ҚАМДАНБАСАҚ ҚАПЫ ҚАЛАМЫЗ

0

Жылыту маусымына дайындық пен зерделеу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін «Қыстың қамын жаз ойла» деген аталы сөздің астарын ұғып, қысқа сақадай сай болу қажет.

Осы орайда сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен 2023 – 2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы аудандық штабтың отырысы өтті.

Жиынға штаб мүшелері мен тиісті мекеме басшылары қатысты. Штаб отырысында, қалалық қазандықтың, Жаңатас қаласының, білім және денсаулық салаларының жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. «Ауданда 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысын зерделеу қорытындысы туралы» баяндама жасаған аудан әкімдігінің  тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Д.Шалбаев  жылыту саласының жай-күйін жеткізді. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша «Қалалық қазандықтың» 2023-2024 жылдардағы жылыту мау-сымына дайындық барысы туралы»  «Жаңатас -Су-Жылу» кәсіпорнының директоры Абуталип Абилов баяндаса, күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша «Жаңатас қаласының 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы» Жаңатас қаласының әкімі Дүйсенәлі Борсықовтың хабарламасы тыңдалды.

Үшінші мәселе бойынша «Білім саласына қатысты нысандарының 2023-2024 жылдардағы жылыту мау-сымына дайындық барысы туралы» аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлдана Кабулова баяндама жасаса, соңғы мәселе бойынша «Денсаулық сақтау саласына қатысты нысандарының 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы» аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айнұр Каликованың есебі қаралды.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы жылыту маусымына қалалық қазандықтағы негізгі қондырғыларды дайындау,  қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді жылу беру маусымына дайындау, үй ішіндегі жүйелердің жабдықтарын профилактикадан өткізу, жөндеу және ауыстыру, барлық әлеуметтік нысандардағы от жағатын қазандықтар мен ішкі жылу жүйелерін тексеру, шаю, тазалау, анықталған ақаулар мен кемшіліктерді ретке келтіру, қала мен елді мекендердегі әрбір үйлердің қатты отынға қажеттіліктерін есептеу және қатты отынмен қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.

Самат Тоқбанов,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.