.

Жүректегі жылуы үшін қарыздармыз,

Туған жерде жанып тұрған шырақтарға.

Сеніп жүріп арнап таққан тұмарыңа,

Қалып қойсаң өмір-өзен тұманында.

Адастырмас сені ешқашан туған жердің,

Шырақтары сөнбей жанып тұрғанында,» туған жерге деген сағыныш пен ыстық ілтипаттың белгісі. Осындайда «Ер туған жеріне» деген мақал еріксіз еске түседі.

Шаңырақтың ұйытқысы, әулеттің тірегі болған Манарбек ағаның жұбайы Майра Жандәулетова екеуі 3 ұл, 3 қыз тәрбиеледі. Өкінішке орай, тағдырдың сынағы болар екі ұлы мезгілсіз қайтыс болып, Алланың панасына қайтты. Тағдырдың сынағына мойымай күрескен атпалдай азаматтың көтерген ауыр жүгі де аз емес. Қалған 3 қыз, 1 ұлдан 11 немере, 2 шөбере сүйіп отыр.  Айтпақшы, асыл жары Майра өзімен түйедей құрдас.

 

«Аққулардың арманы» әнінің шығу тарихы.

Эстрада жұлдызы Сәкен Майғазиевтың орындауында бұл ән расында өз иесін тапқандай ән мен әнші бір-біріне үйлеседі. «Аққулардың арманы» әнінің мағынасында махаббатқа деген шынайы сағыныш, пәк сезімнің күйлері көрініс табады. Ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған бұл әнінің шығу тарихы тереңде жатыр. Манарбек ағаның туысы Жамбыл деген кісі шопырмен бірге отбасын көшіруге Арқадан Бетпақдалаға бет алған болатын. Жолда құдықтан су алмақ ниетте моторды ағашпен құдықтың басына қойып, суды тартып жатқан кезде шопыр мотормен бірге құдыққа түсіп кетіп сол жерде қаза табады. Құдықтағы адамды құтқаруға бекінген Жамбыл аға көлікке арқан жіпті беліне байлап алып төменге түскен екен. Алайда, бір нәрсені ол естен шығарды. Мотордан бөлінген бензин адамның өміріне қауіпті. Құдықтың бойы терең болғандықтан бөлінген улы иіс ортада қалқып тұрады. Ортасына дейін жетіп қалған Жамбыл аға иіске шыдай алмай  бірден жан тәсілім береді. Екі бірдей азамат құдықта өлі жатыр. Жамбылдың жұбайы Мираш апамыз қапелімде не істерін білмей жанұшыра жан-жаққа жүгіріп айқайлап көмек сұрайды. Техниканың тілін білмейтін Мираш апа шарасыздықтың күйін кешеді. Мидай далада тірі жан жоқ. Күн кеш болғандықтан әзиз ана бес бірдей баласын жақын маңдағы бейітке апарып тастап, үлкені 5 жастағы қызына тапсырып, «қайта ораламын, мен келгенше осында болыңдар» деп айтады да көмек сұрауға бет ауған жаққа қарай жүгіре береді. Қанша жүргені белгісіз, шаршап талықсыған ана жапан далада талықсып ұйықтап кетеді. Таң ата ұйқысынан оянған Мираш апа тағы да бас сауғалап жан — жақтан көмек сұрауға әрекет етеді. Осы кезде Арқадан Бетпаққа көшіп бара жатқан ауылдастары мұны көріп, шошып кетеді. Әйелдің өңі қуарып, бойында әл қалмаған. Жағдайды ұққан ауылдастары жалма-жан келіп құдықтан азаматтардың өлі денелерін алып шығады. Міне, мағыналы әннің қысқаша тарихы осындай еді. Арысынан айырылған ананың зарлы үні Манарбек ағаға әсер етпей қоймады. Сазгер мұңды әуенді музасына қосып, ән шығарады. Арманына жете алмаған келіншектің мұңы әнге айналып, көпшіліктің ықыласы мен шексіз махаббатына бөленді. «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта» деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай шығармашылықпен айналысып жүрген әрбір жанның көңілі нәзік ұлпа іспеттес. Кез-келген дүниені жүрегімен қабылдап, сезіне білу, оны шығармаға айналдыру да әркімге бұйыра бермейтін бақ.

Ортасына сыйлы, өнерімен елге үлгі болып жүрген абзал аға бүгінде 70 жастың төріне шығып отыр. Көргені мен түйгені көп ағаның елге әлі берері мол. Ұл -қыздары мен немере-шөберелерінің ортасында шалқып өмір сүріп жүрген өнер иесіне деген құрмет қашан да жоғалмақ емес. Жақында Созақ ауданының Құрметті азаматы атануға ұсыныс беріліп, тиісті құжаттары әзірленіп жатыр. Бұл өнерді бағалау, сазгерге деген құрмет. Манарбек ағамен сұхбаттасқанда ол кісінің бойынан қарапайымдылықтың лебі есіп тұрды. Ұрпағымен көгерген қарияның жалғыз тілегі ауданда есімі ескеріліп, еңбегі еленсе екен дейді. Ендеше, әнімен кең даланы тербеген сазымен  сан талантты ұяға ұшырған Манарбек ағаға деген ыстық ықылас арта беретініне сенім білдіреміз. Ән әлемінде самғай беріңіз, абзал аға!

Самат Тоқбанов,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.