Аудан құрылғанға дейінгі жылнама

0

Сарысу уезі — /орыс стансасы болатын/ патша өкіметінің ережесіне сай 1868 жылы құрылды. 1878 жылдан Атбасар уезі аталды. Атбасарда орыс стансасы  болды.

Атбасар ХVI ғасырдан белгілі жәрмеңке. Бұған саудаға Тобыл, Орынбор, Самарқан, Үргеніш, Сырдария өңірлерінен саудагерлер келетін. Жылына орта есеппен сауда айналымы 2 млн. сомға дейін жетіп отырды.

***

Саудагерлер алыс жатқан Қаратау өңірі, Мойынқұм, сондай-ақ, Бетпақ далаға, Сарысу, Талас, Шу бойларына баруға құштар болды. Олар сіріңкені «Қасиетті от» деп атап, ол үшін көшпенділерден бір немесе бірнеше қой алатын. Ал қатып қалған кәмпитті “Мұхаммедтің тұзы” деп сататын.

Ол кезде бір жылқы 30 сом, бір қой 1 сомға бағаланса, өгіз 20 сом болатын.

***

Сарысу уезінде 7 болыс ел бар. Оларда шамамен 40000 астам халық шоғырланды.

***

Сарысу уезі Ақмола облысының құрамына енді.

***

Аудан халқының енді бір бөлігі Қаратау өңіріндегі екі болыстан тұрды. Оларда 9000-ға жуық адам болды. Бұлар Шымкент уезіне қарайтын. Бағынышты орталығы Шаян ауылы еді.  Қаратау өңірінің осы жеріндегі халық патша үкіміне орай 1916 жылы Қырықбай Бейбітбаев, Дәулетияр Байшораев әскери жұмысқа шақырылды.

***

Біздің Қаратау өлкесіне орыстар 1918-1919 жылдары келіп, балық, аң, құс аулаумен шұғылдана бастады. Олар Шу, Талас, Аса өзендері бойларында болды.

***

Елге Кеңес өкіметі орнағаны жайында хабар жетіп, Ақмолада 1917 жылдың аяғында, Шымкентте осы кезде Кеңес өкіметін орнату шұғыл қолға алына бастады.

***

Сарысу жерінде алғашқы Кеңестер 1922 жылы құрыла бастады. Жеті болыс бір болыстық атқару комитеті құрылды, ең алғашқы төрағасы ақмолалық Бәйсейіт Жұманов деген кісі болды.

***

Қаратау жерінде жаңа өкімет ықпалымен 1924 жылдан  жер-жерге болыс сайлауы басталды. Сүлгетай болысында Дәулетияр Байшораев, ал Қарақойлы болысында Қырықбай Бейбітбаев болыстыққа сайланды.

***

Аудан халқының негізгі шұбырыншылыққа 1924 жылдан бастап ұшырады. Бірақ ел Сарысу, Шу бойынан, Әулиеата, Шымкент қалаларының маңайларына келіп қоныстана бастады.

***

Ауданның Қаратау өңірінде 1926 жылы алғашқы мектеп ашылды. Ол қазіргі Д.Сенбин атындағы орта мектеп, Үшбас, Саудакент, Талдыбұлақта да бастауыш мектептер жұмыс істей бастады. Елді отырықшылдыққа айналдыру мақсатында 1928 жылы Саудакент ауылына Байқадам Қашқынбаев келді. Осы кезде Саудакентте үйлер салына бастады Ірі орталықтардан қашық жатқан Саудакент өңірі Сарысу, Талас, Шу өңірлерінде жаңа өкімет саясаты кемінде 10-15 жылға кешігіп жатты. Бұл өңірлер жаңа заманды тек 1928 жылы ғана сезіне бастап еді.

АУДАН АУМАҒЫН МЕКЕН ЕТКЕН ҰРПАҚТАР ТУРАЛЫ

(этникалық шолу )

Шымырдан тараған Сүлгетай (Ақмолда) ұрпақтары туралы

Қазақтың төр шежіресі бойынша Ұлы жүздің ең қабырғалы, ең ірі тайпаларының бірі Дулаттың бір аталық тармақтарының бірі Шымырдан Шыңқожа, Бекболат, Темірболат тарайды. Сол Шыңқожадан шежіре бойынша Шілманбет, Жиенбет, Қарымбет, Мырзанбет туған. Мырзанбеттен Ақмолда, Жанмолда, Баймолда, Бекмолда, Нұрмолда дүниеге келген. Ел аузындағы дерек бойынша, Мырзанбеттің бес баласы бірдей, тал шыбықтай бой түзеп, толысып, ер жете бастайды. Бір үлкен ел жақсылары бас қосқан жиында Мырзамбеттің бірінен бірі өткен сұңғақ, бойшаң ұлдарын көрген игі жақсылардың: «Мына бесеуі бес теректей екен», — деген сөздері ел арасына тарап, содан Бестерек аталған екен. Ал ең үлкені Ақмолда ұрпақтарының Сүлгетай атанып кетуі де ел арасындағы аңыз әңгімелермен шендеседі. Ақмолда жас кезінен емшілікпен айналысып, дертті жандарға сүлік салып, емін дарытқан. Аяқ жетер жердегі кеселге шалдыққан талай жандар Ақмолда емшіден дертіне дәрі тапқан. Жалпы бір рулы елдің Сүлгетай атануын осы жаймен байланыстырады. Қазір бір-бірімен шекаралас жатқан Жамбыл облысының Сарысу ауданы мен Оңтүстік Қазақстан облысының шендескен тұстарындағы Үшбас, Маятас, Жаңатас, Түркістан, Құмкент, Сарыағаш т.б. ауылдарда Ақмолда яғни Сүлгетай ұрпақтары Қаратау өңірінде Сіргелі, Ыстының Ойық, Тілік, сондай-ақ Ошақты ағайындарымен ауылы аралас, қойы қоралас тұрып келе жатыр.

Ақмолдадан шежіре бойынша сегіз бала тарайды. Олар Ожырай, Құжығыр, Байтығай, Төртсары, Боқмұрын, Есеншора, Шелек, Көзтамғалы. Осындағы алдыңғы бес ата балалары, негізінен Жамбыл облысының Сарысу ауданында тұрса, соңғы үш ата балалары Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына қарасты Бабаата маңына топтасқан. Жалпы Сүлгетай руының ұраны «Ақмолда» болып есептеледі. Соңғы 2007 жылы шыққан Тамаша Расиловтың «Шымыр Атаның Бестерек ұрпақтары» кітабындағы деректер бойынша Ақмолданың бірінші әйелінен Бекмағанбет, Тәңірқұл, Итемген, екінші әйелінен Құжығыр, Көзтамғалы, Шелек, үшінші әйелінен Есеншора, Зәуре туады. Көрсетілген дерек бойынша Бекмағанбеттің жанама аты Ожырай да, Көзтамғалының шын аты Тұрдықұл. Тәңірқұлдан Төртсары туып, одан Ахмет, Қияс, Елес, Берді дүниеге келген. Осы төртеуі «Төртсары» деп аталып кеткен.

Осының ішінде Итемгеннен туған Байтығай мен Боқмұрын және Тәңірқұлдан туған Төртсары Ақмолданың немерелері болып келеді. Ескі қазақы дәстүр бойынша Байтығай мен Боқмұрын еншілес, Ожырай мен Төртсары еншілес, Құжығыр мен Көзтамғалы еншілес, Шелек пен Есеншора еншілес болып келеді.

Енді, осы орайда Сарысу өңірінде тұратын Сүлгетай ұрпақтарынан шыққан белгілі тұлғалар туралы аз-кем әңгіме қозғағанның артықтығы жоқ.

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, осы күнгі Қазақ Ұлттық техникалық университетінің іргетасын қаласып, алғашқы басшысы болған, Қазақстан Өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып, қанды отыз жетінің жазықсық құрбаны болған Әшір Бүркітбаев, қазақ әдебиетінің үлкен тұлғасы, «Ақбоз ат», «Кертолғау», «Күрең өзен», «Жұмбақ жан» атты тартымды шығармаларды дүниеге әкелген, қазақ күйлерінің пірлері Ықылас, Сейтек, Сүгір туралы терең толғаулы дүниелер жазған Тәкен Әлімқұлов тамаша кинорежиссер, талай халықаралық байқаулардың жүлдесін жеңіп алған, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын жеңіп алған кинорежиссер, Талас ауданының түлегі, «Отырардың күйреуі» кинофильмінің режиссері Ардақ Әмірқұлов, Халық Қаһарманы, Желтоқсан көтерілісінің жаужүрек батыры Қайрат Рысқұлбеков, көрнекті әскери қайраткерлер генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, генерал Қозыкөрпеш Кәрібозов, қазақ халқынан тұңғыш шыққан олимпиада чемпионы, грек-рим күресінің майталманы Жақсылық Үшкемпіров, жазушы, әдебиетшілер Жақсылық Сәтібеков, Яхия Шынәсілұлы, Елен Әлімжан, Сайлаубек Жұмабеков, ғылым докторлары Серікхан Абдуллаұлы, Көкіш Рысбай, Қасымбек Бейсенов, Қалимулла Бейсенов, Әуесхан Жұмабеков, Төлеген Жұмабеков, Нығметулла Киікбаев, Оңласбек Құлакеев, Сағындық Ордабеков, Мұхамедияр Орынбеков, журналистер Омаров Әділбай, Әлиев Әбдуәлі, өндіріс шаруашылық, түрлі салада көрнекті қызмет атқарған Тоққұлиев Нармахан, Байтіленов Абдолла, Күздеубаев Мейрамбек, Әліпбеков Ерболат, Төлебаев Арқабек, Әмір Азаматов, Ерімпашев Тілектес, Абайділдаев Әділ секілді азаматтар Ақмолда бабаның тікелей ұрпақтары болып табылады.

Мақала жазушы

Пернебай ДҮЙСЕНБИННІҢ

«Сарысунама» кітабынан алынды

(Жалғасы келесі сандарда)

Сарысудан шыќќан сот саласыныѕ майталманы еді

Облысымыз бен ауданымызда сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуы жолында қалтқысыз қызмет еткен жандардың бірі  Жұмажанов Ескермес Жұмажанұлы еді.

Саналы ғұмырын әділет, сот саласына арнап,  абыройлы еңбек еткен Жұмажанов Ескермес Жұмажанұлы 1936 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Коммунар ауылында туған.

Бала кезінде бүкіл елдің басына түскен ауыртпалық, Ұлы Отан соғысының қиындықтарын көппен бірге көре жүріп, еңбекпен есейді.

Ескермес аға 1956 жылы Байқадам атындағы қазақ орта мектебін бітірген соң Сарысу аудандық сотының хатшысы, 1958 – 1967 жылдары Сарысу, Талас аудандық соттарының сот орындаушысы, 1964 – 1965 жылдары Талас аудандық заң кеңесшілерінің меңгерушісі, 1965 – 1967 жылдары Талас ауданаралық прокуратурасының тергеушісі, 1967 – 1970 жылдары Сарысу аудандық кеңесі атқару комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.

Ол негізгі жұмысынан қол үзбей жүріп, Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірді.

1969 жылы қазіргі аудан орталығы Жаңатас қаласы құрылды. 1970 жылы Жаңатас қалалық халық соты құрылған кезде, Жұмажанов Ескермес аға ең алғашқы Жаңатас қалалық халық сотының төрағасы болды.

Ол Жаңатас қалалық сотының төрағасы қызметін 1986 жылға дейін 16 жыл атқарды.

1986-1996 жылдары Жамбыл облыстық Әділет басқармасында Сот жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас кеңесшісі болып қызмет етті.

1996-1998 жылдары Жамбыл облыстық Әділет басқармасының Сот орындаушылар Департаментінің директоры болып қызмет атқарды.

1998 жылдан зейнетке шыққанға дейін Жамбыл облыстық Сот әкімшілігінің кадр бөлімінің бастығы қызметін атқарды. 2004 жылы дүние салды.

Қашанда әділдіктен таймай, бар білімі мен іскерлік қабілетін, күш-жігерін халықтың заңды құқығы мен ар-намысын қорғауға арнаған Ескермес ағаның атқарған ісі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалады.

Ескермес аға сот беделі – мемлекет беделі екенін, ол беделдің жекелеген соттардың адал, әділ билігінен құралатынын жақсы білді.

Әсіресе, Жаңатас қалалық сотының төрағасы болып жүрген кезде оған өзінің үлесін қосты.

Сондықтан да ол жаны жайсаң, адал аға ретінде күні бүгінге дейін елдің есінде қалды. Жаңатас қаласының Құрметті азаматы атанды. Жұмажанов Ескермес ағаның есімі Жамбыл облысының белгілі тұлғалары туралы жазылған «Кто есть кто» кітабына енгізілген. Жамбыл облысы мен Сарысу, Талас аудандарындағы әділет, сот жүйесінің дамуына, қалыптасуына қосқан үлесін ескере отырып және республикаға танымал ағаның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Сарысу аудандық сотының алдына ағамыздың аты жазылған мемориалдық тақта немесе бюст орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Өйткені, Ескермес ағамыздың өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі екені сөзсіз.

Еңбекқор, білімді, адамгершілігі зор, парасат пайымы кең ардақты Ағаның осы қасиеттерінен бүгінгі ұрпақ үлгі алса, қатарының алды болатынына күмән жоқ.

А.Тілемісов, Сарысу ауданы

Жазғы оқылым

Аудандық орталық кітапханасында  ашық аспан аясында «Жазғы оқылым» науқаны жүріп жатыр. Жазғы оқылым уақыты  жаз айларында аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері ашық аспан астында тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Кешенді шарада аудан тарихы мен құрылуы,   жерлес    ақын жазу-шыларымыз туралы, мерейтойлар, жоспар бойынша ұйымдастырылып, тұрғындарға түрлі қызықты ойындар алаңын, караоке, кітап көрмелері, кітап инстоляцияларын, спорттық ойындар  түрлері ұсынылады. Оқырмандарымызға жазғы оқу залын ашып, түрлі мерзімді басылымдарды отырып оқуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында аптаның бейсенбісінде аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің  ұйымдастыруымен қаладағы мәдениет скверіндегі ашық аспан астында «Оқылым-өмір  бейнесі» атты жазғы оқылым кеші өтті. Аталмыш шара ауданымыздың ақын-жазушылардың шығармашылығына  бағытталды. Кешті кітапхана қызметкері Р.Қадырбекова жүргізді. Кітапхана қызметкері Л.Рахымбаева қатысушыларға жазушы Д.Шалқарбаевтың шығармашылығын  таныстырып өтті. Сонымен қатар «Өнер» бөлімінің меңгерушісі         А.Қойлыбекова жазушы, сазгер Т.Үшқоңыровтың «Періште бейне» әнін шырқады. Жазушы П.Дүйсенбиннің «Сарысунама» атты кітабына кітапхана қызметкері М.Серікбаева кеңінен тоқталып өтті. Кітапхананың кішкентай оқырманы Әзім Мұхаммед «Ұстаз» әнін орындап, көпшіліктің көңілінен шықты. Белсенді оқырман Н. Аужан, Ш.Құдайбердіұлының «Айна қойдым алдыма» өлеңін мәнерлеп оқыды. кітапхана қызметкері Ш.Қаспақова жазушы Б.Нұрмаханұлының шығармашылығын көпшілікке ұсынды. Сонымен қатар оқырман А.Серік «Оқуда озат боламын» әнін тамылжыта орындады. Кітапхана қызметкері Р. Қадырбекова көпшілік назарына «Ақылды мерген» атты сұрақ-жауап  ойынын ұйымдастырды. Көзі көрмейтін және әлсіз көретін  азаматтарға қызмет көрсететін бөлімнің меңгерушісі А.Досаева ақын А.Ыбыраевтың өмір жолы мен «Бір қыз туралы баллада» атты кітабына шолу жасап, ақынның «Таңсәрі» атты  өлеңін мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ,  кітапхана қызметкері М.Серікбаева көрермендер мен оқырмандарға арналған қызыққа толы  «Жұмбақ көрме» атты ойынын жүргізді. Кеш соңында кішкентай оқырман Р.Бекберген «Алтын бесік» әнімен қорытындылады.

Шара Дегерес және Бүркітті қалалық кітапханалары қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жазғы оқылым» жобасы  2023 жылдың » Бір ел -бір кітап «акциясы аясында «Парасат майданының жауынгері » атты әдеби портрет кешімен жалғасын тапты. Әдеби кеште кітапхана қызметкері Р.Оспанова жазушының өмірі мен шығармашылығына тоқталса, кітапхана қызметкері Г.Қошаева  «Оң қол» және «Парасат майданы» атты шығармаларынан толық мағлұмат берді. Одан кейін «Менің өлкем тұлғаларымен даңқты» атты жерлес ақын-жазушыларымыздың шығармалары, «Балаларға базарлық» кішкентай оқырмандарға ертегі кітаптар мен мерзімді басылымдар ұсынылып насихатталды. Кеште кітапхана оқырмандары белсене атсалысты. С.Мұратбековтың «Жусан иісі» повесін Бектенбай Иманғали  баяндап берді. «Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа»,»Балалық шаққа саяхат» өздерінің оқыған кітаптарының қызықты жерлерімен бөлісіп, ән мен тақпақтар жатқа айтқандарға ынталандыру сыйлықтары берілді. Ата- аналар кітапхана қызметкерлеріне жылы лебіздерін, алғыстарын  білдірді.

Сонымен қатар,  балалардың ой-өрісін, тіл байлығын, кітапқа деген қызығушылығын  ояту  мақсатында аудандық және қалалық кітапханалар қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жаз. Балалар. Кітап» жобасы аясында ашық аспан астында ақын, жазушы, философ, тарихшы Ш.Құдайбердіұлының 165 жылдығына арналған «Ұлтына ұлағат қалдырған» атты әдеби портрет және халық мұрасы ертегі, оның шығу тарихы туралы насихаттау барысында жоба аясында «Ертегілер әлемінің қызығы» атты ертегілер  әлеміне   саяхат   шарасы өтті. Сонымен қатар, Өндіріс ауылдық кітапханасында кітапхана қорындағы балалар әдебиеттерін насихаттау мақсатында ашық аспан астында «Ертегі әлемі» атты жазғы оқылым өткізілді. Шарада оқырмандар назарына қызықты оқиғаларға толы әдебиеттер, анықтамалар, ашылмалы және сөйлейтін топтастырылған кітаптар «Ертегі әлемі» атты кітап көрмесі ұсынылды. Сондай — ақ, Жаңатас қалалық балалар кітапханасында «Мен дарынды баламын» атты сайысы ұйымдастырылып, оқырмандар өздерінің ең сүйікті кітап авторының шығармасына тоқталып, өлеңдерін оқыды. Жиналған оқырманды сергіту барысында «Сұрақ бізден, жауап сізден» атты әдеби джем ойыны ойнатылды. Сазды композицияда «Мен ертегі оқимын», «Ең көңілді кітап», «Сүйікті кітаппен селфи» айдарымен жалғасын тапты. Кешенді іс — шаралар оқырмандардың кітапқа деген ықыласын арттыратынына сенім мол.

Самат Тоқбанов,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.